ФЕЛЬДШЕРДІҢ ӘР СЕКУНДЫ САНАУЛЫ...

«Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында 380 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Әр маманның еңбегі орасан зор. Ұлт саулығын сақтауға бүкіл өмірін арнаған тұтас әулеттер бар.

Алматыдағы Джувашевтер әулетінен 13 адам медицина саласын таңдаған. Олардың жалпы еңбек өтілі – 375 жыл. Ал Атырау облысындағы Шанаевтар әулетінен 16 дәрігер шыққан. Мұндай еңбек династияларының ғибратты жолы – көпке үлгі-өнеге».

(Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінен)

2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы – ел экономикасының негізі саналатын жұмысшы қауымның маңызын тереңінен ұғындыруға бағытталған тың бастама. Оның аясында тек ірі өндіріс ошақтарында ғана емес, алыс ауылдарда халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап жүрген нағыз еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетілуде. Осындай назар аударуға әбден лайық мамандықтардың бірі – фельдшерлік қызмет. Әсіресе, ауылдық жерлердегі фельдшер – жергілікті медицинаның тірегі, алғашқы әрі кейде жалғыз көмек көрсетуші тұлға.

Жүрекпен жасалатын таңдау

Құрманғазы аудандық ауруханасының жедел жәрдем бөлімінде қызмет атқарып жүрген Айнұр Жұматқызы мен Қуандық Сәрсембаев – осы саланың шын мәніндегі ардақты өкілдері. Олардың көп жылғы тәжірибесі, кәсібіне деген адалдығы мен адамгершілікке толы көзқарасы – фельдшер мамандығының қадір-қасиетін айқын сипаттап береді.

Медицина – жай ғана білімді қажет ететін сала емес, ол – жүрек қалауымен таңдалатын, адам өміріне араша түсу үшін жан-тәніңмен қызмет етуді талап ететін мамандық. Осыны терең сезінген Айнұр Утесова бұл жолды бала кезден армандап, бүгінде 24 жылдан бері жедел жәрдем қызметінде табандылықпен еңбек етіп келеді. Адамдарға көмектесу, дер кезінде жанын аман сақтап қалу – оның өмірлік мұратына айналған. Ал Қуандық Сәрсембайұлы үшін фельдшер болу – жай ғана жұмыс емес, бұл – адамға деген шексіз жанашырлықтың көрінісі. Ол бұл жолға жүрек қалауымен бет бұрған. Адам тағдыры таразыға түскен шақтарда шешім қабылдап, қолынан келгенше көмек көрсету – оның кәсіби бағдарына айналған.

Дала мен қала медицинасы

Қала мен ауыл медицинасы арасындағы негізгі ерекшелік – көмек көрсету мүмкіндігінің көлемінде ғана емес, фельдшерге артылатын жауапкершілікте де жатыр. Қалада кез келген шұғыл шақыртуға білікті мамандардан тұратын дәрігерлік топ бара алады, ал ауылда бұл мүмкіндіктер шектеулі. Сол себепті, Айнұр Утесова мен Қуандық Сәрсембаев секілді ауыл фельдшерлері науқастың жағдайын бағалап қана қоймай, кейде диагноз қойып, ем-дом белгілеуге, тіпті өмір мен өлім арасындағы шұғыл шешімді бір өзі қабылдауға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда тек білім емес, батылдық, біліктілік және мол тәжірибе қажет.
Ауыл фельдшерінің күнделікті қызметі – әр секундпен өлшенетін, шұғыл әрекетті талап ететін жүйелі жұмыс. Кенеттен ауыр хәлдегі шақыртулар, қиын жағдайдағы науқастар, жанұшыра көмек сұраған туыстар – мұның барлығы фельдшерді мықты психологиялық дайындыққа баулиды. Қуандық Сәрсембаев мұндай сәттерде сабыр мен салқынқанды әрекет етудің маңыздылығын атап өтеді. Ол үшін бастысы – науқастың өмірін сақтау, шұғыл шешімдерді дұрыс қабылдау. Ал Айнұр Жұматқызы науқаспен алғашқы қарым-қатынас сәтінен бастап сенім мен түсіністік орнатуға тырысады. Оның айтуынша, жылы сөздің, мейірімнің де емдік күші бар.

Күтпеген сәттің куәгері

Фельдшерлік қызметтің ерекше қырларының бірі – әр шақырту ешбіріне ұқсамайтын оқиғаларға толы. Бұл мамандықтың қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Қуандық Сәрсембаевтың айтуынша, фельдшер кейде адамның ғана емес, төрт аяқтылардың да "үмітіне" айналып кететін кездер болады.

Мысалы, бір күні Қуандыққа шұғыл шақырту келіп түседі. Мекенжай нақты көрсетілген, қоңырау иесі жедел келуді өтінген. Жолда келе жатып, олар аса ауыр жағдай болуы мүмкін деп болжап, жылдам жетуге тырысады. Үйге кірген сәтте жағдайды анықтамақ болып: «Шақырту берген сіз бе?» – деп сұрайды. Үй иесі сабырлы түрде: «Жоқ, бөлмеге өтіңіздер» дейді. Бөлмеге кіргенде, ешкім жоқ. Таңданып тұрған сәтте үй иесі: «Мен мысығым үшін шақырдым, біртүрлі қимылдап жатыр» деп байыппен жауап беріпті.

Мұндай жағдай бастапқыда тосын әрі күлкілі көрінгенімен, фельдшерлер кәсіби этикамен сабырлық сақтап, жедел жәрдем тек адамдарға арналғанын сыпайы түрде түсіндірген. Бұл – фельдшер жұмысының адам сенгісіз күтпеген сәттерге де толы болатынының бір дәлелі. Мұндай оқиғалар сырт көзге күлкілі көрінсе де, фельдшерлер үшін әрбір шақырту – байыппен, жауапкершілікпен қаралуы тиіс жағдай. Өйткені олар үшін ең бастысы – адамдардың сеніміне селкеу түсірмеу.

Алғыс арқалаған жандар

Фельдшерлік жедел жәрдем бригадасының жұмысын үйлестіру – науқастың тағдырын шешетін ең маңызды фактор. Аудандық аурухана бригада құрамында жүргізуші Ринат Теміржанов та қызмет етеді. Жүргізуші тек көлік тізгінінде ғана емес, қажет кезде науқасты зембілмен көтеріп, тасымалдауға, кейде тіпті реанимациялық іс-қимылдарға да атсалысады. Команданың әрбір мүшесі өз міндетін нақты білсе, әрекет үйлесімді болған жағдайда көмек көрсету тиімділігі едәуір артады. Бұл – тек кәсіби тәжірибе ғана емес, адам өміріне бей-жай қарамайтын үлкен жүректің көрінісі.

Медицинада тоқмейілсуге, “бәрін білем” деуге орын жоқ. Бұл салада дамуға деген ұмтылыс – өмірлік қажеттілік. Қуандық Сәрсембаев қазіргі заман медицинасының жаңалықтарынан тыс қалмауға тырысады. Ол шұғыл көмек көрсетудің халықаралық стандарттарын меңгеріп, үздіксіз білімін жетілдіруді өзіне міндет санайды. Айнұр Утесова да өзінің кәсіби біліктілігін тереңдетуге ұмтылып жүр. Ол реанимация мен интенсивті терапия саласында тәжірибе жинақтауды көздейді. Екеуінің де мақсаты ауыл халқына сапалы, дер кезінде медициналық көмек көрсету арқылы ел игілігіне қызмет ету.

Фельдшерлер – ауыл халқына ең жақын медициналық тұлға. Олар тек жедел жәрдем қызметкері ғана емес, ақылшы, кеңесші, тіпті кейде психологиялық демеуші рөлін де атқарады. Айнұр мен Қуандықтың айтуынша, тұрғындар оларды өз туыстарындай қабылдап, жиі алғыстарын айтып жатады. Бұл сенім – жылдар бойғы еңбектің, адал қызметтің жемісі дейді олар.

Тобықтай түйін

Фельдшер – бұл шын мәнінде, адам өмірінің күзетшісі. Себебі, уақытпен жарыса жүріп, әрбір секундтың маңызын жете түсініп жұмыс істейді. Әсіресе, ауылдық жерде, медициналық қолжетімділік шектеулі жағдайда олардың рөлі өлшеусіз. Ендеше, бүгінгі кейіпкерлеріміздің кәсіби жолы – бұл мамандықтың қаншалықты күрделі әрі қадірлі екенін дәлелдейтін нақты мысал. Олар – алғашқы көмек көрсететін емес, алғашқы үміт сыйлайтын тұлға. Бұл мамандық – тынымсыз еңбек пен адам өміріне деген шынайы жанашырлықтың көрінісі. Сондықтан да бұл саланың майталмандары қандай құрметке де лайық.

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT