Ауданда қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалы және оның алдын алу жөнінде брифинг өтті. Спикерлер ауданның бас санитариялық дәрігері Талғат Хабибуллин мен орталық аурухана басшысы Асулан Абдрахмановтар сөз сөйлеп, аудандағы бүгінгі ахуалды баяндады.
Қызылша ауруының ел бойынша белең алуы дәрігерлерді қатты алаңдатып отырғанын айтқан Т.Хабибуллин қызылшаның жұқпалы әрі жедел респираторлық вирустық инфекция екенін түсіндірді. Ол ауа тамшылары арқылы тез таралатынын, тіпті түшкіргенде, жөтелгенде немесе сөйлескен уақытта да жұғуы әбден мүмкін екенін қаперге берді. Сондықтан одан өзімізді, балаларды қорғаудың бірден бір жолы – екпе алу екенін айтты. Ұлттық күнтізбе бойынша 1 жас пен 6 жаста ғана салынатын екпе еліміздің бас санитариялық дәрігерінің қаулысы бойынша, 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі, сонымен қатар, 2 жастан 5 жасқа дейінгі жастағы балаларға да салынатынын жеткізді.
Жалпы қызылша ауруы соңғы рет облысымызда 2019 жылы тіркелген екен. Бірақ сол кездегі иммундаудың арқасында басылып қалған. Ал соңғы 3 жыл бойы тұрғындарды сенделткен ковид ауруы балалар арасында қызылшаға қарсы екпе салдыруға мүмкіндік бермеді. Соның кесірінен бұл вирустық инфекция қайтадан тіркеліп, күш алып кетті.
Ал бас дәрігер Асулан Абдрахманов аудан бойынша шілде айынан бастап 332 науқас тіркелгенін мәлім етті. Қазіргі таңда 6 науқас ем алып жатырса, оның 5-еуі бала екен.
–Ауданда күні бүгін 3518 тұрғын вакцина алды, жалпы 7715 адам екпе алуы керек деп жоспарланды. Әлі де қарсылық көрсетіп, келіспейтін ата-аналар бар. Дәрігерлердің тарапынан түсіндіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл ауру пневмонияға, 3-10 жылдан кейін склерозды паненцефалитке, отитке әкеп соқтырады. Сондықтан екпе алу маңызды болмақ әрі оның ешқандай қарсы көрсеткіштері жоқ. Қазіргі жүріп жатқан вакцина өзіміз 10 жыл бойы пайдаланып келе жатқан, дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен бекітілген үндістандық тірі вакцина болып есептеледі. Тексеруден өткен. Сертификаты бар,-деді ол.
Жалпы аудан бойынша қазіргі таңда орталық емханада екі екпе кабинеті мен ықшамаудандардағы филиалдарда екпе салу жұмыстары үздіксіз, демалыссыз жұмыс жасап тұр. Ал балабақшалар үшін шұғыл бригада жасақталған. Балаларды ондағы дәрігерлер жіті тексергеннен кейін медбикелер вакцинаны сала береді. Сонымен қатар, 5 ауылдық округ пен кенттегі дәрігерлік амбулаторияда екпе салу жұмыстары жүріп жатыр.
П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ