Дәрігерлер Жолдауды талқылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын дәрігерлер қауымы жылы қабылдады. Өйткені Жолдауда еліміздегі медицина саласына, соның ішінде ауыл медицинасына айрықша көңіл бөлінген екен. Таяуда аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінде осы маңызды құжатты ұжымдастармен бірге талқылап, жан-жақты пікір алмастық.

Әсіресе, Жолдаудағы «Екі жыл ішінде 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер салынады» деген Президент сөзіне қуандық.

«Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды.

Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады.  Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, телемедицина бағытын  дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады.

Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді»-деді Мемлекет басшысы.

Жолдауда айтылған жайттардың бәрі де ақиқат, оны медицина қызметкері әрі депутат ретінде өзім де көріп келемін. Ауылдық жерлердегі емдеу мекемелерінің жағдайын жақсартатын кез келді. Дәрігер мамандар тапшы екенін бәріміз жақсы білеміз. Кейінгі жас буын арасынан мамандар дайындау үшін грант саны артады деген шешімге риза болдық. Еліміздің медицина саласына қатысты айтылған осы тапсырмалар емдеу сапасын жақсартып, халқымыздың денсаулығын нығайтуына септігін тигізетіні анық. Перзентханадағы  әріптестеріміз Жолдауға қатысты өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды.

Сәуле МӘМБЕТОВА,

аудандық перзентхана бөлімі басшысы,

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521