Динара Болат: «Әдемі қартаюды қаласаңыз...»

Әдемі қартаюға да дайындық керек. Міне, осы мақсатта психолог, коуч, жиһанкез Динара Болатпен кездесу өтті. Жылы шырайлы жүздесу «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен 50 жастан асқан тұрғындарға арналған «Ешқашан кеш емес» жобасы аясында ұйымдастырылды. Еліміздің бас қаласы Астанадан арнайы келген мейманның қала тұрғындарына, оның ішінде әжелерге берер тағылымды әңгімесі мол болды. Жасамыс жандардың кәдесіне жарайтын құнды ақпараттар көп айтылды.

Шындығына келгенде, қазір отбасылық құндылықты сақтап, оны нығайта білу де – өнер. Жанұяның беріктігі мен заман көшінен қалмайтын ой-саналы балалардың тұлға болып қалыптасуына әсер ететін тәрбие бере білуі үшін ата-ананың сауатты, білімді, қоғаммен байланысы бар, көзі ашық, көкірегі ояу болуы шарт. Әсіресе, біз көріп жүрген кез келген жанұядағы әйелдер мен әжелердің көзқарасы, пікірі, ақыл-кеңесі бүтін бір отбасыға ықпал ететінін білеміз. Ал сондай болашақ әжелер қауымының «ескінің адамымыз» деген тұжырымды ұстауы заман талабына сай қалыптасып келе жатқан жас жанұяларға кедергі келтірмей ме екен?

Міне, осындай өзекті тақырып төңірегінде әңгіме өрбітіп, әдемі қарттыққа жету жолындағы маңызды әрекеттерді қамтыған кездесу №18 М.Сатыбалдиев атындағы білім ордасында өткен еді. Бес саусақ бірдей емес, жасыратыны жоқ, қоғамда кейбір әйелдердің 50 жастан кейінгі өмір сүру тәртібі келін-баласына, қыз-күйеуіне ақыл айтумен, олардың отбасылық өміріне араласумен ғана өтіп жатқаны шындық. «Мен сені өмірге әкелдім, сен мені бағуға міндеттісің» деген пікірді ұстанатын ата-аналардың да қарасы көп. Осыған ұқсас қате пікірмен күн кешіп, өз ғұмырын да, өзгенің өмірін де қиындатып, түймедей нәрсені түйедей етіп жүрген аналар да бар. Сол кісілерге қатысты көптеген ашық әңгімелерді Динара Болаттың өз аузынан естіген халық оның әр сөзін ден қойып тыңдады. Шараға ауданымыздың 50-ден асқан тұрғындарымен қоса, әжелер, жас аналар, сонымен қатар, психологты арнайы іздеп келген келіншектер де қатысты.

«50+ ешқашан кеш емес» – кемелдену жасындағы адамдардың жан-жақты дамып, қоғаммен бір толқында болуына ықпал ететін бірден-бір жоба. Мұнда тек қана әдемі қартаюға арналған шаралар ғана өтіп тұрмайды. Еңселі елу жаста да үлкендердің қабілетін ашуға көмектесетін вокал, йога, ағылшын тілін меңгеру сабақтары да қарқынды түрде апта сайын жүріп жатыр. Одан бөлек, қаржы сауаттылығын арттыратын курстар, түрлі шеберлік сабақтары, атап айтқанда, тоқыма тоқу, қыштан құмыра жасау сияқты тақырыптарды қамтыған жоба ай сайын ұйымдастырылады.

-Қоғамда өз бала-келініне тыныштық бермейтін аналар көп. Ана өз баласын бағып-қағып, өсіріп, бөлек отау қылғаннан кейін оны міндет қылмау керек. Сіздер өмірді балаңыздан бұрын көріп тастадыңыздар, сол үшін сіздер олардан әлдеқайда мықты болуларыңыз қажет. Қай бала да анасын мықты тұлға санайды. Сіздің тәрбиелеп өсірген балаңыз азамат болып, отау құрғанда оның өзінің де жастық шағында басынан өткеретін қиындықтары болады. Өз отбасын, бала-шағасын асырауы керек. Сол үшін баланың басына одан әрі қиындық туғызбаңыздар. Әр адам өзінше күн көру керек, - дейді психолог Динара.

«Ақыл – жастан. Әдемі қартаюды қаласаңыз, жастарды тыңдаңыз» деген оймен бар білгенімен бөлісіп, қала тұрғындарының өмір сүруін жеңілдетуге арналған тың ақпаратын арқалап әкелген Динара Болат – бүгінде «Соңына дейін әйел», «Өмірге шексіз ғашық» атты кітаптардың авторы. 44 елді аралаған жиһанкез блогердің қала халқымен кездесуі ойдағыдай өтіп, қатысушылардың көңілінен шықты.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521