Иә, Қарағай ауылында алғаш рет медициналық бекет ашылды. Атырау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен салынған нысан 2022 жылдың қараша айында басталған. Мердігер мекеме - «Градстройсервис» ЖШС құрылысын биыл ғана аяқтап, пайдалануға беріп отыр.
Расында да тұрғылықты халықтың өтінішімен бой көтерген ғимарат қарағайлықтар үшін қуанышты жаңалық болғаны рас. Себебі қарапайым екпе алу үшін де аудан орталығына шапқылап, қала берді өздері әкімшілік аумақ ретінде қарайтын Қосшағыл ауылдық округіндегі амбулаторияға қатынайтын қарағайлықтар енді жақын жерден-ақ дәрігерлерге қаралып, дертіне шипа іздеп бара алатын болды. Бір қабаттан тұратын медициналық орталық алдын ала егу, таңу, қаралу бөлмесінен бөлек қызметкерлер үшін, сондай-ақ әйелдер мен ерлерге арналған санитарлық тораппен қамтылған. Бұдан басқа, үш науқасқа арналған жеке бөлме мен дәрігердің де өз қызметтік кабинеті бар. Нысанның ашылу салтанатына қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтаған Қосшағыл ауылдық округінің әкімі Жанғазы Берікұлы өз сөзінде:
- Бұл – Қарағай елді мекенінде ашылған алғашқы медициналық бекет. Қазір құжаттары рәсімделіп жатыр. Алдағы ай халық игілігіне беріледі деп жоспарлап отырмыз. Аудандық емхана басшыларының сөзінше, мұнда бір дәрігер мен бірнеше медбике қызмет көрсетеді. Бұл ауылдағы халық санының аз болуына байланысты мұнда мектеп, балабақша, спорттық нысандар салынбайды. Ал жол мәселесіне келсек, Қарағай ауылына автомобиль жолын салу мақсатында мердігер мекеме - «Атырау-Армандастармен» келісім шарт жасақтау кезінде мемлекеттік сатып алу порталында техникалық кедергілер пайда болды. Соған байланысты құрылыс жұмыстары шарт жасақталғаннан кейін ғана басталады,-дейді алдағы жоспарымен де бөлісіп.
Ақ халатты абзал жандардың Қарағай ауылына келгені, әрине, көз қуантарлық жағдай. Себебі медициналық тірек бекеті мұндағы тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған нақты қадам болды. Бұл – ауданда денсаулық сақтау саласы қызметінің керегесі кеңейіп келе жатқанының көрінісі.
Д.ДЕРБІС