Жан-жақты сараптамалардан өткізу арқылы екпе жасалынып шығарылды.
Коронавирус індеті пандемияға ұласқалы бері әлемнің зерттеуші- ғалымдары оған қарсы тұра алатын вакцина ойлап табуға кіріскен еді. Жан-жақты сараптамалардан өткізу арқылы екпе жасалынып шығарылды.
Елімізде 1 ақпаннан бастап кезең-кезеңмен вакцинациялау басталғаны баршаңызға белгілі. Ауданымызда вакцинаны ең бірінші болып аудан әкімі Халел Жамалов алды. Сондай-ақ, ең бастапқы лектің қатарында күні-түні осы дертпен бетпе-бет келетін медицина саласының мамандары екпе қабылдады.
Кейінгі кезеңде мұғалімдер, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер ерікті түрде вакцина қабылдаған еді. Сәуір айынан бастап екпе қабылдағысы келетін кез келген адам тіркелген емханасына барып алуға мүмкіндік алды.
Жаппай вакцинациялау қалай жүріп жатқанын көру мақсатында біз аудандық емханаға арнайы барып көрдік. Денсаулығына алаңдаған жандар қарасы көп екен. Аудан тұрғындарының белсенділік танытуы нәтижесінде, соңғы келген вакциналар игеріліп үлгеріпті. Осы сәтті пайдалана отырып өз еркімен екпе алушылар арасында шағын сауалнама жүргізген едік.
Ұлжан ГАБДУЛҒАЗИЕВА, қала тұрғыны:
-Мен екпе қабылдауға өзім ғана емес, екі інім – Әлібек пен Әділхан үшеуміз келдік. Денсаулығымызды тексеріп, содан соң вакцина салды. Қазір екпеден кейінгі 30 минут дәрігерлер бақылауында отырмыз. Ешқандай шағымым жоқ, өзімді жақсы сезініп отырмын.
Қанабек ДАЛБАЕВ, зейнеткер:
-Бұған дейін ауырған жоқпыз. Дегенмен «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, зайыбым екеуміз вакцина алғанымыз дұрыс деген шешім қабылдап келген жайымыз бар. Екпеден соң жағдайымыз бірқалыпты. 21 күннен кейін екінші компонентін алуға келеміз.
Сансызбай БАЙМҰРАТОВ, Жаңа Қаратон кенті әкімі:
-Өзімді және айналамдағы жандарды індеттен қорғайтын ең тиімді жол – вакцина. Сол үшін бүгін екпе алуға келдім. Қан қысымы, дене температурасы, жалпы денсаулық жағдайымды тексергеннен кейін екпе салды. Өзімді өте жақсы сезініп тұрмын.
Шынар ҚАРАБАЛИНА, №2 мектептің бастауыш сыныбы мұғалімі:
-Пандемиямен күресте вакцинаның алар орны зор. Осыны жіті түсінген мен алғашқылардың бірі болып екпе қабылдаған едім. Екінші компонентін 6 сәуір күні ектірдім, сол күні аздап дене қызуым көтерілді. Дәрігерлер осы тектес реакцияның боларын алдын ала ескертті. Қазіргі таңда жағдайым жақсы. Менің екпе салдырып, бәрі қалыпты жағдайда өткеніне көз жеткізген жолдасым да вакцина қабылдады.
Марат ҚАБИДЕНОВ, Майкөмген ауылдық округі әкімі:
-Атырау облысы 3 аптадан бері «қызыл аймақта» екенін білесіздер. Вакцина ектіру арқылы ғана індетке төтеп беретінімді ұғындым. Сол үшін екпе қабылдаймын деп шешім қабылдадым. Екпеден соң жарты сағат дәрігерлер бақылауында болдым. Ауырсыну болған жоқ, ақ халатты абзал жандарға мың алғыс.
Ж.ЖЕТКІЗГЕНҚЫЗЫ
Суреттер автордікі