«ӘР СӘБИДІ ӨЗ БАЛАМДАЙ КӨРЕМІН»

Алғаш рет ана атанған мен тәжірибемнің жоқтығынан қобалжып, перзентханадан үйге келгеннен кейін жылаған балаға қарап, жанымды қоярға жер таппай жүрмін. Дәл сол күні белгісіз нөмірден бір әйел адам ұялы телефоныма қоңырау шалып: «Біз сіз тұратын учаскенің дәрігері мен медбикесі едік. Қазір барып, өзіңіз бен баланы тексеріп кетеміз» дегені. Перзентханадан шыққанымыз қазір ғана еді, қайдан біліп қойды екен үйде екенімізді деп, ішімнен бір жағынан қуанып тұрмын. Өйткені, бала мазасыз күйде болатын. Әп-сәтте медицина мамандары келіп, өздерін таныстырып жатыр. Қолымдағы бөбекке мейіріммен қараған медбикеге жүрегім жылып сала берді. Өзі де күн сияқты жарқыраған сары келіншектің есімі – Жазира Рысбаева екен.

Сөйтсем, кейін білгенімдей, оны учаскедегі барлық тұрғын жақсы көретін болып шықты. Өмірге келген әр баланың өміріне бей-жай қарамай, өз баласындай жақсы көре алатын медбикелердің барына қуандым. Расында да, үнемі телефон арқылы байланысып, әр анаға дәрігерлік тексерістен баласын қай күні, қай сағатта алып келуі керектігін ескертіп қана қоймай, сәбиі сәл ауырса, сол сәтте үйіне шауып баратын Жазирадай медицина маманының адал қызметі көпке үлгі боларлық. Сондықтан біз осындай қызығынан қиындығы басым мамандықты меңгеріп, кәсібін абыроймен атқарып жүрген кейіпкеріміз туралы қалам тербегенді жөн санадық.

Жазира Рысбаева Атырау медициналық колледжінде білім алған. Алғашқы еңбек жолын аудандық емхананың хирургия бөлімінен бастап, онда табандай 10 жыл кызмет атқарады. 2012 жылы аудандық орталық аурухананың күндізгі бөліміне ауысып, осы уақытқа дейін балалар медбикесі болып жұмыс жасауда.

Біздің кейіпкеріміз өзінің сүйікті мамандығымен қатар, отбасылық өмірді де назардан тыс қалдырған емес. Дүниеге 6 перзент әкеліп, отағасы Қайыржан Тұрғалиев екеуі бақытты ғұмыр кешуде. Үйдегі отағасы зайыбының мамандығының күрделі екеніне түсіністікпен қарап, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Қазіргі таңда бала күтімімен үйде отырған Жазира өз мамандығы туралы былай дейді.

-Өзім баланы қатты жақсы көремін. Өмірге келген әр бала үшін қуанып, олардың аман-есен өсіп, жетіліп кетуін шын жүрегіммен тілеп отырамын. Әрине, біз қарайтын учаскенің тұрғындары көп болды. Сәйкесінше, қарайтын бүлдіршіндеріміз де жетерлік. Бала болғасын кішкентайында ауырып қала береді ғой. Әр сәби ауырған сайын олардың аналарының уайымдауы қалыпты жағдай. Сондай кезде күн демей, түн демей телефонымызға хабарласып, жағдайды айтып жатады. Біз де кері байланыс жасап, сауығып кеткенше жанымыз жай таппай, бақылауда ұстап тұрамыз. Тіпті өзіме ұқсайтын ірілеу, томпақ бөбекті "менің балам" деп атайтынмын. Әрине, бәрі де өз баламдай болатын,-дейді мәз болып.

Ол 12 жылдың ішінде жаңа туған нәрестелермен жұмыс істеудің, оларға күтім жасаудың қыр-сырын терең меңгерді. Тіпті жаңа туған шарананы тексеруге келгенде киіміне дейін ауыстырып беріп, еркелете жөнелетін сүйкімді әдетін бәрі жақсы көреді. Бәрінен бұрын оның жас аналарға ақылын айтып, бала ауырып тұрған кезде моральдық тұрғыдан қолдау көрсетуі үлкен жүректіліктің белгісі екені сөзсіз.

-Әр мамандықтың жақсы және өз қиыншылығы да бар, әсіресе, адамдармен жұмыс істеу әлсіздерге арналмаған. Дегенмен, мен әрқашан өз таңдауыма сенімді болдым. Ең бастысы – адамдарға шынымен көмектесу! Бала кезімнен адамдарға, әсіресе, қиын жағдайға тап болған адамдарға бақыт пен пайда, көмек беруді армандайтынмын. Өз мамандығыңды игеріп, өз ісіңнің жемісін көргенге не жетсін?! Осы уақытқа дейін қызмет барысында небір қызық та қиын сәттерді басы- мыздан өткіздік. Балалармен жұмыс істейтін болғандықтан, бұл жерде, ең бастысы, ептілік, мейірімділік, жанашырлық қажет. Себебі, балалар – біздің болашағымыз ғой, - дейді.

-Көктемгі су тасқынында біз қарайтын 4-учаске, «Автожолшылар» ықшамауданын да су басты. Кішкентайыммен декреттік демалыста отырған кезім еді. Сонда да сол су басқан үйлердегі балаларды ойлап, «Күн суықта қайда барды екен, ауырып қалған жоқ па екен?» деген уайыммен болдым. Ал қазір сол ықшамаудандағы біз талай аралап, балаларды тексеру үшін емін-еркін кіріп баратын үйлердің қаңырап тұрғанын көріп, көзіме жас алғанмын. Әйтеуір, жеріміз аман, балаларымыздың денсаулығы мықты болсыншы,-дейді шын жүрегімен жаны ашып.

Расында, әріптестерінің арасында беделді, тәжірибесі мол, бөлімге келген әрбір ана мен баланың жағдайына жанашырлықпен қарайтын, мамандығының нағыз иесі Жазира Рысбаеваны алғаш көргенде-ақ балалар медбикесі болу үшін жаралған ба деп ойлап қаласың. Оның бойындағы қызметіне деген адалдығы өзге ақ халатты жандарға, әсіресе, жастарға, енді-енді медицина мамандығына аяқ басқан түлектерге үлгі-өнеге болса екен дейміз.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT