«БАЛА ТІСІ АНА ҚҰРСАҒЫНДА ДАМИДЫ»

Иә, маржандай тізілген аппақ тіс – адам денсаулығының басты көрсеткіші. Ежелден-ақ адамның тісіне қарап, оның саулығының жай-күйін аңғарған. Біз тілдескен дәрігердің әңгімесінен анық ұққанымыз: тіс саулығына және күтіміне мән беру – адамның күнделікті ұстанатын қағидасына айналуы керек. Әсіресе, біз көтеріп отырған бала тісінің саулығы қашанда маңызды. Ал ол үшін ата-ана нені білуі керек? Аудандық орталық аурухананың тіс дәрігері Үміт Молдабекова: «Баланың тісі, негізінен, ананың құрсағында жатқанда дами бастайды» - дейді. Сондықтан маман баланың да, баршаның да салауатты өмірінің кепілі – гигиена, тағы да гигиена екендігін ескертеді. Біз осы орайда кейіпкерімізбен әңгімемізді әрмен қарай сұхбат арқылы тарқатқан едік.

-Үміт Егізбайқызы, қазір тістері сап-сау баланы кездестіру қиын деп жатады ғой. Ауданда бүлдіршіндердің дәрігерлік тексеруден уақытылы өтуі қалай?

-Дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда тісі сау баланы кездестіру – өте сирек жағдай. Ауданымызда жалпы қазіргі таңда медициналық тексерістен уақытылы өтетін балалар саны өте аз. Керісінше жағдайда көптеген аурудың алдын алуға болатын еді.

-Тіспен дұрыс бөлінбеген, шайналмаған, адамның ішке жұтуына ыңғайланбаған тағамның зардабы көп деп жатады ғой. Жалпы тістің басты қызметі не?

-Жалпы, тіс дегеніміз - сүйектен пайда болған ауыз қуысында орналасқан, қоректі ұстап шайнайтын және дыбыстың анық шығуына әсер ететін мүше болып та- былады. Тістер 4 топқа бөлінеді, атап айтатын болсақ, алдыңғы күрек тістер – тамақты кесу, үзу үшін, ит тістер – тамақты жұлу үшін, кіші азу тістер – ұсату және кесу үшін, ал үлкен азулар – үгіту үшін пайдаланылады.

-Ерте жастан тістің бүлінуіне не себеп?

-Бала құрсаққа бітіп, туылғанға дейін анасының жүктілік барысы - ұрықтың дамуында эмаль мен тістердің құрылымына әсер етеді деп айтар едім. Жас аналар экология, қоршаған орта, азық-түлік, дәрі-дәрмектердің, әсіресе антибиотиктердің әсері жайлы білуі қажет. Бізде тіс ауруларының алдын алу үрдісі жақсы дамыған болуы қажет, бұл балалар стоматологиясындағы проблемалардың төмендеуіне айтарлықтай әсер етеді.

-Тісті қалай күтуге болады? Бүгінде 32 тісі түгел, сау әрі әдемі тісті кездестіру қиын болып қалған сияқты.

-Бір жасқа дейін, ана сүтімен емізгеннен кейін аналар қайнаған жылы суға малынған дәкемен қызыл иекті сүртуі қажет. Ал сүт тістері шыққан сәттен бастап бүлдіршін тісін өздері тазалай бастайды. Жалпы, бала жылына кем дегенде бір рет тіс дәрігеріне қаралуы қажет. Бұрын мектептерде балаларды қарайтын стоматологиялық кабинеттер болған. Қазір олар жоқ, алып тастаған. Менің ойымша, бұл тәжірибені қайтарған жөн. Жалпы, еуропалықтар тазартылған тағамдарды, жартылай фабрикаттарды, тартылған ет түрін, шайнаудың қажеті жоқ бөліктерді сатып алады. Шайнау жүктемесі болмаған жағдайда адамның жағы өспейді, демек, бүйірлік азу тістердің, премолярлардың аномалиялары және өте жиі кездесетін туа біткен адентия пайда болады. Бала ет, қатты нан, тіс эмаліне пайдалы құрт сияқты қатты тағамдарды жегенде, сүйектерді кеміріп, сүт және басқа ашытылған сүт өнімдерін ішкенде, олардың жағының өсуінде және тістерінде проблемалары аз болады.

-Осы орайда тісті күту жайын оқырмандарға түсіндіріп жіберсеңіз.

-Әрбір тамақтан кейін ауыз қуысын шайып, тазалау, тісті 2 рет – таңертең және кешке жуу, дұрыс тамақтану, тіс дәрігеріне жылына 2 рет қаралуды естен шығармауымыз керек.

-Тіс ауруы мен ауыз қуысының қабынуы баланың бет сүйегін қисайтып, тіпті түр- әлпетінің өзгеруіне әкеле ме?

-Ауыз қуысы аурулары жүрек, бүйрек, асқазан, ішек жолдары және басқа да ішкі ағзамызға кері әсерін беріп, зиянын тигізеді. Тістердің аурулары асқынып жұлынған жағдайда, тіс қатары қалпына келтірілмесе, баланың бет-жақ сүйектері қисайып, түрінің өзгерісіне және дауысында өзгерістер пайда бола бастайды.

-Ауданымызда тіс ауруларын емдейтін қандай құрылғылар бар?

-Ауданда тіс ауруын анықтайтын ренген аппараты, оны емдеу үшін стоматологиялық кресло, тіс тастарын тазалайтын аппарат және де жұлынған тістің орнына тіс қатарын толықтыру үшін түрлі протездер, винир, коронка, импланттар бар.

-Ем қабылдауға айына шамамен қанша бала келеді?

-Әр айда әр түрлі болады. Шамамен ай сайын 20-30 шақты кішкентай пациентімізді қабылдап тұрамыз. Бірақ, бір қуантарлық жағдай, келген әр баланың ауыз қуысындағы барлық тістеріне санация жасалынады.

-Бала тісінің бірден бір жауы деп қандай тағамдар мен кедергілерді атар едіңіз?

-Дұрыс тамақтанбау, яғни кілең жұмсақ, шайнауды қажет етпейтін тамақтар. Газды, тәтті сусындар да тістің жауы. Өкінішке орай, қазір көп бала аталған сусындарға үйір-ақ. Тісті уақытылы жумау да зиянын тигізеді. Сондай-ақ витаминдер жетіспеушілігі, эко - логия мен ауыз су құрамы да кесірін тигізіп жатады.

-Бала тісінің саулығы үшін ата-ана нені білуі керек?

-Бүгінгі таңда балалар арасында тіс ауруы және тіс жегісі, ұры тіс шығу, стоматит, тістің қисық өсуі сынды түрлі проблемалар бар. Ата-ана, алдымен, баланың гигиенасына назар аударып, оның дұрыс тамақтануына ықпал жасауы керек. Жас бала қалай жатады ұйықтағанда, саусақ, тағы басқа заттарды ауыз қуысына салмауын қадағалау қажет. Сонымен қатар, жас өскін балаға қатты заттарды тістетіп үйрету керек. Сол арқылы жақтың өсу зонасы қатаяды. Тістерін уақытылы тазалатып, сүт тістері түсіп, тұрақты тіс шыққанша жылына екі мәрте дәрігерге қаралғаны абзал.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT