Ектіруден бас тартқан ата-ананың кесірі баласына тиеді

Иммунопрофилактиканың өзекті мәселелері

Ауданымызда соңғы кезде ата-аналардың діни көзқарасына қарай балаларын ектіруден бас тартуы - алаңдатып отырған мәселелердің бірі. 2019 жылы 54 бала екпе алмаған болса, 2020 жылдың 3 айы қорытындысымен 26 бала екпе алмаған (БЦЖ, ВГВ-20) яғни, перзентханадан алынуы қажет екпелермен егілмеген, соның ішінде 26 жаңа туған нәресте Құлсары қаласынан. АбКДС1+ВГВ2+ХИБ1+ИПВ1+ПНЕВМО1-4, АбКДС2+ХИБ2+ИПВ2-2 екпелерін алмай отыр. Ал бұл екпелер баланың денсаулығы үшін өте қажет. Бұлар қандай аурулардың алдын алады, енді соған тоқталайық.

Күл (дифтерия) - бұл жұқпалы бактериялық ауру, адам күлмен сырқаттанған кезінде тамақ ішінде қалың қабықтың өсуі және тыныс жолдарының бітелуі байқалады. Иммундаудың енгізілуі күлмен ауырушыларды айтарлықтай азайтты. Бірақ соңғы жылдары жоғарыдағы дін жолында жүрген ата-аналардың кесірінен екпе жасалған балалар санының азаюына байланысты күл (дифтерия) ауруы қайтадан көбее бастады.

Көкжөтел (коклюш) - тыныс алу жүйесінің қауіпті жұқпалы бактериялық ауруы. Ол балалардың тыныс алуын қиындататын қатты жөтелдің себепшісі болып табылады. Бұл ауру осы уақытқа дейін жиі кездесуде, бірақ екпе аурудың өту барысын жеңілдетеді. Екпе жасалмаған балаларда жөтелдің ауыр ұстамасы байқалады. Екпе тек балаларға жасалады.

Сіреспе (столбняк) – бұл да жұқпалы бактериялық ауру, оның алғашқы белгілерінің бірі беттің шайнау бұлшық еттерінің жиырылуы (спазм) болып табылады. Ары қарай жиырылу мойын, кеуде, аяқ және қол бұлшық еттеріне таралады. Кеуде бұлшық еттерінің сіресіп салдануынан науқас өліп кетуі де мүмкін, себебі ол өздігінен дем ала алмайды, не қатты әлсіреп титықтайды. Бұл ауру әлі де кездеседі, бірақ иммундау нәтижесінде қазір әлдеқайда сиреді. Екпе туралы кітапшада берілген екпелер күнтізбесімен танысып, өзіңізге сіреспеге қарсы екпе дер кезінде жасалған не жасалмағанын тексеріңіз. Егер өзіңіз не балаңыз сіреспеге қарсы егілмеген болсаңыз (не қажетті екпелердің барлығын түгелдей қабылдамасаңыз), онда ауруды оңай жұқтыра аласыз. Жұқпалы сіреспе организмге мынадай қарапайым жолмен, мысалы жарақаттанған кезде, тот басқан шеге не бақша тырмасымен жарақаттану кезінде, тікен арқылы түседі. Бактериялар тотта не топырақта, әсіресе көңмен тыңайтылған топырақта өмір сүреді. Ескерту: күл, көкжөтел және сіреспеге қарсы екпе АбКДС деп аталатын біріккен екпе құрамында жіберіледі.

Полиомелит - ауыр вирустық жұқпалы ауру, ол жүйке жүйесін зақымдайды. Дене мүшелерінің тұрақты салдануының себебі бола алады. Бұрын екпе ине арқылы жіберілінетін, бірақ қазір тамшы түрінде қасықпен беріледі.

Қызылша (корь) - ұзақ уақыт бойы көп назар аударылмай келген өте қауіпті вирустық ауру. Ол мидың едәуір зақымдануына (энцефалит, яғни мидың қабынуы) соқтыруы мүмкін. Баланың 12 айлығында жасалған бір екпе және оны 6-7 жаста қайталау аурудан жақсы сақтайды. Әдетте екпе дененің ауруға қарсы тұруын қамтамасыз етеді.

Мысқыл (паротит- свинка)- балалық шақта жиі кездесетін жұқпалы аурулардың бірі, қазір оны екпе арқылы бақылауға болады. Мысқыл кезінде жұқпа сілекей бездерін зақымдайды. Жұқпаның миға түсуі (яғни менингит, энцефалит тудыруы мүмкін) және ұлдардың аталық бездерін зақымдайды.

Туберкулез - бұл туберкулез таяқшасынан туындайтын жұқпалы ауру. Туберкулез таяқшасы жөтелу, түшкіру және сөйлесу арқылы беріледі. Негізінен өкпені, бірақ дененің басқа бөліктерін де зақымдайды. Туберкулезге қарсы екпе- БЦЖ - 5 жасқа дейінгі балаларда туберкулездің аса ауыр және өлімге әкелетін түріне қарсы бірқатар қорғанысты қамтамасыз етеді.

Вирустық гепатит В(ВГВ) - бауырды зақымдайтын гепатит В вирусынан туындайды. Көптеген адамдар бұл аурудан жазылады, бірақ кейбіреулерінде созылмалы және қауіпті ауру дамуы мүмкін. Аурудан жазылған соң да, адам айналасындағыларға ауруды таратушы болып қалуы мүмкін. ВГВ қауіпті аурулардың, мысалы, бауыр беріштенуінің (цирроз), бауыр обырының (рак) даму қаупін жоғарылатады.

Егер сіз және сіздің отбасыңыз кейбір қосымша екпелерді алғыларыңыз келсе, онда бұл туралы өз дәрігеріңізбен сөйлесіңіз.

М. Бекарыстанова, А.Рожанова,

Жылыой аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің

сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы жетекші мамандары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521