Сақтандыру жүйесінің тиімділігі неде?

Салауатты өмір салтын ұстанудың, дұрыс тамақтанудың, тұрақты скринингтік тексеруден өтудің денсаулық үшін маңызы зор. Сонымен қатар медициналық сақтандыру жүйесін пайдаланудың да тиімділігі мол.

Баршаға мәлім, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде Бірыңғай медициналық көмек пакетін кезең-кезеңімен енгізу басталды. Бұл – халық денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам. Аталған өзгерістер 2025 жылғы 14 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған заң негізінде жүзеге асуда. Жаңа бастама денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді нығайтып, медициналық көмектің баршаға бірдей қолжетімді болуын көздейді. Сонымен қатар жүйеге қатысушылардың ортақ жауапкершілігін арттырып, саланың ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жол ашады.

 Бірыңғай медициналық көмек пакеті – Президенттің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауымен бекітілген маңызды бастама. Ол әлемдік тәжірибелерді негізге ала отырып жасалған. Енді әртүрлі пакеттердегі қайталанатын қызметтер жойылады, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) нақты бөлінеді. Пациенттер мен дәрігерлер үшін медициналық қызметтердің тізімі айқын, түсінікті және ашық болады, яғни әр адам өзіне қажет көмек пен құқықтарын бірден көре алады. Жаңа жүйе арқылы азаматтар МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан белгілі бір медициналық көмектерді ала алады.

Бүгінде барлық азаматтарға жедел жәрдем, шұғыл медициналық көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, профилактикалық екпелер, эпидемия кезіндегі қызметтер және кейбір аурулар бойынша диспансерлік бақылау қолжетімді.

Ал МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар үшін медициналық қызмет түрлері кеңейтілген. Олар емханаларда кеңейтілген қабылдаудан өтіп, диагностикалық зерттеулер жасата алады. Сонымен қатар жоспарлы стационарлық ем, күндізгі стационар, оңалту және қалпына келтіру шаралары, жоспарлы операциялар, сондай-ақ кардиолог, эндокринолог, невропатолог сынды мамандардың емі қарастырылған.

Жаңа өзгерістер аясында әлеуметтік осал топтардың жағдайына ерекше назар аударылып отыр. Биылдан бастап әлеуметтік жағдайы төмен деңгейде деп танылған азаматтар (D және E санаттары), сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Мұндай мүмкіндікке ие болу үшін жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамту орталығына барып ресми тіркелуі тиіс. Мамандардың айтуынша, тіркелген азаматтар автоматты түрде жеңілдік санатына енгізіліп, МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебеге ие болады.

 Сонымен қатар мемлекет есебінен сақтандырылатын жеңілдік санатына балалар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, ресми тіркелген жұмыссыздар, жүкті және бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін ата-аналар, мүгедек балаға немесе І топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдар кіреді. Сондай-ақ студенттер, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы аналар («Алтын алқа», «Күміс алқа», «Аналардың даңқы» иегерлері), жұмыс істемейтін қандастар, соғыс ардагерлері, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінде және тергеу изоляторларында отырған азаматтар үшін де МӘМС жарналары мемлекет тарапынан төленеді.

 Бұл бағытта түсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Дегенмен, тұрғындардың белсенділігі әлі де төмен. Аудандық орталық аурухананың пациенттерді қолдау қызметінің меңгерушісі Гүлмира Хасанова:

–Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша түсіндіру шаралары тұрақты түрде өтуде. Алайда сақтандырылмаған азаматтар жиналыстарға көп келе бермейді. Ақпарат әлеуметтік желілерде де жарияланып жатыр. Соған қарамастан халықтың тіркелу қарқыны баяу,-дейді. Айта кетейік, егер азамат тұрақты табысы бар жұмысқа орналасса, МӘМС жүйесінде толық сақтандырылған мәртебе бірден емес, 12 ай бойы үздіксіз жарна төленгеннен кейін беріледі. Ал табысынан айырылып, уақытша жұмыссыз қалған жағдайда оның сақтандырылған мәртебесі тағы 3 ай бойы сақталады. Осы уақыт ішінде ол сақтандырылған азаматтармен бірдей медициналық көмек ала алады. Бірақ бұл мерзім өткеннен кейін жүйеге қайта қосылу үшін жарна төленбеген айлардың қарызын өтеу қажет болады.

Бұл өзгерістердің толық жүзеге асуы – елдегі әр азаматтың сапалы әрі әділ медициналық көмекке қол жеткізуіне жол ашады. Денсаулық сақтау саласында аурудың алдын алуға басымдық беріліп, халықтың саулығын сақтауға бағытталған жүйелі жұмыс күшейе түседі. Нәтижесінде, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру моделі нығайып, денсаулық саласының тұрақты дамуына берік негіз қаланары сөзсіз. 

А.Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT