Ауданымыздағы демографиялық ахуалдың маңызды көрсеткіштерінің бірі – жыл сайын дүниеге келетін сәбилер саны. Ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет пен әлеуметтік қолдау осы көрсеткішке тікелей әсер етеді. Осы орайда біз аудандық перзентхананың акушер-гинеколог дәрігері, ординаторы Руслан Айкеновпен сұхбаттасып, бүгінгі ахуал туралы сұрап білген едік.
– Перзентханада қанша сәби дүниеге келді және қанша әйел босанды? Егіздер немесе үшемдер болды ма?
- 2025 жылдың басынан бері өңірде 1063 сәби дүниеге келді. Оның ішінде төрт егіз бар. Жаңа жыл қарсаңында екі ұл бала өмірге келіп, жылдың алғашқы сәбилері атанды. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейін перзентханада 50 босану тіркелді. Медициналық мәліметке сүйенсек, осы уақыт аралығында 50 ана кесір тілігі арқылы босанған. Барлық босанулар дәрігерлердің бақылауымен өтіп, ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлінді. Дәрігерлер мен мейірбикелер күн-түн демей, аналар мен сәбилерге көмек көрсетеді. Олардың тәжірибесі мен білімінің арқасында жаңа туған әр бала аман-есен дүниеге келеді. Ал аналардың шыдамдылығы мен сенімі осы сәттерді ерекше етеді. Әрбір дүниеге келген сәби – отбасының бақыты, елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Жаңа жыл тағы да жаңа өмірлермен басталып, барша жұртқа үміт пен қуаныш сыйлады.
– Күніне орта есеппен қанша әйел босанады?
– Орта есеппен ауданда күн сайын 5-тен 10-ға дейін әйел босанады. Бұл сандар жай ғана статистика емес, әр босану бір отбасыға қуаныш сыйлап, жаңа өмірге жол ашады. Әрбір жаңа туған сәби – ауданның болашағына қосылған үлес. Ол тек ата-анасына ғана емес, бүкіл қоғамға үміт сыйлап, өмірдің үздіксіз жалғасуын білдіреді. Қарапайым статистиканың артында үлкен өмір, үлкен жауапкершілік пен үлкен қуаныш жатыр.
– Кесір тілігінің көбею себебі неде?
– Қазіргі таңда кесір тілігі арқылы босанатындар жиілеп отыр. Бұл – әйел мен нәрестенің өміріне қауіп төнген жағдайда қолданылатын қауіпсіз хирургиялық әдіс. Бір рет кесір тілігімен босанған аналарға белгілі бір уақыт аралығында күтіну қажет. Алайда кей жағдайда аралық сақталмайды. Соның салдарынан бірнеше рет кесір тілігімен босануға тура келеді. Шет елдерде төртінші-бесінші баланы кесір тілігімен босану сирек кездеседі. Ал біз үшінші рет кесір тілігімен босанған аналарға жатыр түтікшелерін байлауды ұсынамыз, бірақ көпшілігі одан бас тартады. Бұл да кесір тілігінің көбеюіне әсер ететін факторлардың бірі. Екіншіден, соңғы жылдары әйелдер арасында жоғары қан қысымы, қант диабеті, семіздік жиілеп кетті. Дұрыс тамақтанбау, фастфуд өнімдерін шамадан тыс тұтыну, қозғалыстың аздығы осы аурулардың жасарып бара жатқанына себеп болып отыр. Ал бұл жағдайлардың барлығы кесір тілігіне алып келуі мүмкін. Сондықтан әрбір адам, әсіресе болашақ аналар өз денсаулығына бейжай қарамауы тиіс.
– Мерзімінен бұрын босану жиі кездесе ме? Мұндай жағдайда аналар қайда босанады?
– Мерзімінен бұрын босану – қазіргі таңда жиі кездесетін жағдайлардың бірі. Мұндай кезде ана мен бала қауіпсіздігі бірінші орында тұрады. Сондықтан көп жағдайда аналарды алдын ала облыстық перинаталдық орталыққа жіберуге тырысамыз. Егер сәби мерзімінен бұрын дүниеге келсе алғашқы медициналық көмек Құлсарыда көрсетіледі. Кейін жағдайына қарай ем-шаралар жүргізіледі. Дәрігерлер аналарға кез келген белгі байқалса, дер кезінде медициналық көмекке жүгінуді үнемі ескертеді.
– Ауыр салмақпен дүниеге келетін сәбилер бар ма?
– Иә, соңғы жылдары ауыр салмақпен туылатын сәбилер саны артып келеді. Бұл көбіне жүкті әйелдер арасындағы эндокриндік аурулардың, әсіресе қант диабеті мен гормоналдық бұзылыстардың көбеюімен байланысты. Мұндай аналардың балалары 4 келіден жоғары салмақпен дүниеге келеді. Сондықтан болашақ аналарға жүктілікке дейін және жүктілік кезінде толық медициналық тексеруден уақытылы өтіп, дұрыс тамақтануға кеңес береміз. Бұл – ана мен бала денсаулығын сақтаудың басты шарты.
– Әйел адам босануға қалай дайындалуы керек?
– Босануға дайындалу – әрбір әйел үшін үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды кезең. Әсіресе алғаш рет босанатын аналарға бұл кезеңде жан-жақты қолдау мен дұрыс кеңес аса қажет. Қазіргі таңда әйелдер емханасында босануға дайындық мектептері жұмыс істейді. Бұл сабақтарға қатысу арқылы болашақ аналар дәрігерлер мен мамандардан пайдалы кеңестер алып, босану барысы туралы толық мәліметке қанығады. Сонымен қатар арнайы жаттығулар арқылы әйелдің физикалық дайындығын арттырып, жалпы ағзаны босануға бейімдеуге мүмкіндік бар. Босануға алдын ала дайындалу ананың өзіне деген сенімін арттырып, босану процесінің жеңіл өтуіне көмектеседі. Ең бастысы, мұндай дайындық дені сау баланың дүниеге келуіне және болашақ ананың саулығын сақтауға жол ашады.
– Жүктілік кезінде қандай кеңес берер едіңіз?
– Жүктілік – әйел өміріндегі ең жауапты әрі ерекше кезеңдердің бірі. Осы уақытта болашақ ананың өзін-өзі ұстауы, өмір салты мен денсаулығына деген көзқарасы құрсақтағы баланың дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан жүктілік кезінде өз-өзіне мұқият қарап, дәрігер кеңестерін қатаң ұстанудың маңызын ерекше атап өткім келеді. Ең алдымен, жүкті әйел стреске жол бермеуі керек. Көңіл-күйдің жиі өзгеруі, уайым мен мазасыздық ана ағзасына ғана емес, баланың жүйке жүйесіне де кері әсерін тигізеді. Сол себепті тыныштық сақтап, жеткілікті демалып, жағымды орта қалыптастыру аса маңызды. Сонымен қатар күнделікті тамақтану рационына ерекше көңіл бөлу қажет. Ағзаға қажетті ақуыз, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері жеткілікті болуы тиіс. Әрқашан дәрігерлер дәрумендерге бай тағамдарды көбірек тұтынуды және жүктілікке арналған витаминдерді уақытылы қабылдауды ұсынады. Бұл ана ағзасының әлсіреуіне жол бермей, баланың дұрыс дамуына ықпал етеді. Жүктілік кезінде дәрігерге уақытылы қаралу да маңызды. Барлық жоспарлы тексерулерден өтіп, қажетті анализдерді тапсыру арқылы жүктіліктің барысы бақылауда болады. Бұл түрлі асқынулардың алдын алуға және қауіпті жағдайларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Аналарға айтар кеңесім, жүктілік кезінде өзін дұрыс ұстаған, денсаулығына жауапкершілікпен қараған ана болашақта дені сау, мықты баланы дүниеге әкелуге үлкен мүмкіндік алады. Сондықтан әрбір жүкті әйел бұл кезеңге жеңіл-желпі қарамай, өзіне де, болашақ сәбиіне де қамқор болуды басты міндет санауы тиіс.
– Руслан Айкенов, бұл сұхбат арқылы өз денсаулығын екінші орынға қоятын аналар мен болашақ ана болатын қыз-келіншектерге ой тастадық деген сенімдемін. Қарбалас жұмыс арасында уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рақмет.
А.Махамбетова




