Мақаламыздың тақырыбын осылай айқайлатып қойғымыз келді. Себебі болған оқиға туралы және жылойлық дәрігерлердің жанкешті еңбегін сипаттап беру үшін бұдан басқа ат қою да мүмкін емес. 15 қыркүйек күні әкеміз Түрікменбай Қизатов ауыр инфаркт алып, құлап қалған.
"Жедел жәрдем" сол жерде көмек көрсеткенмен жүрек соғуын тоқтатады. Ауруханаға жеткізген бойда реаниматолог- анестезиолог Абай Ұзақбайұлы атты жас дәрігер жанталасып өлім аузындағы адамды құтқаруға кірісті. Табан астында шешім қабылдап, ине шаншып, басқа да дәрігерлік амалдар жасаудың арқасында тоқтап қалған жүрек қайтадан соқты. Бұл кезде реанимация бөлімшесі жанталас үстінде еді. Жас дәрігердің епті қимылы мен білімі арқасында о дүниеге кетіп бара жатқан адамды ажал аузынан құтқарып, бұл дүниеге алып қалды. Жүрек қайтадан соқты. Бірақ науқас З дәрежелі комаға түсті. Бұл өте ауыр кома.
Соған қарамастан енді дәрігерлер науқас үшін күресуді жалғастырды. Реанимация бөлімінде өте сапалы ем-дом жүргізді. Комада жатқан әкеміздің жағдайы біртіндеп жақсара бастады. 22 күн дегенде көзін ашты. Осы қиын күндері реаниматолог-анестезиологтар Абай Ұзақбайұлы, Гүлжазира Жалғасбайқызы, Нұрболат Сабырғалиұлы оның комадан шығуы үшін күні-түні ем жүргізді. Реанимация бөліміндегі мейірбике Нұрсұлу Бекқалиева бастаған ақ халатты қыздар мен жігіттер Жасұлан, Әлия, Нұртілек, Амангүл, Мейрамгүл, Ақмарал, Әсемгүл, Айзада, Перизат, Гүлданалар науқасты күтіп, бар жағдайды жасады. Дәрігерлердің кәсіби жоғары біліктілігі арқасында әкеміз 22 күн дегенде көзін ашып, тіптен медбикелермен әзілдесетін жағдайға жетті. Бұл 22 күн бойы комадан шығуын тілеп, Құдайға жалбарынып, уайымдап, жылап-еңіреген туысқандары үшін қандай қуаныш екенін түсініп отырған боларсыздар. Иә, қуанышымызда шек болмады!
Жағдайы сәл жақсарған соң науқасты палатаға шығарып, кардиолог, невропатолог, психолог мамандар емдеуді жалғастырды. Әкеміздің жады қайта оралып, жақындарын танып, ауруханадан өз аяғымен сергек басып шықты. Бұл күнді көреміз бе, әлде көрмейміз бе деген күдікті үмітке жеңдіруге тырысқан едік. Комада жатқанда туысқандары реанимациядағы төсегінің қасына барып, "сөйлесіп", оған да күш беруге тырыстық. Егер реаниматолог дәрігер Абай Ұзақбайұлы жүрегін қайта соқтырып, ажалдан арашалап алып қалмағанда, дәрігерлер комадан тұрғызбағанда қайтер едік?!
Сөйтіп ақ желеңді дәрігерлер адамға екінші өмір сыйлады. Мұндай оқиға басымыздан өтпегенде дәрігерлердің әр науқастың өмірі үшін күресетін қиын да тәуекелге толы жұмыстары туралы толғанбағанда болар едік.
Иә, аурухананың ішіндегі олардың ерен еңбегі былайғы жұртқа еленбей елеусіз өтіп жатыр. Жоғарыда аты аталған дәрігерлермен қатар, аудандық біріккен аурухана бас дәрігері Нұрбек Үкібаевқа, аудандық мәслихат депутаты Сәуле Мәмбетоваға алғыс айтамыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Байдуалиевтің әр сөзімізге ерінбей жауап берген қарапайымдылығына тәнті болдық. Облыстық мәслихат депутаты Нәсіп Шалабаева, журналист Дәурен Мақым, басқа да тамаша жандар қолдады, жанашырлық танытты. Соның арқасында қазір әкеміз үйде.
Адамды ажалдың тырнағынан жұлып алып, құтқаратын жандарды қалай атаймыз. Иә, олар Жер бетіндегі періштелер, тек ақ қанаттың орнына ақ халаттары бар. РАХМЕТ сіздерге!
Перизат ҚИЗАТОВА.