Премьер елдегі эпидахуал туралы: Қажет болса, жылжымалы бригада ұйымдастырыңыздар

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық бақылауды тұрақтандыру бағытындағы шаралар қабылдауды тапсырды.

— Көріп отырғанымыздай, вирустық аурулардың маусымы басталды. Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп көмекке жүгінген азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын бақылауға алуды тапсырамын. Қажет болған жағдайда стационарларда қосымша орындар ашып, жылжымалы мобильді бригадаларды ұйымдастыру қажет, — деді ол.
Үкімет басшысы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін ерекше назарға алу қажеттігін ескертті.

— Барлық дәріханаларда вирусқа қарсы препараттар жеткілікті болуы тиіс. Сондай-ақ, вирустық аурулардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Ақмарал Шәріпбайқызы, жағдайды тұрақты жеке бақылауға алыңыз, — деді Олжас Бектенов.
Еске салсақ, Павлодарда балалар арасында вирусты инфекция өршіп, аурухана науқастарға толып қалған. Өңірлік балалар ауруханасының дәрігерлері күніне шамамен 100-120 баланы қабылдап жатқандарын айтады.

Сонымен қатар Қарағанды облысында маусымдық жұқпалы аурулар өсім көрсетіп, сырқаттанғандардың басым бөлігін балалар құрап отыр.

Дегенмен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әсел Қыдырәлиева елімізде жаңа тұмау штамы тарап жатқан жоқ, эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT