Медициналық пункт салу үшін ауылда неше тұрғын болу керек

АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ауылдарға медициналық мекеме салудың демографиялық нормативтерін атады.

— Денсаулық сақтау министрлігі қандай да бір елді мекенде медициналық нысанды салар кезде тиісті нормативке сүйеніп шешім қабылдайды. Одан кейін жергілікті әкімдіктердің пікірін ескереміз. Нормативте оның бәрі қарастырылған. 500 адамға дейін тұрғыны бар ауылдарда медициналық пункт, 1500 адамға дейін халық тұратын жерде фельдшерлік-акушерлік пункт, 1500-ден артық болса, дәрігерлік амбулатория болу керек. Үш объектінің көлемдері де, ішіндегі атқаратын қызметтері де әр түрлі, — деді ол.
Вице-министр «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына жабылуға шақ қалған ауылдар кірмегенін де атап өтті.

— Жабылуға шақ тұрған ауылдарға медициналық мекеме салып жатқан жоқпыз. Ұлттық жобаны іске асырар алдында қай елді мекендерге медициналық мекеме салу керектігін толығымен анықтап алғанбыз, — деді Тимур Мұратов.
Бұған дейін қайтарылған активтер қорынан 5,6 млрд теңге Абай облысында медициналық нысандар салуға жұмсалатынын жазған едік. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT