1987 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ЖИТС-ке қарсы күрес күнін атап өту туралы ұсыныс жасады. Бастама қолдау тауып, содан бері 1 желтоқсан иммун тапшылығының инфекциясымен өмір сүретін адамдарға ынтымақтастық пен қолдау көрсету, аталған ауру түрі туралы ақпараттарды арттыру, сырқат туралы жаһандық хабардар болу күніне айналды. рталығында динамикалық бақылауда 400-дей адам бар. Былтыр сол орталыққа 47 науқас, биылғы жылдың 10 айында 75 адам вируспен тіркеліп отыр. Олардың барлығы әртүрлі себеппен індетке шалдыққан. Соның ішінде гетеросексуалды қатынас арқылы вирус жұқтырғандар 69,3%-ды құрайды, гомосексуалды қатынас кезінде – 24,0%, инъекциялық есірткі қолданған уақытта 2,7% адам, қалған 4,0% науқас басқа да жолдар арқылы жұқтырған,-дейді аудандық орталық емхананың дәрігер эпидемиологі Ж.Амангелді.
Қазіргі таңда ауру жұқтырған ер адамдар 78,7%-ды құраса, әйел адамдар 21,3%-ды көрсетті. Соның ішінде, әсіресе 30 бен 39 жас аралығындағы тұрғындардың саны көп болып тұрғанын айтады. Көріп отырғанымыздай, сандық деректер «ХХІ ғасыр дертінің» жылдан жылға көбейіп бара жатқанын көрсетіп тұр. Өкінішке қарай, қорғаныш тапшылығының қоздырғышы инфекциясынан толық емделу мүмкін емес. Вирусқа қарсы вакцина әлі шыққан жоқ. Бұл бағыттағы ізденістер, зерттеулер әлі жалғасуда. Сондықтан аталған инфекциядан қорғанудың негізгі шарасы қауіпсіз жыныстық қатынас пен инъекциялық шараларда мұқият болу екендігін мамандар тағы да еске салады.
- ЖИТС – адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру нәтижесінде пайда болатын жұқпалы ауру. Инфекция көзі – вирус жұқтырған адам, вирус тасымалдаушы ЖИТС-пен ауыратын адам. Вирус тасымалдаушылар көбінесе жұқтырғанын білмей, өздерін дені сау санайды, өйткені оларда бірнеше жыл бойы ауру белгілері болмауы мүмкін. Инфекция - жыныстық қатынас кезінде, парентеральді, яғни, қан арқылы, жүктілік және босану кезінде вирустың анадан балаға берілуі арқылы жұғады. Бұл диагноз арнайы қан анализінің нәтижесінде қойылады, ол көп жағдайда инфекцияны жұқтырғаннан кейін үш ай аралығында ғана көрініс табады. Вирусты инфекцияны тексеруді жасырын түрде жүргізуге болады. Жалпы тұрғындар әр жарты жылда немесе жылына бір рет АИТВ-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн. Оның үстіне, қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тұрғылықты емханасы арқылы тегін өте алады. Тұрғындар біздің емхананың №235 кабинетіне учаскелік дәрігер арқылы тіркеліп, вирусты анықтау үшін қан тапсыра алады, -дейді Ж.Амангелді.
Оның айтуынша, вирус анықталған жағдайда науқас, ең алдымен, Атырау қаласындағы ЖИТС орталығына барып тіркелуі қажет. Өйткені, ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор. Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. Дер кезінде емделмесе иммун тапшылығы вирусы ЖИТС-ке айналып кетеді екен.
-Әр адам АИТВ инфекциясының алдын алу шараларын білгені жөн. Ол үшін кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болу керек. Сондай-ақ есірткі заттарын пайдаланудан бас тарту, маникюр, педикюр, пирсинг, татуировкаға арналған құралдарды дезинфекциялап тұру қажет. Қан кету кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету үшін резеңке қолғапты қолдану және терінің ашық жерлерін және көздің шырышты қабығын қанның түсуінен қорғау маңызды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрбір жүкті әйел аталған инфекцияға тексеріле алады. Егер ағзадан вирус табылса, оған жатырішілік инфекцияның алдын алу үшін арнайы дәрі-дәрмектер тағайындалады,-дейді дәрігер.
П.ТӘЖІ