Естеріңізде болса, ауданымызда алғаш рет жүрек-қан тамырларына бір тәулікте тоғыз ота жасалып, онда жаңа технологиямен жабдықталған аудандық орталық ауруханада ангиограф аппаратын қолданған еді. Сәтті шыққан күрделі отаны Алтай қазағы профессор, кардиохирург, медицина ғылымдарының докторы, аурухананың кардио орталығының меңгерушісі Қадырбек Рамазанұлы қолға алды. Аудан жұрты өңірімізге білікті дәрігердің келгенін естіп, бір қуанып қалғаны рас. Бұған дейін де елімізде көптеген науқастың жүрегіне ота арқылы ем-дом жасап, өмірін ұзартқан ақ халатты абзал жанды жылыойлықтарға жақынырақ таныстыру мақсатында арнайы жолығып, сұхбаттасқан едік.
- Алдымен газет оқырмандарына өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
- Мен 1966 жылы 26 ақпанда Алтай аймағындағы Буыршын ауданында өмірге келдім. Жеті жасыма дейін ата-анамның жанында тәрбиеленіп, 1973 жылы сол ауданның Қостық ауылындағы бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, 1984 жылы білім ордасын үздік аяқтадым. Сол жылы Шыңжан медицина университетінің емдеу факультетіне оқуға түсіп, 1990 жылы бакалаврды да жоғары көрсеткішпен тәмамдадым. Оқуды аяқтай сала солтүстік Шыңжандағы Іле қазақ автономиялық облысының Күйтің орталық емханасына жүрек, қан тамырлар бөліміне қызметке орналасып, еңбек жолымды бастадым. Бүгінде отбасым Астана қаласында тұрады. Екі қызым бар.
- Бүгінде халықтың сүйікті дәрігерлерінің бірісіз. Мұндай жетістікке қалай жеттіңіз?
- Қандай қызмет жасасам да, алдымен, өзіме қатаң талап қоямын. Соның арқасында сүйікті қызметімді тереңірек зерттеп, нәтижелі зерттеулер жиі жүргіземін. Мысалы 1994-1995 жылдары Бейжіңде жүрек-қан тамыр аурулары бойынша арнайы ерекше тәрбиелеу оқуында білім алдым. 90-шы жылдардың екінші жартысында қызметім мені жаңа деңгейге көтерді. Бұл кезеңдерде мен «еңбек озаты, таңдаулы дәрігер» атанып, 1997 жылы өзім қызмет еткен орталық емхананың «Жас шебер» атағын еншіледім. Сонымен қатар, партия мүшесі болып қабылдандым. Көптеген ғылыми мақалалар жазып, баспа беттеріне жиі жариялап тұрдым. Атап айтсам, 1998 жылы «Жоғары қан қысым ауруының жүрекке тигізетін зардабы» атты мақалам облыс бойынша II дәрежелі сыйлыққа ие болып, 30-дан астам еңбегім мемлекеттік №1, №2 журналдарда қытай, шет ел тілдеріне аударылып, басылды. Соның арқасында 3 рет «Ұлттар ынтымақтастығының озаты», 3 рет «Озат дәрігер», 2 рет «Таңдаулы дәрігер» атақтарын иелендім. Бүгінде «Жоғары қан қысым аурулары және оны емдеу шаралары» мен «Практикалық электрокардиограмма қолданбасы» атты екі ғылыми кітап жаздым. Үшінші кітабымның алғашқы 60 беті жазылып тұр.
- Кардиохирургия саласына қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауға не түрткі болды?
- Анам жуырда 84 жасында о дүниелік болды. Бала кезімде есімде, анам қан қысымы көтеріліп, жиі ауыратын. Мектеп қабырғасында оқып жүрген оқушымын ғой. Сол кезде тезірек жетіліп, дәрігер атанып, анамды емдесем ғой деп армандайтын едім. Анам да осы уақытқа дейін «Бұл жасқа дейін аман жүруім сенің арқаң, сен болмасаң менің дәм-тұзым баяғыда-ақ таусылар еді» деп жиі айтатын. Міне, анамның көз алдымда аман жүруі үшін, оны емдеп, ауруынан айықтырсам деген мақсатпен дәрігер болуды қатты армандадым. Айтқандай, мектепті бітіріп, бірден медицина саласына оқуға түсіп кеттім. Ондай жоғары білім ордасына Қытайда екінің бірі түсе алмайды. Мектеп бітіріп, оқуға қабылданарда біздер үш саланы таңдаймыз. Емтихан қорытындысы бойынша ең жоғарғы балл жинағандар ғана медицина саласына түсіп, аз жинағандар кейінгі таңдаған мамандықтарға түседі. Мен бірінші осы медицинаны, екінші заңгер мамандығын, үшіншісі есімде жоқ, тағы сондай бір мамандық таңдадым. Дәрігер болу үшін емтиханнан бөлек Қытайда баланың мінезіне, өз-өзін ұстауына, тәртібіне қатты мән беретін. Бұл да емтиханның қосымша түрі еді. Себебі дәрігер болу үшін, алдымен, адамгершілік, адамдық асыл қасиет болу керек. Сонда ғана жақсы дәрігер шығады. Оқушы кезімізде тәртібі мықты шәкірттерге жыл сайын медаль тағатын. Сол арқылы жоғарғы білім ордасына оңай түсуге болады. Ал мен жыл сайын медаль алатынмын. Міне, осындай тәрбием мен үздіксіз алған білімімнің арқасында сынақтан сүрінбей өтіп, ұпайым да жоғары шығып, арманыма бір табан қадам жасадым.
- Алғашқы отаңыз есіңізде ма? Осы уақытқа дейін қанша ота жасадыңыз?
- Әрине, алғашқы жасаған отамды қайдан ұмытайын. 2001 жылы, мамырдың 8-і күні болатын. Ол жақта осы айда 7 күн демалыс береді. Мен сол уақыттары курс оқып жүріп, сәуірдің соңында аяқтадым. Ол ұзақ демалысқа тұспа-тұс келіп, сегізінші күні жұмысқа шыққан бойда ота жасауға тура келді. Сол сәтте менен басқа да дәрігерлер жүрді. Алайда мен ширақтау болдым ба, ойланбастан отаға кірісіп кеттім. Кейін ол сәтті аяқталып, бастығымыздың өзі жылдам аяқтағаныма таң қалып, батасын берді. Ал 1998-2020 жылдар аралығындағы есеп бойынша мен шамамен 16 000-нан астам коронарография және 8000-нан астам коронарлық тамырларды стенттеу отасына қатыстым. Бұдан бөлек 200-ден астам аяқ-қол артериясына, 100-ден астам мойын артериясына, 300-ден астам бүйрек артериясына стент орнатып, 400-ден астам науқасқа «денервация» отасын жасадым. Сондай-ақ өкпе, бауыр, көк бауыр, жатыр ісіктерін эмболизациялауды да сәтті аяқтап, 10 мыңдаған науқасқа арнайы кеңес бердім. Осы уақытқа дейін Қытай астанасы Бейжіңде, Америкада, Францияда, Испанияда, Ресейде, Австрияда, Сингапурде, Тайландта, Өзбекстан мен Қырғызстан мемлекеттерінде тәжірибе алмасып, перифериялық эндоваскулярлық хирургия саласында білімімді шыңдап, жүрек-қан тамыр, бүйрек, мойын, аяқ-қол артерияларына стент қою оталарын сәтті аяқтап жүрмін. Мақтанғаным емес, күні бүгінге дейін науқастардан ешқандай арыз-шағым түспепті.
- Жүрекке жасалатын оталар қаншалықты күрделі және қанша уақытқа созылады? Жүрек ауруы көбіне қандай жағдайда пайда болады?
- Ота адам күшімен немесе техникамен санаспайды. Оның ұзақ немесе жылдам аяқталуы науқастың тамыр жүйесіне байланысты. Жеңіл отаны А, В, С деген үш түрлі бөлікке бөлеміз. Олар өте сәтті өтіп жатса, әдетте бас-аяғы 10-15 минутта аяқталады. Оған себеп – науқастың жүрегіндегі түзу тамырлар. Ал кішкене қиындық туғызатын оталарда тамыр қатып қалып жатады немесе бұралып кеткені болады. Оларды игеріп, тамырды ұстаудың өзіне көп уақыт қажет болады. Кейде тіпті тамырдың жартысын таппай қалатын кезіміз де болады. Мұндай жағдайда ота 3-3,5 сағатқа созылады. 70% ота 40-50 минутта аяқталып жатады. Жүрек ауруларының түрлері өте көп. Олардың көп кездесетіні – тұқым қуалаушылық пен қарттық. Бұлар өзгермейтін факторлар. Ал өзгеріске ұшырай алатын түрлері: семіздік, адам бойындағы қанттың көтерілуі, майдың өсуі, темекі шегу, ішімдікке салыну, энергетикалық сусындар. Сондай-ақ экология мен қазіргі құрамын біз біле бермейтін азық-түліктер де, көптеген химиялық реакциялардың әсері де адамның жүрек ауруларына ұшырауына әкеліп соқтырады. Қазір бұған тағы 1-2 фактор қосылып отыр. Ол, мойындау керек, адамдарда жаяу жүру деген азайды. Қозғалыс жоқ. Бүгінде адамдар баяғыдай кір жумайды – кір машина бар. Тамақ істемейді – сырттан жей салады, таңнан кешке дейін отырып жұмыс жасаймыз. Қызметтен үйге дейін көлікпен барып, үйден жұмысқа көлікпен келеміз. Яғни, бойымызға кіріп жатқан энергиялар кері шығып жатқан жоқ. Соның кесірінен толық адамдар көбейді. Бұрын 45 жастағы азаматтарды жастар деп айтатын едік. Олар сырқаттанып келсе жүрек емес, қабырғаның ауруы шығар, төс сүйегінің сырқаттануы шығар немесе әйел адам болса омырауының безі, өңеш қабынып тұрған шығар деп жан-жақты қарайтын едік. Ал қазір шынымен «жүрегім шаншиды» десе, жүрек ауруына ұшырап жатады. Шыны керек, 45 жастағы адамдарды біз жас деп айта алмай қалдық. Себебі қазір 15-17 жастағы жасөспірімдер де инфаркт болып келіп жатады. 30 жастағы жастарда да жүрек ауруы көп.
-Жүрегі шаншып, мазалайтындарға қандай ақыл-кеңес айтасыз? Жылойлықтар сізге қаралу үшін қайда барады?
- Бірінші айтарым, бақсы-балгер, тәуіп, қазақ емді қоя тұру керек. «Ана кісі емдейді екен, мына кісінің қолы шипалы екен» деп қаражатты далаға шашудың қажеті жоқ. Аллаға қарсы келмеймін, әрине. Бірақ Алланың атын жамылып алып, ем ұсынатын адамдарға өкпелеймін. Ем іздеп әртүрлі жерге, әртүрлі адамға барады. Алайда сол саланың маманы, яғни дәрігерлерге бітетіні бітіп, кететіні кетіп, тозатыны тозып, уақыт өткізіп алғаннан кейін барып қаралып жатады. Онда да не бала-шағасы әкеледі, не «Жедел жәрдем» көлігімен амалсыз жеткізеді. Ал жергілікті тұрғындар, алдымен, аудандық емханаға барып, қаралып, жағдайы ауыр болған жағдайда маған келіп әр дүйсенбі түстен кейін қаралуына болады.
- Атамекенге қашан қоныс аудардыңыз және Қазақстанда қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
- 2007 жылы 21 желтоқсанда Абай Қабатайұлының шақыртуымен Қазақстанға оралып, Астанадағы республикалық ұлттық ғылыми медициналық зерттеу орталығының интервенционды кардиология және эндоваскулярлы рентгенхирургия бөлімінің алдыңғы қатарлы координаторы болып жұмысқа орналастым. Еңбегім атажұртымда да ескеріліп жатыр. Отанға келу себебім – Қытайда жинаған барлық тәжірибемді қазақстандықтарға арнағым келді. Және осы салада мамандар дайындап, еліміздің абыройын көтеруді көздедім. 2010 жылы республикалық медициналық ұлттық ғылыми зертеу орталығында профессор атандым және медициналық ұлттық ғылыми зерттеу орталығы атынан, 2011 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл толуына байланысты Астана қаласының әкімінің, 2014 жылы тұңғыш Президент күніне байланысты Алғыс хаттармен және 2015 жылы Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. 2016 жылы интервенционды кардиология тобының жетекшісі болып қызмет атқарып, 2017 жылы қажырлы еңбегімнің арқасында Денсаулық сақтау министрлігінің тағайындаған «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін иелендім. 2023 жылы Дүниежүзілік жүрек күнінде Шымкент қаласында мадақталсам, 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Шапағат» медалімен наградталдым.
- Бүгінде ізбасарларыңыз бар ма және Қазақстанның қай өңірлерінде жұмыс жасап көрдіңіз? Жылыой өлкесі ұнап жатыр ма?
- Мен атамекенге 2007 жылы келіп, тек ота жасаумен ғана айналысып жүрген жоқпын. 14 жыл ішінде ондаған интервенциялық кардиология маманын тәрбиелеп шығардым. Қазір олар еліміздің әр аумағында алдыңғы қатарлы бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарып жүр. Ал Қазақстанға келгелі Түркістан, Қарағанды, Шымкент қалаларында жұмыс жасап көрдім. Түркістанға 2021 жылдың қараша айында арнайы ұсыныспен келдім. Яғни, мұндағы Азия медициналық кардио орталығының құрылуына байланысты жас мамандарды тәрбиелеу мен облыстың кардиохирургия саласының деңгейін көтеру мақсатында жұмыс жасадым. Бұл ұсыныс аясында әлемдік деңгейдегі 1500-ге жуық ота жасалды. Атап айтсам, жүрек тамыр мойнына, созылмалы жүрек-қан тамырының жабылуына, жүрек тамырының тоғысқан немесе түйіскен жеріне, сондай-ақ жүрек-қан тамырларын стенттеу, ұйқы артерия-артериография, бүйрек-артериография, миома-эмболизацияларға арналған оталар жиі жасалды. Енді, міне, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің ұсынысымен Құлсарыға да келіп қалдым. Жылыой өлкесі, иә, ұнады. Халқы қонақжай, кең пейілді. Мен өзі адам да, жер де талғамаймын. Ең бастысы, елге пайдам тисе екен деген мақсатым бар.
- Отбасыңыз жөнінде білгіміз келеді. Өзіңіз айтқандай қос қызыңыз бар екен. Олар сіздің жолыңызды қуып, дәрігер атанғысы келе ме?
- Үлкен қызым менің жолымды қуды. Қазір медициналық оқу орнының магистратурасын аяқтап, эндокринолог дәрігер болып жұмыс жасап жатыр. Тұрмысқа шықты, қазір жиеніміз бар. Жолдасы да дәрігер. Әйелім де дәрігер. Ал кіші қызым «үш дәрігер жететін болар» деп Италияда халықаралық қатынастар мамандығы бойынша жоғары білім алуда.
Сұхбаттасқан Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ