.
Биологиялық белсенді қоспалар - тамақпен бірге пайдалануға немесе тамақ өнімдерінің құрамына енгізуге арналған өнімдер. Оларды(ББҚ) не үшін пайдалану қажеттігін әр адам қолданар алдында толық ақпарат алуы қажет.
ББҚ-ды дәрі-дәрмектер орнына қолдануға болмайды. Өйткені, дәрі-дәрмектерді аурудың алдын-алу, басқа да ауырған жағдайда емдік ретінде қолданса, ББҚ ферменттердің түзелуі үшін қажет, адам ағзасындағы керекті дәрумендер мен минералдарды толықтыру мақсатында пайдаланады. Оның құрамында табиғи өсімдік ингредиенттері бар. Әр түрлі ББҚ пайдалану - бұл адам денсаулығы әр түрлі ауруларға төтеп бере алуы үшін адам сау кезінде қабылдауға ұсынылған табиғи емдік қоспа. Бұны кейбіреулер толық түсінбей, әр түрлі әлеуметтік желілерде жарияланған ББҚ-ды әр адам өз бетінше денсаулығын түзету үшін емдік мақсатта да қолданып жатады. Бұл адамның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Әр адам ББҚ-ды қолданар алдында оны қандай мақсатта пайдалану қажеттігін, құрамын, тұтыну тәртібі мен кері әсер ету белгілерінің бар –жоқтығын біліп, толық танысып алып ішкені жөн
Қолдану ерекшеліктері:
• ББҚ - дәрі-дәрмек емес, бірақ оларды дәрігердің кеңесінсіз қолдану денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.
• Тек сапалы және сертификатталған өнімдерді таңдау қажет.
• Күнделікті мөлшерден асып кетпеу керек.
Есіңізде болсын, ББҚ - дұрыс тамақтанудың орнын баса алмайды, тек қосымша ретінде қолданылады.
Талғат Хабибуллин,
Жылыой аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы