Жаздағы жағдайдан сабақ алсақ игі

Жаздағы жағдайдан сабақ алсақ игі

Жылыойлық дәрігер К.Тағамбаевамен сұхбат

Қоғам ішінде күз айларында коронавирус инфекциясының екінші толқыны басталады деген көптеген болжамдар таралуда. Тіпті, ғаламтор кеңістігінде, қарапайым халық арасында да індеттің келесі кезеңінде ковидпен балалар көптеп ауырады деген қауесет те жоқ емес. Осыған орай аудандық орталық аурухана директорының ана мен бала ісі жөніндегі орынбасары, білікті дәрігер Тағамбаева Клара Ярқызы коронавирус жайлы бірнеше ақпаратпен бөлісті.

-Коронавирус инфекциясы күзде қайта басталып, ең әуелі кішкентай балалар мен сәбилер зардап шегеді деген алып-қашпа әңгіме қоғам арасында өршіп тұр. Тәжірибелі дәрігер маман ретінде бұған берер жауабыңыз қандай?

-Күз басталысымен ауа райының өзгеріп, күннің біртіндеп суытатыны белгілі. Жылда бұл уақыттарда балалар арасында түрлі вирустар асқынып кетеді. Жаңа туылған сәбилер де үйіне шығар-шықпаста, бір аптаның ішінде суықтап, пневмонияға шалдығып, ауруханаға қайта түсіп жатады. Баланың дүниеге келісімен жасалатын шілдехана, бесік той сынды қазақ халқында әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер жетерлік. Көп жағдайда анасы қонақ күтімімен жүрген кезде бала денсаулығын жіті қадағалауға уақыты болмайды. Қырық күн өткенге дейін де сәби буыны қатайып, бұғанасы бекімей ауру жұқтырғыш болып келеді. Міне, осындай жауапсыздықтың кесірінен балалар арасында ротавирус, тұмау инфекциялары өршиді. Бір қызығы енгізілген шектеу шараларының оң әсерінен болар, былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл сәбилер ауруы төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. Салқын күндері иммунитеттің әлсіздігінен адамдар ауруға жиі шалдығады. Сондықтан өзге вирустармен бірге коронавирустың да ауқымы ұлғайып кете ме деген қауіптің бар екендігі жасырын емес. Қазіргі таңда көршілес Ресей мемлекеттерінде ауру қайтадан бой көтеріп жатыр. Шекара асып елімізге келетіндер қаншама? Осындайда сақтық шараларына берік болмасақ, бізде де науқастар саны өсіп кетуі әбден мүмкін. Қант диабеті, қан қысымы бар адамдарда ауру белгілері қайталануы ықтимал. Дегенмен, өткен жолғыдай аса қиындық тудырмай, жеңіл түрде өтеді деген сеніміміз басым.

-Жаз айларында жергілікті тұрғындар арасында жағдай айтарлықтай күрделенді. Сол қиын шақта індеттен зардап шеккен науқастардың нақты саны қанша болды?

-Маусым-тамыз айларының аралығы біз үшін өте күрделі кезең болды. Науқастармен қатар, дәрігерлер де бірдей ауырып, маман тапшылығы білінді. Бір жағынан, адамдар арасында бірінші рет кездескен ауру болған соң абдырап қалғанымыз рас. Соның ішінде шілде айындағы ахуал естен кетпестей. Аурудың алғашқы кезеңінде алынған сынамалардың нәтижесінде, аудан бойынша ауру жұқтырған науқастар саны 1080 адамға жетті. Оның 52-сі індет жұқтырып, қайтыс болды. Мұның басты себебі де, карантин режимін қатаң сақтамай, қонақ күтіп, адамдар жиі шоғырланған жерге аяқ басуымыздан болып отыр ғой. Жергілікті халықтың ойында «ауру жоқ, бәрі жалған» деген бір ғана қате түсінік қалыптасты. Сенбестіктің ақыры қандай оқиғаларға алып келгеніне бүгінде барша халық куә болып отырмыз. Біреу анасынан, біреу жолдасынан, енді біреу отбасын асырап отырған қамқоршысынан айрылып, трагедиялық жағдайды бастан кешірдік. Болашақта осының алдын алу үшін біз жұмыстанып жатырмыз.

-Екінші толқын келе қалған жағдайда, оған дайындық ретінде қандай шаралар қолға алынып жатыр? Жаздағы туындаған қиыншылықтар осы жолы да қайталанып жүрмей ме?

-Жаңа ғана айтып өткенімдей, бұрын-соңды «Ковид-19» атауы бізге таңсық болғандықтан, онымен күресудің жолдарын білмедік. Біздің ауданда ғана емес, мұндай қиындыққа жер жүзіндегі барша елдің медицинасы тап келді. Дәрі-дәрмек, қорғаныш құралдары, оттегі аппараттары жетіспеді. Ауруханаларда жатар орын болмады. Мүлде басқа нысандарды тез арада жасақтап, халықтың денсаулығына араша түсуді ойлап, тығырықтан шығудың жолдарын қарастырумен әлек болдық. Алдағы уақытта орын алуы мүмкін деген індет толқыны келген кезге қарсы тұрар бес қаруымызды сайлап, дайын отырмыз. Бастапқы кезеңге дәрі қоры жеткілікті, жуық арада заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған 200 орындық инфекциялық стационар ашылады деп күтілуде. Оның ішінде де арнайы оттегі цехы бар. Сонымен қатар, 40 орындық карантиндік стационар іске қосылады. Қазіргі ауруханамыз ескі әрі тар болғандықтан 75 орындық аурухана құрылысы бой көтеруде. Дезинфекция шаралары да уақытылы жүріп тұрады.

-Індет саябырсыған соң, тұрғындар өткен күндерді естен шығарып, қонақжайлықты қайта қолға алған сыңайлы. Төнген қауіптің үрейінен әлі арыла алмаған біздер үшін арқаны кеңге салу дұрыс па?

- Әрине, дұрыс емес. Індеттің қоғам арасында белең алуына, міне, осындай салғырттық себеп болады. Жақында базар маңындағы бір азық-түлік дүкеніне бас сұққанмын. Адамдар топталып, иін тіресіп тұр. Ол жерде ешқандай сақтық шаралары сақталмаған. Масканы құлақтарына іліп, ауыздан төмен иекке түсіріп қойғандар көп. Тұтынушылар ең ақыры қарапайым бетперде тағудың заңдылығын ескермей тұр. Бірінше кезекте мұрын қымталуы керек. Ескерту беріп те шаршайсың. Әр адам саналы азамат ретінде өз денсаулығына өзі жауаптылық танытуы керек деп ойлаймын. Ахуал тұрақтала салысымен, расында босаңсып кеткен сыңайлымыз. Қонақжайлылықты әзірге қысқарту керек.

-Ауруханаға аяқ баспай, үй жағдайында емделгендер де болды. Індеттен сақтанудың жолдарын, оқырмандармен бөлісіп, халыққа кеңес бере кетсеңіз.

-Иә, ауруханаға тіркелмей, «Жедел жәрдем» шақырмай-ақ үйден емделіп, ауруын асқындырып алған науқастар бізге көптеп келді. Өз бетімен антибиотиктер қабылдап, өзімбілемдікке салынып, қолдан жағдайды ушықтырды. Дәрігердің кеңесінсіз бірде-бір дәріні өздігінен қабылдауға болмайды. Әлсіздік, тершеңдік, бас ауруы пайда болып, белгілері біліне бастаған сәттен-ақ медицина мамандарының көмегіне жедел түрде жүгіну керек. Біздің жергілікті халықтың түсінігі сондай ма, білмеймін, соңғы демі таусылар сәтте ғана емханаға келеді де, келеңсіз жағдай орын алса дәрігерлерді кінәлап шығады. Біз қолымыздан келген көмектің бәрін де науқастардан аяп қалған жоқпыз. Ендігі міндет - сақтық шараларын ұстанып, үйде болу.

Сұхбаттасқан:

Шаттық Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521