Құтырудан құтылудың жолы

Қазір жасыратыны жоқ, атуға тыйым салғалы қала мен ауыл көшелерінде бұралқы иттер көбейіп кетті. Мұның адам өмірі мен денсаулығына тигізер кесірі де бар. Өйткені бірқатар жұқпалы аурулар осы «бөрібасарлардан» жұғады. Соның ең қауіптісі – құтыру. Сондықтан ауданның әрбір тұрғыны бұл жұқпалы кесел туралы және оның алдын алу жайлы кеңірек білуі тиіс. Себебі құтыру – медицина тілінде жүйке жүйесін ауыр түрде зақымдайтын өткір вирустық ауру.

Адамдар, барлық сүтқоректі жануарлар және кейбір құстар осы ауруға шалдыққыш келеді. Құтыруды таратудың негізгі көзі - бұралқы иттер, мысықтар және жабайы жыртқыш жануарлар (түлкі, қасқыр, шибөрі, жабайы мысық, т.б.). Құтыруды өте ұсақ тірі ағза - вирус тудырады. Кеселдің қоздырғышы сыртқы ортаға ауру жануарлардың сілекейімен бөлінеді.

Құтырған жануар бір-бірін жарақаттаған кезде сілекейіндегі вирус жара арқылы денесіне еніп, бұралқы иттер мен мысықтар немесе жабайы аңдар арасында құтыру таралады. Адамдар үшін тек жануардың тістегені ғана емес, сілекейінің енуі де қауіпті. Ағзаға вирус енген уақыттан бастап аурудың бірінші белгілері пайда болғанға дейінгі аралық инфекцияның инкубациялық кезеңі деп аталады. Жануардың түріне, тістеген жеріне, жарақаттың ауырлығына байланысты ол бірнеше аптадан бір жылға дейін жалғасады. Құтыру вирусы адамның жүйке жүйесін зақымдап, қозу, судан қорқу, сал белгілерінің пайда болуына әкеп соқтырады.

Адам қандай да бір жануардан жарақат алса, тырналған болса, тез арада медициналық көмекке жүгінуі қажет. Ағзада дер кезінде құтыру вирусына қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін екпе алуы қажет. Егер де екпелер уақытылы және дұрыс жүргізілген болса, ауру пайда болмайды. Екпе сау көрінетін жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда да жүргізу керек, себебі вирус ауру белгілері пайда болғанға дейін сілекеймен бөлінеді. Ал адамға жарақат салған жануар сау көрінсе де, 10-15 күн мерзімге мал дәрігерлік бақылауға алынады. Егер де осы аралықта жануар ауырмаса, зардап шегушінің екпелері тоқтатылады. Жарақат салған итті немесе басқа жануарларды өлтіруге жол берілмейді, өлігін кез келген жерге тастамау қажет. Ал өлтірген жағдайда иттің өлексесін арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып, мүрдеханаға немесе ауылдың шетіне апарып, өзге жыртқыш жануар қазып алмайтындай етіп, 1-1,5 метрдей тереңдікке дейін қазып, өртеп, зарарсыздандырып көміп тастау керек. Мұндай жағдайда иттің диагнозы белгісіз болып, ал зардап шегуші құтыру ауруына шалдыққан жануардан жарақат алған сияқты екпенің толық курсын алуға тиіс.

Ит қожайындары иттерін мықты етіп байлап, үйшікте немесе бөлмеде ұстауы қажет. Оларды серуенге тізгінмен, тұмылдырық кигізіп шығарады. Құтырудың таралуы мүмкін қаңғыбас иттермен байланысуына жол бермеу керек. Сондай-ақ, құтыруға қарсы ектіру қажет. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабына сәйкес ит адам денсаулығына зиян келтірсе, иттің иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ит ұстау ережелері бұзылса (еш зиян келтірместен көшеде жүрсе, өткен адамдарға үріп мазаласа) 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Құтырумен қүрес жүргізгенде даладағы жабайы жануарлар, соның ішінде түлкі, қасқыр,шибөрілер көбейіп кетсе, онда олардың көзін жоюдың маңызы зор. Өйткені құтыру - өте ауыр, өліммен аяқталатын ауру. Онымен ауырған адамды емдеу мүмкін емес, бірақ құтырудың алдын алуға болады. Егер де жарақат алушыға құтыруға қарсы екпелер жүргізілмесе, ол құтырумен ауырады.

Сондықтан ауру пайда болса, құтырудан жазылудың еш мүмкіндігі жоқ екенін және осы аурудың алдын алудың бірден-бір жолы антирабиялық екпелерді алу керектігін естен шығармай, алдын алуға жұмыстанған жөн.

Зоя Тасболатова,

аудандық санитарлық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT