Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы денсаулық сақтау саласының алдында тұрған міндеттерді айқын көрсетіп, медицина қызметкерлеріне жаңа жауапкершілік жүктеді.
Әсіресе қаржының шектеулі кезінде тиімді басқару, технологияны енгізу және дәрігерлердің мәртебесін көтеру мәселелері – бүгінгі таңда еліміздің денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше маңызды.
Президент атап өткендей, бюджет қаржысы шектеулі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші негізгі тетікке айналды. Қордың дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейтуі – шығындардың артуына жол бермей, керісінше медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін сақтау үшін маңызды қадам. Дәрігер ретінде бұл өзгерістерді біз тікелей күнделікті тәжірибемізде сезінеміз. Медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмек, диагностикалық қызметтер – бәрі тиімді басқаруды талап етеді. Артық шығынға жол бермеу, есептілікті күшейту, сапалы өнімді ғана сатып алу – бұл саланың тұрақты дамуына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Үкіметке медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне жасанды интеллект арқылы мониторинг жасайтын жаңа жүйе құруды тапсырды. Бұл – медицина саласы үшін үлкен серпіліс. Бүгінде көптеген елдер AI технологиясын аурудың ерте диагностикасында, ем нәтижесін болжауда, медициналық қателіктерді азайтуда қолданады. Қазақстан да бұл бағыттан қалыс қалмауы тиіс. Президент жолдауында дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбекақысын көтеру және мәртебесін нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатыны ерекше қуантады. Соңғы жылдары бұл салада елеулі өзгерістер болды, бірақ әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Дәрігер – қоғам денсаулығының тірегі. Оның біліміне, тәжірибесіне, ыждаһатына адам өмірі тәуелді. Сондықтан медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету – тек әлеуметтік саясат емес, бұл ұлттық қауіпсіздіктің стратегиялық бөлігі.
Айнұр ТӨЛЕГЕНОВА, дәрігер


