Денсаулық жайы алаңдатады

Жақында аудандық емханада аудан әкімдігі жанындағы халық денсаулығын қорғау жөніндегі өңірлік ведомствоаралық үйлестіру кеңесі өтті.

Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова жүргізіп отырды. Оған облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Мәншүк Аймұрзиева және өзге де комиссия мүшелері қатысты.

Алдымен, сөз алған аудандық орталық аурухананың директоры Нұрбек Үкібаев аудандағы биылғы 10 айдағы халық денсаулығы ахуалына кеңінен тоқтады. Яғни демографиялық жағдайға елеулі әсер ететін аурулардың бес тобы бойынша қандай медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтты.

Жалпы, аудандық орталық аурухананың құрамына емхана, теміржол филиалы, Жаңа Қаратон кенті және және бес ауылдық округ дәрігерлік амбулаториясы кіреді. Медициналық ұйымдардың заманауи медициналық аппараттармен және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе науқастар үшін ауадай қажет гемодиализ және өзге де ультра дыбыстық зерттеу құрылғыларының әкелінгені құба-құп болды. Орталық аурухана директорының айтуынша, биыл сала бойынша 15 жас маман іске кіріскен. Әзірге науқастарды стационарға жоспарлы жатқызуға мүмкіндік болмай отыр.

Нұрбек Алексейұлы аудандағы денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерімен таныстырды. Мәліметтерге иек артсақ, биыл былтырғымен салыстырғанда туу көрсеткіші азайған, ал жалпы өлім-жітім көрсеткіші өскен. Оның айтуынша, өлім-жітімге бес фактор әсер етіп отыр. Яғни сәби өлімі, жазатайым оқиғалар мен жарақаттардан, қатерлі ісіктен, қан айналым жүйесі ауруларынан және туберкулезден болатын өлімдерде өсім бар. Биыл қатерлі ісікке, туберкулезге, қан айналым жүйесі ауруларына алғаш шалдығушылар көбейген.

- Салыстырмалы жағдайда перзентханада шетінеу және сәбилердің үйден шетінеуі алдыңғы орында тұр. Ауру құрылымында перинаталды кезеңдегі кейбір жағдайлар немесе жүктілік кезеңіндегі әсер етуші бірнеше фактордың себебінен шетінегендер саны бірінші орынды құрады, екінші алаңдатушы жайт – кездейсоқ орын алған жағдай немесе механикалық тұншығу, үй жағдайында емізілген сүтке, ана омырауына тұншығу, - дейді ол.

Ал биыл, былтыр ана өлім-жітімі тіркелмегенмен, ана денсаулығын қорғау қызметі әлі де талапты күшейтуді қажет етеді. Әсіресе әйелдердің арасында жатыр мойны қабынуы кең етек алған. Комиссия отырысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің бас маманы Ұлжан Мұхтарова 2018 жылдың 10 ай қорытындысы бойынша босандыру қызметі жөнінде медициналық көмек көрсетудің жол картасының орындалысы мен жүкті және фетильді жастағы әйелдерге медициналық көмек аясында туындайтын мәселелерді шешу жолдарын қарастыру туралы баяндама жасады. Ал балалар қызметі жөніндегі медициналық көмек көрсету және өлім көрсеткіштері туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының шаттан тыс бас педиаторы Райса Баймұханова сөз сөйледі. Биылғы 10 ай қорытындысы бойынша жіті инфаркт миокард кезінде медициналық көмектің кешенді моделін енгізу бойынша баяндама жасаған облыстық кардиологиялық орталығы директорының орынбасары Сандуғаш Жұманәлиева жақсы мәлімет келтірді: ауданда жүрек ауруы бәсеңдеген. Бұдан кейін облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері директорының орынбасары Гүлжанат Бекболатова мен облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Гүлнафис Рахметовалар баяндама жасады.

Әрбір баяндамашыға басқарма басшысы сауал қойып отырды. Әсіресе ауданда күрт өскен кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік мәселесі, екпеге қарсылық көрсетуші ата-аналар жайындағы мәселелер кеңінен талқыланды.

С.МҰРАТҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521