«Денсаулық алауы» ауданымызда

Астана қаласының 20 жылдығы және «Саламатты өмір салты жылы» кешенді өңірлік іс-шарасын іске асыру мақсатында облыс бойынша өтіп жатқан «Денсаулық алауы» эстафетасы өткен аптада ауданымызға келді.

Махамбет ауданынан бастау алып, Құрманғазы, Исатай, Индер, Қызылқоға ауданында тұтанған алауды қызылқоғалық делегация Жылыой жеріне жеткізді. Орталық алаңға аудан тұрғындары жиналып, жастар мен спортшылар, дәрігерлер мен аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары делегат жүріп өтетін дәліз жасап тұрды. Бір кезде автокеруен де келіп жетті. Эстафеташыларды жылыойлықтар үлкен қошеметпен қарсы алды. «Нұр Отан» партиясы Қызылқоға аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Альберт Аққайнанов, денсаулық саласының ардагері Дәмеш Есқуатов, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сұңғат Закарияев, Қызылқоға аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асқар Ақтаев бастаған қызылқоғалықтар орталық көшені жүгіріп өтіп, сахнаға көтерілді.

Алғашқы сөзді Альберт Аққайнанов сөйлеп, «Денсаулық – зор байлық» деген сөздің түпкі мағынасын ашып, эстафетаның мақсатын түсіндіріп берді. Жиналғандарды спортпен шұғылдануға, денсаулықтарына зор жауапкершілікпен қарауға шақырды. Бұдан соң «Денсаулық алауын» аудан әкімінің орынбасары Қаһарман Бағыновқа табыс етті. Қаһарман Дәуренұлы әр елдің болашағы халқының денсаулығына байланысты екенін айтып, бүгінгі шарадан тұрғындар, әсіресе жас ұрпақ үлкен ой түйсе екен деген тілегін жеткізді. Салтанатты түрде алауды тұтатты. Бұл күні аудандық орталық емхананың ұйымдастыруымен медицина қызметкерлері тұрғындарға тегін қызмет көрсетті. Онда қан қысымын өлшеп, қандағы қант мөлшерін тексерді. Сондай-ақ бой мен салмақ өлшеу үшін арнайы ұзындық пен таразы қойылған. Көпшілікке ЖИТС орталығы мен Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары, психологтар кеңес беріп, аурулардың алдын алу, денсаулықты күтуге үндейтін парақшаларды таратты. Жастар ортада флешмоб биледі. Өнерпаздар ән салып, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Ал ауданымыздың жас спортшылары таэквондо жаттығуларын көрсетті. Бұдан соң «Денсаулық алауы» Мақат ауданына жол тартты.

П.ҚИЗАТОВА,

Суреттерді түсірген: Ә.ДӘРМЕНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521