Атырау облысының Аққыстау ауылында Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан 7 ардагер жылдар бойы өздеріне тиесілі әлеуметтік жеңілдіктерді ала алмай келген еді. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының медиаторының көмегімен және мемлекеттік органдарға жолданған ресми өтініштерден кейін ардагерлерге санаторий-курорттық емделуге квоталар бөлінді.
Медициналық пойыз өңірде 6–17 маусым аралығында жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде 5 710 адам тегін көмек алды, олардың 5 402-сі медициналық қызметке жүгінген. Әрбір үшінші пациент – бала.




Ауыл тұрғындарына тегін медициналық және құқықтық көмек көрсететін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылады. Жоба 13 жылдан бері іске асырылып келеді. Соңғы үш маусымда сұраныстың артуына байланысты пойыз құрамына медиатор мен заңгер қосылды. Құқықтық көмек ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен көрсетіледі.
Пойызда терапия, хирургия, педиатрия, кардиология, неврология, ЛОР, офтальмология, стоматология, гинекология, урология, функционалдық диагностика, рентген және психология бағыттары бойынша 29 жоғары білікті маман жұмыс істейді.
Кеңес беруден бөлек, тұрғындар УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия және зертханалық талдаулардан өте алады. Қажет болған жағдайда дәрігерлер шағын хирургиялық операциялар жасайды.
Дәрігерлермен қатар ауыл тұрғындарын заңгерлермен медиаторлар да қабылдайды. Олар еңбек дауларын шешуге, әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге және сот пен құқықтық рәсімдер бойынша түсіндіру жұмыстарына көмектеседі.
Биыл медициналық пойыз еліміздің 123 елді мекенін қамтиды. Алты ай ішінде 100 мыңнан астам адам, әсіресе шалғайдағы ауыл тұрғындары, білікті көмек алады деп күтілуде.


