Көкжөтел – бұл «Bordetella pertussis» таяқшасынан туындаған, интоксикация көріністерімен сипатталатын, өзіне тән қалшылдаған жөтел «реприздермен» және құсу ұстамалары болатын, жоғарғы тыныс алу жолдарының катаральдық көріністерімен қоса жүретін жіті респираторлық бактериялық инфекция.
Көкжөтелдің қоздырғышы ауа-тамшы жолы арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, науқас сөйлескенде таралады. Ал бактерияны тасымалдаушы – қарапайым науқас адам. Көкжөтел әсіресе айлық балаларға қиындық туғызады. Ауру алғашында қарапайым суық тиюден пайда болады. Яғни, мұрыннан сұйықтық ағуы, дене қызуының жоғарылауы, қалыпты жөтелден. Бірте-бірте жөтел күшейіп, ұстамалы, бірнеше рет қайталанатын жөтелге айналады. Адам иммунитетін әлсірететін жөтел ұстамалары кезінде мидың қан айналымы бұзылып, оттегінің жеткізіліксіздігі нәтижесінде науқаста әртүрлі дәрежедегі ақыл-ой кемістігі пайда болады. Көкжөтелдің күшеюі мен асқынуы өкпенің қабынуына (пневмония) ұласып, мидың зақымдануына әкеледі. Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті көкжөтелден қорғанудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі вакцинация екенін айтады.
Сондықтан көкжөтелге қарсы егу 2, 3, 4 және 18 айлық жастағы балаларға да ұсынылып, көкжөтелден бөлек дифтерияға, сіреспеге, «В» гепатитіне, гемофильді инфекцияға және полиомиелитке қарсы бір мезгілде біріктірілген вакцинамен жүргізіледі. Болашақта 6 жастағы балаларға АбКДС бустерлік дозасымен егіледі. Ал аурудың белгілері пайда болған кезде эпидемиологтар науқастарға уақытылы медициналық көмекке жүгініп, тек дәрігердің нұсқауы бойынша ем қабылдауды ұсынады. Және бөлмені жиі желдетіп, дымқыл тазалау жүргізу, балалардың ойыншықтарын жуып-шаю, жөтелген кезде ауызды жабу, қолды жиі жуып, маска киюді, сондай-ақ науқас баланы ұйымдасқан ұжымдарға, яғни мектептер мен балабақшаларға жібермеуді ұсынады. Бастысы екпе алудан қорықпау қажет. Себебі вакцинация – аурудан қорғаудың ең тиімді тәсілі. Есіңізде болсын, ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған дұрыс!