Маймыл шешегі – қауіпті індет

​Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының биылғы жылғы 14 тамыздағы ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Конго Демократиялық Республикасында және басқа Африка елдерінде маймыл шешегі ауруымен сырқаттанған адамдардың саны күрт өскен. Ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Халықаралық денсаулық сақтау ережелеріне сай, бұл халықаралық деңгейдегі денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай болып саналатынын және басқа мемлекеттерге таралу қаупі бар екендігі туралы мәлімдеме жасады. Дүниежүзін дүрліктірген дерт Осыған орай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 26 тамыздағы №8 «Қазақстан Республикасына маймыл шешегінің әкелінуінің және оның таралуының алдын алу жөніндегі санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысы биылғы 28 тамыздан бастап күшіне енді. Ендеше, дүниежүзін дүрліктірген дерт – қандай ауру?
Осыған тоқталалық. Маймыл шешегі — маймыл шешегі вирусынан туындаған зоонозды ауру. Адамдар арасында маймыл шешегінің алғашқы оқиғасы 1970 жылы Конго Демократиялық Республикасында 9 жасар баладан табылды. Ол 1968 жылы шешек ауруы жойылған жерден тіркелді. Бұл дерт бойынша Конго Демократиялық Республикасы эндемиялық аумақ болып саналады. 2024 жылы маймыл шешегінің (mpox) індеті – Конго Демократикалық Республикасы мен кейбір көршілес елдерге таралған аурудың клэйд I қауіпті нұсқасы. Оның пайда болуы тағы да жаhан жұртшылығы арасында қатты алаңдаушылық туғызды. Бұл штамм аса ауыр ауруды тудырады. Вирус эндемиялық емес елдерде 2022 жылы басым болған клэйд II індетімен салыстырғанда өлімнің жоғарғы көрсеткішімен сипатталады. Қорғана білгенге қауіп жоқ Инфекция көзі. Маймыл шешегінің табиғи резервуары белгісіз. Алайда вирусты тасымалдаушы - африкалық кеміргіштер мен маймылдар. Адамға жұқтырушы да осы жабайы жануарлар саналады.

Аурудың таралу жолдары:

1. Жабайы жануарлармен, яғни приматтар (маймылдар) мен кеміргіштермен (тиіндер) байланыста болу;

2. Маймыл шешегімен ауыратын адаммен тығыз физикалық қарым-қатынаста болу. Вирус адам ағзасына зақымдалған тері, тыныс алу жолдары, көз, мұрын және ауыз арқылы, сондай-ақ биологиялық сұйықтықпен енеді.

3. Ауа-тамшы жолымен, яғни науқаспен жабық үй-жайда бірге болғанда және терінің зақымдалуы арқылы немесе індетпен ауырған жанның биологиялық сұйықтығы бар заттарын ұстағанда жұғады.

Клиникалық көрінісі.

Инкубациялық кезеңі – 5 күннен 21 күнге дейін. Адамдағы клиникасы – жоғары температура, дененің ауыруы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бастың айналуы. Алдын алу үшін не істеу керек?

Маймыл шешегінің ең жақын «туысы» – табиғи шешек 1980 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйымдастырған Ғаламдық вакцинацияның көмегімен жойылған. Ал шетелдерге шығатын адамдар мына қауіпсіздік шараларын қатаң ұстанғаны абзал:

1) Шетелдерге шыққан кезде жабайы жануарлармен, яғни приматтармен, кеміргіштермен байланыс жасамаған жөн. Стихиялық және көше саудасы қызып жатқан орындарда ас ішпеу, тамаққа тек термиялық өңделген ет пен оның өнімдерін тұтыну қажет. Адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде жеке профилактикалық шараларды, нақтырақ айтқанда, қашықтықты, маскаларды, дезинфекциялық құралдарды пайдалану, қол және тыныс алу ағзаларының гигиенасын сақтаған абзал. Егер алыс сапардан келген адам үш аптаның ішінде ауырсынуды, дене қызуының көтерілуін, бөртпені (қызару, көпіршіктер және т.б.) сезінсе, міндетті түрде шетелде болғанын хабарлап, тез арада жақын жердегі медициналық ұйымға хабарласқаны дұрыс. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында маймыл шешегі ауруына күдікті жағдай тіркелген жоқ.

Десек те, мемлекеттік шекарадағы санитариялық-карантиндік өткізу пункттерінде қашықтық термометриясы арқылы аса қауіпті ауруларға күдікті адамды анықтау мақсатында бақылау күшейтіліп, жұмыстар жүргізілу үстінде.

Зоя Тасболатова, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы​​​​

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521