Йод жетіспеушілігі – «жасырын аштық»

Йод адам ағзасының қалыпты өсуiне, дамуына қажеттi микроэлементтердiң бiрi.

Адам организмiне тағам мен судан түсетiн йодтың қажеттi деңгейде жетiспеуi йод жетiспеушiлiгi ауруларына әкеп соғады. Йод жетiспеушiлiгі ауруларының iшiнде эндемиялық зоб аса қауiптi ауру. Оның салдарынан көптеген аурулар, атап айтқанда, түйiндi құрылымдар мен қатерлi iсiктер дамуы мүмкiн. Йод жетiспеушiлiгі ауруларының ең ауыр түрлерiнiң бiрi – балалардың ақылы мен дене дамуының тежелуi, жыныстық дамуының жетiлмеуi, әйел адамдардың жүктiлiк кезiнде түсiк тастауы немесе көзi көрмейтiн, ақылы кем бала тууы сияқты жағдайлар жатады. Йодқа аса мұқтаж аудандарға таулы жерлер мен аумағы теңiзден алыс орналасқан аумақтар жатады. Өсiмдiктер мен жануарлардың организмiнде йодтың болуы оның қоршаған ортасына байланысты. Себебі, азық-түлiк өнiмдерiнiң басым көпшiлiгi бұл микроэлементке тапшы болып келедi. Қазақстанның 14 облысының 11-iнде йод жетiспеушiлiгі кездеседi. Қазақстанның оңтүстiк және шығыс бөлiгiнде бұл жағдай өршiп тұр. Зобтың эндемиялық сипатта дамуы жаппай алдын алу шараларын жүргiзу қажеттiлiгiн тудырады. Бiрiншiден, азық-түлiк өнiмдерi мен су арқылы тұрғындарды йодпен қамтамасыз етудi ұйымдастырған жөн. Алайда, йод жетiспеушiлiгі ауруларына келесi алдын алу жұмыстарын жүргiзу қажет:

1. Мамандардың кеңесiн есепке ала отырып, тұрғындарға құрамында йод бар медикаменттердi тағайындау;

2. Йодпен байытылған азық-түлiктердiң көмегiмен йод жетiспеушiлiгін жою. Йодты алудың ең бiр жақсы жолы – йодпен байытылған теңiз жәндiктерiн, теңiз балықтарын, теңiз балдырларын, теңiз өнiмдерiн тағамға жиi пайдалану болып табылады.

Адам йодтың 90 пайызын тағамнан, ал қалғандарын ауа мен судан алады. Йодтың тәуліктік қажеттілігі қандай?

Ана сүтiмен қоректенетiн балаларда – 50 мкг;

Кiшкентай балаларда (1 жастан 7 жасқа дейiнгiлер) – 90 мкг;

Орта жастағы балаларда (7–12 жастағылар) – 120 мкг;

12 жастан жоғары балалар мен ересектерде – 150 мкг;

Жүкті әйелдер мен бала емiзетiн әйелдерде – 200 мкг.

Йодталған тұз бен теңіз өнімдері – аурудың алдын алатын тағамдық көздер

Теңiз тағамдарынан балық, теңiз жәндiктерi, балық майы, теңiз орамжапырағы йодқа бай. Ал көкөнiстерден қызылша, салат, шпинат, қызанақ, сәбiз, қартоп, орамжапырақ, пияз, бұршақ, сарымсақ; жемiс-жидек, жаңғақтардан құрма, алма, жүзiм, шие, шабдалы және балқарағай жаңғақтары; жармалардан қара құмық және тары құрамында йод мөлшері көбірек болады.

Йод, сондай-ақ, келесi тағамдық өнiмдерде көп кездеседi (100 г шикi өнiмге шаққандағы мкг); треска балығының бауырындағы майда – 350–700, хекте – 160,0, минтайда – 150,0., тұздалған майшабақта – 77,0, трескада – 60, горбуша, зубатка, кетада – 50,0, бұршақта – 12,8, етте – 11,4, жұмыртқада – 10,0, майда – 9,0, сүтте – 5,8 мкг. Тағамда қажеттi микроэлементтер жеткiлiксiз болса, онда оның орнын толтыру үшiн микроэлементтерге бай өнiмдердi пайдалану тиiмдi. Барлық байытылған өнiмдердiң қорапшаларында «сапалы азық» деген фирмалык эмблемасы болуы тиiс.

Йод жетiспеушiлiгімен күресудiң ең маңызды жолдарының бiрi – жаппай тұрғындардың йодталған тұзды тұрақты пайдалануы.

Йод жетіспейтін аймақтар

Йод жетіспеушілігі ағзаға қалыпты қабылданып отыратын йодтың жеткілікті дәрежеде болмауынан пайда болады. Бұл аурулардың мәселесін шешу Қазақстан үшін маңызды. Өйткені, қазіргі таңда біздің елімізде йод жетіспеушілігінің тиімді алдын алу бағдарламасының жоқтығы тұрғылықты халықтың әртүрлі топтарында қалқанша безінің эндемиялық ұлғаюына әкеліп соқтырып отыр. Йод тапшылығының басқа аурулардан зардабы еш кем емес. Өткен жылғы денсаулық сақтау ұйымының берген мәліметі бойынша, әлемде 650 млн адам осы дертпен күресуге мәжбүр екен. Ал 2 млрд адам ағзасында осы дерттің айқын белгілері көрініс берген. Біздің еліміз йод жетіспейтін аймақтардың қатарында.

Йод маңызды микроэлемент – ағзаның құрылыс материалы

Йод – бұл маңызды микроэлемент, ол жер бетіндегі тірі ағзалардың өсуі мен дамуына қажет. Йод жетіспеушілігі «жасырын аштық» деп саналады. Осыған байланысты йод жетіспеушілігінің медициналық-әлеуметтік және экономикалық маңызы денсаулық, интеллект, білім сапасына әсер етіп отыр, уақыт өте келе халықтың кәсіби әлеуетіне әсер етеді. Денсаулығы қалыпты адам бір күнде 150 микрограмм йод тұтынуы қажет. Бұл қажеттілік өтелмесе, адам ағзасы түрлі ауруға шалдығады. Йод жетіспеушілігі иммунитеттің әлсіреуін тудырып, ағзаның түрлі инфекцияларға қарсы тұру қабілетін төмендетеді.

Барлық аймақтарда қалқанша безінің эндемиялық ұлғаюы (эндемиялық жемсау) ұл балаларға қарағанда қыз балаларда көбірек кездеседі (45%-50%), эндемиялық жемсау 6-7 жастан басталып, пубертаттық жаста барынша жоғары көрсеткішке жетеді. Адам ағзасындағы йод – тиреоидты гормондар үшін құрылыс материалы. Тиреоидты гормондар ағзадағы барлық мүшелер мен жүйелердің жұмысын реттейді және жақсартады. Балалар үнемі өсу мен даму үстінде болады десек, йод жетіспеушілігі салдарынан әлсіздік бірден байқалады. Эндемиялық жемсау саны балалар санымен бірге өсіп келеді. УЗИ көрсеткіші бойынша 7 жаста – 15%, 12 жаста – 25-30% балалар осы дертпен ауырса, жасөспірімдер арасында ол 40%-ға дейін жетеді.

Кеселдің алдын алу үшін...

Еуропада жаппай алдын алу мақсатында йодталған тұз қолдану (өткен ғасырдың 20-шы жылдарынан белгілі), құрамында йоды бар препараттарды топпен пайдалану жүргізіледі. Біздегі тамақтарда йодталған тұз бар деп санайды. Алайда, Қазақстан тамақтану академиясы жүргізген медициналық-демографиялық зерттеу нәтижесі 5 844 отбасының 29 %-ы йодталған тұз қолданатынын, ал отбасылардың 13,4 %-ы сыртқы қорабындағы «йодталған» деген сөз шындыққа жанаспайтын (тест нәтижесінде йодтың ізі де болмаған) тұз пайдаланатынын көрсеткен.Тағам арқылы йодты қабылдау экономикалық, физиологиялық, рационалдық жағынан дұрыс деп есептелсе де, қазіргі таңда ол жеткіліксіз болып отыр. Әлсіз топтар, ерте жастағы және мектеп жасындағы балалар арасындағы йод жетіспеушілігін жою үшін топтық алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет, ол үшін әлемдік тәжірибеге сай йодид, йодомарин 100 және йодид, йодомарин 200, йодид органикалық емес йод қолданылады. Осыларды ұсына отырып, біз өзгеріске түскен қалқанша безі гормондар синтезін қайта қалпына келтіруге ықпал етеміз.Уақытында йодтық жетіспеушіліктің алдын алу өскелең ұрпақтың – біздің болашағымыздың денсаулық деңгейін, үйлесімді дамуды, интелектуалды әлеуетті қалпында ұстауға жағдай жасады. Өз денсаулығын күтетін әрбір адам организмде микроэлементтердің болуы қаншалықты асқа қолданылатын тағам өнімдерінің сапалы болғанына тікелей тәуелді екенін білуге тиіс.

Ж.Төлеуішова,

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекші маманы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521