Қызылшадан қайтсек құтыламыз?

Қызылша – ауа жолы арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурудың бірі. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланыста болса, жұқтырып, ауырып қалу мүмкіндігі өте жоғары. Ауру байланыс және ауа арқылы ауа-тамшы жолымен таралады. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде түкірікпен бөлінеді. Вирустың тез тарайтыны соншалықты, сыртқы ортада тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлар да белгілі.
Инкубациялық кезеңнің 2-күні мен бөртпелер шыққаннан кейінгі 4-күн аралығында ауырған адам инфекция көзі ретінде айналадағыларға қауіпті таратушы болады. Ал, 5-күннен бастап, бөртпесі бар адам ауруды жұқтырмайды. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Ал қызылшамен ауырған анадан туған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды. Өйткені осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антиденелері сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез-келген жасында ауруды жұқтырып алуы мүмкін.

Науқаспен байланыста болғандар 21 күн медициналық бақылауда болады және 72 сағат ішінде егуге жататындар егіледі. Инкубациялық кезеңі - жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Ең маңыздысы – ауру суық тию белгілерімен басталады: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі.

Кейінірек конъюктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), беттің шырышты қабығында (азу тістерінің тұсында) ұсақ ақ дақтар, ал аурудың 3-5 күні ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады.

Ең алдымен, олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылады. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5 градусқа қайта көтерілуі мүмкін.

Бөртпелер 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта тазарады. Қызылшаның асқынуы: ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит. Әрбір адам суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп, қаралуы керек.

Бұл уақтылы диагноз қойып, ем тағайындап және ұйымдасқан ұжымда тіркелсе, ауру ошағын бұғаттап, әрі қарай таралуына жол бермеуге, алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін өте маңызды. Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы - вакцинация.

Ауруға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтатады. Нәтижесінде ағза өзін тұрақты қорғайтын иммунитет қалыптастырады. ҚР ұлттық егу күнтізбесіне сай ең алғашқы вакцинация балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер эпидемиологиялық көрсетіліммен:

- науқаспен байланыста болған қызылшаға қарсы егілмеген немесе егуі туралы мәліметі жоқ, осы аурумен ауырмаған 30 жасқа дейінгі адамдарға;

- 55 жасқа дейінгі медициналық жұмыскерлерге және өз қалауымен 30 жастан асқан адамдарға салынады. Барша аудан тұрғындарын қызылша індетінің алдын алудың бірден-бір жолы екпе алуға шақырамыз. Сонымен бірге адамдар көп жиналатын жерге бармай, жеке бас гигиенасын сақтап, бөлме ішін жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жиі жүргізген абзал.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік» ағайын!

Т.Хабибуллин, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521