Бүгінгі таңда елімізде қызылша ауруы өршіп тұр. Қараша айының 1-індегі мәлімет бойынша қызылша жұқтырған 11057 дерек тіркелді. Оның ішінде 83 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар болса, 2,7 пайызы жасөспірімдер, ал ересектердің үлесі 13,8 пайызды көрсетіп отыр. Өкініштісі сол, көріп отырғанымыздай, бұл жұқпалы дертке шалдыққан науқастардың басым көпшілігі – балалар. Неге?
Аудандағы ахуал да мәз емес
Түптеп келгенде мұның барлығы ата-аналардың өзбалаларына қызылшаға қарсы вакцина салдырудан бас тартуынан туындап отыр. Қазір ауырып жатқан ел ертеңінің 70 пайызы осы екпе алмаған балалардың еншісіне тиеді.
Аудандағы ахуал да мәз емес. Қызылша инфекциясы ауданда алғаш шіліңгір шілдеден бастап тіркелді. Осы айдың 9-нан бастап 6 қарашаға дейін 64 науқас есепке ілікті. Күні бүгінге дейін ауруханадан 45 адам емделіп шықты. Барлық аурханаға жатқызылған науқастардың көбінің жағдайы орташа ауырлықта болса, екі бала ауыр жағдайда түсті. Бір жақсысы қызылшамен медициналық көмекке жүгінгендер арасында өлім-жітім тіркелген жоқ.
Қызылша ауруымен тіркелген науқастың ішінен 34,3 пайызы екпе алмаған жандар екені анықталды.14.1 пайызы екпе жасына жетпеген болса, 6,3 пайызының екпе статусы белгісіз. Қызылша инфекциясына иммуноферменттік талдау (ИФА) жүргізу үшін Ұлттық сараптама орталығының вирусологиялық зертханасына 24 биологиялық материал жолданып, оң нәтиже көрсетіп расталды. Қалған емделушінің талдауы тексерілуде.
Қазіргі таңда аурухананың қызылша бөлімшесінде 19 науқас ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 14-і балалар болса, 5-еуі ересектер. Қызылша диагнозымен жан сақтау бөлімінде жатқан емделуші жоқ. Жалпы ауырған 1 жасқа дейінгі -9, 1-15 жасаралығындағы -41, ересек – 14 адам бар. Осыған орай қырағылық танытып, халық арасында қызылшаның алдын алған жөн!
Желдеткіштен де өтіп кетеді
Қызылша – ауа жолы арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурудың бір түрі. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам осы дертке шалдыққан науқаспен қарым-қатынас жасаса тез жұқтырады. Ондай жанның қызылшамен ауырып қалу мүмкіндігі де өте жоғары. Ауру қарым-қатынас кезінде және ауа арқылы ауа-тамшы жолымен таралады. Вирус сыртқы ортаға науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде түкірікпен бөлінеді. Тез тарайтыны соншалықты, сыртқы ортада тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ұшып келіп, ғимараттың желдеткіш жүйесі арқылы таралған жағдайлар да кездесті.
Инкубациялық кезеңнің 2-ші күні мен бөртпелер шыққаннан кейінгі 4-ші күн аралығында науқас адам инфекция көзін таратушы ретінде айналасына қауіпті саналады. Ал, 5 күн өткеннен кейін бөртпесі бар адам ауруды жұқтырмайды. Бұл дертке шалдығып, жазылған адам өмір бойына иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған анадан туылған бала 3 айға дейін бұл ауруды жұқтырмайды. Өйткені осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антиденелері сақталады. Керісінше, бұрын ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім тұрады және өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін. Науқаспен байланыста болғандар 21 күн медициналық бақылауда болып, 72 сағат ішінде егілуге жататын жандар екпе қабылдауы тиіс.
Инкубациялық кезеңі - жұқтырғаннан кейінгі бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады. Ең маңыздысы – ауру суық тию белгілерімен басталады: дене қызуының 38-40 градусқа көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі. Кейінірек конъюктивит (көздің шырышты қабығының қабынуы), беттің шырышты қабығында (азу тістерінің тұсында) ұсақ ақ дақтар пайда болады. Аурудың 3-5 күнінде ашық түсті бір-біріне өзара ұқсас дақтар пайда болады. Ең алдымен,олар құлақтың артында және маңдайда, содан кейін тез арада бет, мойын, дене және аяқ-қолға таралады. Ұсақ қызғылт дақтар тез арада үлкейіп, формасын өзгертіп, бір-біріне қосылады. Бөртпелердің қалың шыққан кезеңінен 2-3 күн өткеннен кейін дене қызуы 40,5 градусқа қайта көтерілуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн сақталады. Дақтардың орнында қоңыр пигменттер қалады, олар 2 аптадан кейін кетіп, тері қайта тазарады.
Қызылшаның асқынуы: ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.
Вакцина алған бала ауырмайды
Әрбір адам суық тиіп мазасызданған сәттен бастап, дер кезінде дәрігерді үйге шақыртып, тексеріліп-қаралуы керек. Бұл - уақтылы диагноз қойып, ем тағайындап және ұжымда тіркелген жағдайда ауру ошағын тез өшіріп, әрі қарай таралуына жол бермеуге, алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін маңызды.
Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жолы - вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, соның нәтижесінде ағза өзін тұрақты қорғайтын иммунитет қалыптастырады.
ҚР ұлттық егу күнтізбесіне сай, ең алғашқы,вакцинация балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер эпидемиологиялық көрсетіліммен:
- науқаспен байланыста болған, қызылшаға қарсы егілмеген немесе егуі туралы мәліметі жоқ, осы аурумен ауырмаған 30 жасқа дейінгі адамдарға;
- 55 жасқа дейінгі медициналық қызметкерлерге және өз қалауымен 30 жастан асқан адамдарға салынады.
Сондықтан барша аудан тұрғындарын қызылша індетінің алдын алудың бірден-бір жолы ретінде екпе алуға шақырамыз. Дұрысы адамдар көп жиналатын жерге бармай, жеке бас гигиенасын сақтап, бөлме ішін жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын әлсін-әлсін жүргізгені абзал. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген осындайда айтылса керек!
Жылыой аудандық
санитариялық эпидемиологиялық
бақылау басқармасы