Диагнозды дәл тапқан дәрігер

Биылғы Наурыз мерекесінің бір күнінде үш айлық сәбиім Әлимұхаммед Аманжан қатты ауырып, «Жедел жәрдеммен» аудандық орталық ауруханадан бір-ақ шықтық. Бізді сол күні кезекшілікте тұрған жалпы тәжірибелік дәрігер Света Ділімбетова жылы ұшырай қарсы алып, емдеді. Ұлымды мұқият қараған ақ халатты абзал жан медициналық талдаудан (анализ) өткізіп, баламның ауруының диагнозын дәлме-дәл анықтап берді. Соның арқасында қажетті ем-домын алып, белгілі бір уақыттың ішінде жазылып кеттік.

Бүгінде ана ретінде мені дәл сол күні Света Арыстанбайқызының қабылдауына тап келтірген Тәңірге шүкіршілік етумен келемін. Өйткені бізге оң қабақ танытып, жақсы қабылдауы менің көңіліме жылылық ұялатқаны өз алдына, бөбегімнің бойымдағы ауруды уақытылы әрі дәл анықтауы үлкен көмек болды.

Сондықтан сәбиімнің емін жалғастыру үшін менің оның алдына қайтадан бардым. Сөйтсем ол қаладағы V ықшам ауданның учаскелік дәрігері, әрі шалғайдағы Майкөмген ауылындағы амбулаториялық емхананың да бас дәрігері ретінде қосымша қызмет атқарады екен. Ал біз болсақ 1-ауылда тұрамыз, мүлдем басқа учаскенің науқасымыз. Бірақ солай екен деп Света апай бізді кері қайтарған жоқ. Керісінше, ақ халатты абзал жанға тән мінсіз мінезімен тағы да жылы ұшырай қарсы алып, ұлымның анализдерін айырып, қайда, кімге қаралу керектігін айтып, ақыл-кеңесін аямады. Сол кісінің анықтаған дәл диагнозымен және бағыт-бағдар сілтеуімен тиісті ем-дом шараларын уақытылы қабылдап, бүгінде алты айлық ұлым ауруынан құлан-таза айығып, дені сау болып өсіп келеді.

Света Арыстанбайқызының тағы бір жақсы қасиеті – ол алдына келген науқас жандар ем-дом алып кеткеннен кейін де ұмытпай, жағдайын сұрап тұрады екен. Оған өз басым көз жеткіздім. Кейін өз учаскеме барғанымда мейірбикеме бас дәрігер Света Ділімбетованың хабарласып, менің және ұлымның жағдайын сұрағанын білдім. Осының өзі ана мен баланың бойына рухани күш беріп, тез сауығып кетуімізге жол ашты. Оның үстіне осы Света апайдың білікті дәрігер ретінде дәл тауып, қоя білген диагнозының арқасында баламның бойындағы ақауды дер кезінде анықтап, аурудың асқынып кетпеуіне жол бермедік.

Иә, осындай ақ халатты абзал жандар барда ел ертеңі – балаларымыздың дені сау ұрпақ атанып, болашаққа нық сеніммен қадам басарымыз хақ. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, ақ халатты абзал жандар – Света Ділімбетованы және ұлымның жалпы денсаулығына қарасқан аудандық емхананың дәрігерлері - дерматолог Лаура Қаниева, учаскелік мейірбикелер Қалығыз Көпенова, Шархат Сәдуақасова, баламның дені сау болып өмірге келуіне күш салған акушер-гинеколог Айгүл Базароваларды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне жеміс, толағай табыс тілеймін!

Ә.БИСЕКЕНОВА,

көп балалы ана

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT