Атырау облысында қызылша ауруының алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылып отыр.
Мамандардың айтуынша, инфекцияның таралуына бірнеше фактор әсер етеді, соның бірі — қоғамдық иммунитеттің төмендеуі және екпе салынбаған балалардың болуы. Егер уақтылы вакцинация жасалса, қызылша инфекциясы бақылауда ұстауға болатын ауру болып саналады.
Қазіргі таңда облыстық инфекциялық ауруханада 290 науқас ем қабылдап жатыр, олардың 137-сінің қызылша ауруын жұқтырғаны зертханалық талдау нәтижесінде расталған. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың 86%-ы — жоспарлы вакцинациядан өтпеген балалар.
Мамандар атап өткендей, қызылшаның бастапқы белгілері тұмауға ұқсас болуы мүмкін, бұл уақытында диагноз қоюды қиындатады. Нақты диагноз денеде бөртпе пайда болғаннан кейін және зертханалық талдаулардан соң қойылады. Бұл орайда алдын алу шараларының маңызы зор.
– Қызылшадан қорғанудың ең тиімді тәсілі – вакцинация. Біз ата-аналарды балаларға уақытында екпе салдыруға шақырамыз. Мұндайда ата-аналар өз баласын ғана емес, айналасындағыларды да қорғайды. Қызылшаға қарсы салынатын вакцина бірден 3 аурудан — қызылша, эпидемиялық паротит және қызамықтан сақтандырады. Кейбіреулер екпе салдарынан церебралды сал ауруы немесе эпилепсия пайда болуы мүмкін деп қауіптенеді, бірақ бұлардың вакцинацияға еш қатысы жоқ,- дейді инфекционист дәрігер Нұрфия Қизатова.
Дәрігерлердің айтуынша, қолданыстағы құрама вакцина Қазақстанда он жылдан астам уақыт бойы салынып келеді және өзінің қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеген. Егу жұмыстары балаларға 6 айдан бастап және 6 жасқа дейін Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Қызылшаға қарсы екпе тұрғындардың тіркелген жері бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Сонымен қатар, өңір тұрғындары қалауы бойынша жекеменшік медициналық орталықтарда ақылы негізде де вакцина ала алады. Айта кетейік, вакцинация кезінде айтарлықтай асқынулар тіркелмеген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ата-аналардың вакцинадан бас тартуының бір себебі – ақпараттандырудың жеткіліксіздігі екенін айтады.
– Тұрғындар екпенің пайдасы қаншалықты екенінен толық хабарсыз, соның кесірінен бас тартушылар да көп. Өңірде екпенің қауіпсіздігі мен тиімділігін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Құрбанов.
Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай толық бақылауда, облыс бойынша 671 балаға вакцина егілді. Сарашылар уақытында жоспарлы иммунизациядан өтуді ұсынады, өйткені жоғары деңгейдегі қоғамдық иммунитет инфекцияның таралуына жол бермейді.




