Дәрігерлер династиясы

-Мамандық таңдауыма әкем себепші болды. Көзі тірісінде ұл-қыздарының білімді, көкірек көзі ашық болып өсіп,халықтың алғысын арқалағанын қалады. Сол себепті мен дәрігер болуды бала кезімнен армандадым. Себебі, ауылдық жерде дүниеге келдім. Ол кезде медицина дамымаған кез. Әсіресе стоматологтың аздығынан ауыз қуысы аурулары көбейген-ді. Теледидардан әдемі қыздардың маржандай тізілген меруерт тістерін көріп, ауылдастарымның да осылай жарқырап жүргенін қаладым. Сөйтіп тіс дәрігері боламын деген байламға келдім. Арманым - аудан жұртының алғысын алып, ауылдастарымды ауыз қуысының тазалығына үйреткім келді,-дейді бізбен әңгімесінде Майра Дүйсенова.

Ол 1961 жылы Тұрғызба ауылында дүниеге келді. М.Әуезов атындағы мектепті аяқтаған бойжеткен сол кездегі шұбартаулық жастардың бастамасын қолдау мақсатында «Армандастар», «Аққулар», «Гүлдер» атты ауылдан құрылған комсомол-жастар бригадасында екі жыл еңбек етті. Міне, содан кейін барып аудандық атқару комитетінің жолдамасымен Алматы медициналық университетіне қабылданып, 1986 жылы тіс дәрігері мамандығын алып шықты. Осы саладағы алғашқы еңбек жолын аудандық орталық аурухананың әйелдер бөлімінде тіс дәрігері болып бастады. Болашақ аналарды ауыз қуысы ауруынан сауықтырып, санитарлық-гигиеналық ағарту жұмыстарын жүргізу жас дәрігерге оңайға соққан жоқ. Сан түрлі қиындықтармен бетпе-бет келді.

-Дәрігерлік қызметімнің 36 жылында түрлі жағдайлар көп кездесті. Соның бірі - бір жас келіншектің басынан өткен жағдай. Ол маған алғаш келгенде ем-дом жасап «екі күннен кейін қайта кел» деп ескертіп жіберген едім. Бірақ ол көрінбей кетті. Арада бір ай өткенде қайтып келіп қаралды. Ауруы асқынып кеткен, жағдайы ауыр. Сөйтсем, біреулердің айтуымен қазақ еміне қаралыпты. Емші оған «саған көз тиген екен» деп балықтың көзін ысытып, тіс айналасындағы ісікке басып, күйдіріп тастаған. Науқасты бір жарым ай дегенде емдеп, әрең дегенде сауықтырып алған едім,- дейді Майра Ағылқызы.

Тәжірибелі стоматологтың айтуынша, қазір аудандық емхана тісті емдейтін заманауи технологиямен толықтай қамтылған. Жақында емдеу кабинетіне қосымша екі бор машина мен портативті рентген аппараттары келді. Заманауи техникалар көршілес Ресей елінен әкелінген екен. Жасы үлкен болса да үнемі ізденіс үстінде жүретін М. Дүйсенова мұның барлығын тез меңгеріп алды. Еңбек жолындағы кездескен қиындықтары мен көңілге түйгенін жас дәрігерлерге үйретіп келеді.

-Жастарға үнемі ақыл айтып отырамын. «Медицинада ең алдымен тіл табысу, маңызды, науқастарға жылы сөз айтыңдар, ашуланып тұрса да дауыс көтермеңдер» деп өзімнен кіші мамандарға ақыл-кеңес беремін. Науқастарды жігерлендіретін, ең алдымен сөз, содан кейін іс,- дейді дәрігер.

Ұжымға сыйлы, көзінен жылылық нұры есіп тұратын мейірімді дәрігер отбасының да ұйтқысы. Таңнан кешке дейін науқас үшін еңбек ете жүріп, аналық парызын да ұмытпайды. Тәжірибелі маман 2019 жылы «МД» стоматологиялық клиникасын ашқан болатын. Өйткені, артынан ерген ұл-қызы да аналарының жолын қуып, медицина саласын таңдаған. Қызы Айзада Ресейдің Саратов қаласындағы медицина университетінің стоматология факультетін бітірсе, ұлы Бекзат Алматы медицина университетін аяқтап, еңбек жолын анасы негізін қалаған клиникада бастады. Олар қазір өздерінің жанұялық клиникасында халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Е.Есенов

#EnbekEri

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT