Бруцеллез малдан жұғады

Бруцеллез – адамдарға ауру малдан жұғатын, адам денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғатын, аса қауіпті жұқпалы ауру. Уақтылы ем қабылдамаған жағдайда бруцеллез ауруы созылмалы сатыға өтіп, кейде тіпті адамдарды мүгедектікке әкелуі мүмкін. Ауру көзі – ауылшаруашылық малдары. Әсіресе адамдар үшін қой-ешкі бруцеллезі өте қауіпті. Бруцелла бацилласы табиғи ортаға өте төзімді, топырақта, қида, жемде, суда 4 айға дейін өмір сүріп, өзінің ауру қоздырғыштық қасиетін толықтай сақтай алады, тек қана жоғарғы температураға төзімсіз.

Адамдар бруцеллезбен ауру малдарды күткенде, жемдегенде, мал қораларын тазалағанда шаң-тозаң арқылы тыныс жолдарымен, тері арқылы, әсіресе қолдағы уақ жарықтармен, ерін, көз кілегей қабықтарына түскен бациллалар арқылы ауруды жұқтырады. Бруцеллез қоздырғыштары қоршаған ортаға ауру малдың сүті, дәретімен бөлетіндіктен, малдың жүнін қырыққанда, сондай-ақ сүтін шикілей пайдаланған кезде жұғуы мүмкін. Бруцеллез ауруының жасырын кезеңі 2 аптадан бірнеше айға дейін созылып, науқаста қалтырау, көп терлеу, қажып-шаршау, әлсіздену, сүйек-буын және бұлшық еттер аурулығы байқалады.

Бруцеллез адамнан адамға жұқпайды, тек малдан жұғатын болғандықтан, жеке бас гигиенасын сақтау ережелеріне мән берген жөн. Сондай-ақ әрбір мал қожайындары өз малдарының есебін дұрыс беріп, бруцеллезге тексертуі, анықталған жағдайда барлық ветеринариялық-санитариялық ережелерді орындауы қажет. Ауру малды өзге малдан бөлектеп, іш тастаған малдың төлін, шуын арнайы құралдармен немесе айырмен, күрекпен алып, мал төлдеген жердің сабан-шөбін топырағымен қоса алып, қорадан аулақ жерге апарып, иттер қазып алмайтындай етіп, 1-1,5 метрдей тереңдікте көміп тастау керек.

Ауру малдар бағылатын қорада темекі тартуға, тамақтануға, демалыс жасауға болмайды. Жаңа туған төлді үйге кіргізудің де қажеті жоқ, себебі үйдегі сәбиге, балаларға, отбасы мүшелеріне ауру жұғуы мүмкін. Сатылып алынған, саттыққа шығарылған мал, еттің, сүттің саудасы өнімі алынған малдың денсаулығы туралы мал дәрігерінің анықтамасы бойынша жүргізілуі тиіс.

Төл алу науқаны, төлдеп жатқан малға көмек көрсеткен уақытта қолда резинка қолғап, клеенкадан жең қап, фартук, аяқта етік болғаны жөн. Қолдарын жиі сабынмен жуып, жұмыс киімімен және аяқкиімімен үйге кірмеуі қажет. Төлдеп жатқан малға балаларды араластыруға болмайды, олар үлкен адамдарға қарағанда ауруды өте тез қабылдайды. Осындай қарапайым сақтық ережелерін, ветеринариялық алдын алу шараларын сақтай отырып, сіз өзіңізді және туыстарыңызды бруцеллезді жұқтырудан қорғай аласыз.

З.Тасболатова,

аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің

сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы

COVID 19

covid

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl