Індетпен күреске дәрігерге оқып жатқан студенттер де тартылады

Махамбет Досмұхамбетов: Атырау облысына бірер күнде демеушілік қолдаумен дәрі-дәрмектер жеткізіледі

Атырауда дәрігер мамандар жетіспеушілігін шешу үшін ішкі ресурстар пайдаланылады. Яғни, медицина факультетінің жоғарғы курс студенттері салаға тартылады. Сонымен бірге, аймақтағы дәріханаларға демеушілік қолдаумен дәрі-дәрмектер жеткізіледі.

«Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің облыстық ауруханадағы жағдаймен танысуы кезінде белгілі болды» деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға орай, облыстық аурухана жанынан 400 орындық инфекциялық стационар жасақталады.

palatkastasyonar1

«2 шілдедегі жағдай бойынша, Атырауда коронавирустық инфекцияның барлығы 4747 жағдайы тіркеліп отыр. Теңізі кеніші әлі де болса қауіпті аймақ қатарында сақталуда. Науқастардың 1582-сі аталмыш кен орнынан шықты.

Қазіргі уақытта аймақта 619 адам коронавирус инфекциясынан ем қабылдап жатыр. Сонымен бірге, денсаулық сақтау орындары 115 ИВЛ аппаратпен қамтылды» деп атап өтті аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Аймақ басшысы сонымен қатар, соңғы кезде дәрі-дәрмектердің дәріханаларда болмай қалуын шешу жолдары қарастырылғанын жеткізді.

Атап айтқанда, Атырау облысына бірер күнде демеушілік қолдаумен дәрі-дәрмектер жеткізілетінен мәлімдеді. Тағы бір атап өтерлігі, аймақта онлайн дәрігерлік кеңес қызметі ұйымдастырылып жатыр.

«Аурулардың санын азайту мақсатында облыс басшысының тапсырмасымен жедел жәрдем бекетіне келіп жатқан сұраныстарды азайту үшін, жақында ғана кол-орталық ашылды. Кол-орталық арқылы күніне 150-160-қа дейін онлайн кеңестер беріліп жатыр» дейді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сонымен бірге, Нұрлыбек Қабдықапаров Атыраудағы дәрі жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты.

«Дәріханалардың барлығы жекеменшік. Бұл саладағы ахуалға араласу біздің құзыретімізге кірмейді. Десе де, облыс әкімінің тапсырмасымен демеушілік қолдау арқылы дәрі-дәрмек жеткізу ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, «СК Фармация» арқылы облыстағы емдеу мекемелеріне дәрі-дәрмек жеткізу жөнінде жұмыстар жүргізілуде» деді ол.

Атырау облыстық ауруханасында 400 орынға инфекциялық стационар жасақтауға орын дайындалуда. Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Ахметқалиевтың айтуынша, бүгінде облыстық аурухананың инфекциялық стационарында 290 науқас ем қабылдап жатыр.

"Сонымен бірге, аурухана ауласына екі шатыр тігілді. Науқастар жаппай түсетін жағдай орын алса, оларды палаткаға орналастырамыз. Онда алғашқы медициналық көмек көрсетілетін болады. Екінші палатка волонтерларға арналып отыр. Еріктілер ауруханадағы науқастардың денсаулығына шағымы, жағдайы бойынша ақпарат жинақтап, емдеуші дәрігерлерге шұғыл мәлімет жеткізіп отыратын болады» дейді ол.

Облыс әкімі ковидпен күресу әлем үшін оңайға соқпай тұрғанына тоқтала келе «кез келген жағдайға дайын болуымыз керек»- деді.

Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521