Бұл - коронавирустың қауіпті түрі

Дәрігер кеңесін назарларыңызға ұсынамыз

Ғалымдар коронавирус біздің заманымызға дейін 10 000 жыл бұрын немесе одан да ертерек пайда болған деген жорамал жасайды және осы вирусты 4 туысқа жіктейді. Бұлардың жер бетінде ең кең тараған кезі - шамамен б.э.д 3300 жылдан б.э.д. 2400 жыл аралығы болуы мүмкін деген пікірде.

Барлық коронавирустың эволюциясы мен таралуы жылы қанды құстар, жарқанаттар, бактериялардың денесінде жүріп отырады. Айталық, 2003 жылы жаппай таралған SARS коронавирусы 1986 жылы жарқанаттың коронавирусынан бөлініп шыққан. Оның эволюциялық өсу жолы жарқанатпен тікелей байланыста болған. Ол жарқанаттың Hipposideridae тұқымдасынан бастау алып, өзгесіне таралған да, одан жыртқыш сүтқоректілерге жұғады.Ақыр соңында адамдар арасына таралады.

Коронавирустың көпшілігі басқа вирустар сияқты түшкіру, жөтелу, жұқтырған адаммен байланыста болу немесе олар тұтынған күнделікті заттарға қол тигізу арқылы тарайды. Қазіргі дүниежүзін дүрліктірген 2019-nCoV вирусы MERS (Таяу Шығыс респираторлық синдромы, 2012 жылы Сауд Арабиядан таралған) және SARS (Ауыр жедел респираторлық синдром, 2003 жылы Қытайдан бастап таралған) сияқты жақын түрлеріне (классификация бойынша барлығы Betacoronavirus туысына жатады) қарағанда өте төзімді штамм болып отыр. Вирус адамзат қоғамына тұрақты түрде таралатын болса, оны эндемиялық дейді. Мысалы, тауықтың жұқпалы ауруы мен адамзатта тұмау тудыратын вирустар көптеген елдерде кең таралған. Бірақ аталған ауруларды вакцинациялау және ауру кезінде адамдарды үйде оқшаулап ұстау арқылы бақылауға болады. Қазіргі туындап отырған мәселеде коронавирустың эндемикалық түрге айналып кету қаупі бар. Ондай жағдайда тұмау сияқты тез таралатын бұл вирустың вакцина жасағанға дейін өлімнің көбейіп кету қатері мол. Себебі, оны жұқтырған адамның бойынан өзге вирус синдромымен салыстырғанда ешқандай айырмашылық байқай алмайсың. Сол үшін жұқтырған науқасты дер кезінде анықтау қиын әрі вирустың қаншалықты жұқпалы екендігі әзірге белгісіз. Сондықтан да Гонконг университетінің (University of Hong Kong) профессоры Маккей "Біз, бәлкім, бізбен ұзақ уақыт бірге болатын вирусқа тап болып отырмыз"  деген-ді.

Симптомдары қандай?

Бұл вирусқа тән симптомдар – тұмаурату, бас ауруы, жөтел және дененің қалшылдауы. Сонымен қатар АҚШ мемлекетінің Ауруларды бақылау және олардың алдын алу орталығының мәлімдеуінше, коронавирустың едәуір қауіпті түрін жұқтырғандар демігеді, қалтырайды, ал ауруы асқынған жағдайда пациенттер пневмонияға шалдығуы мүмкін.

Оны қалай емдейді?

Қазір жұмбақ вирусты анықтау жолында сынақтар жүргізіліп жатыр. Алайда, инфекцияға тосқауыл қоятын вакцина әлі жасалған жоқ. Демек, ол жыл сайын талай адамның өліміне себеп болатын кәдімгі тұмаудан қатерлі болуы мүмкін. Сондықтан, қауіпті дерттің кең тарауына жол бермеу мақсатында коронавирусты жұқтырғандар ауруханалар мен өз үйлерінде оқшауланады. Ауруды жеңілдететін және лихорадкаға қарсы дәрілермен емделеді. Сонымен қатар, мұндай науқастарға суды көп ішіп, жазылып кеткенше тынығуға кеңес беріліп отыр.

Коронавирус қалай жұғады?

Коронавирустың көбі жөтелгенде, түшкіргенде немесе осы инфекцияға шалдыққан жандарды ұстағанда жұғады. Ғалымдардың сөзінше, жаңа вирус адамнан адамға жақын байланыста болғанда, тыныс алу жолымен беріледі. Ол SARS-тан қауіпті ме? Әзірге бұл вирус SARS-тан қауіпті емес. Соңғысы да  2002-2003 жылдары дәл осы Қытайдан тарап,  800-дей адамның өмірін қиғаны белгілі. Дегенмен, жұмбақ коронавирус қазіргіден де қауіпті немесе жұқпалы формаға ауысуы мүмкін деген болжам бар. Мұндай жағдайда оның зардабы қандай болары бүгінше белгісіз.

Ол қалай пандемияға айналды?

Пандемия 2019 жылы, желтоқсан айының ортасында орталық Қытайда орналасқан Хубэй провинциясына кіретін Ухань қаласының Хуанань жануар мен теңіз өнімдері базарында болған тұрғындардың түсініксіз пневмонияға шалдыққаны анықталған кезден басталды. Осыдан кейін Қытай ғалымдары коронавирустың жаңа түрін анықтады. Ол - SARS-CoV-2. Оның генетикалық құрылымы ауыр жіті респираторлы синдромды (атипті пневмония деген атаумен танымал) қоздыратын SARS-CoV вирусына 70% ұқсайтыны белгілі болды. Осылайша олар карта құрып, жаңа вирустың генетикалық құрылымын анықтады.

22 қаңтардан Ухань қаласында, кейін Хуанган, Эчжоу, Чиби, Чжицзян қалаларында да карантин жарияланып, қоғамдық көліктер тоқтатылып, қалаға кіріп-шығуға тыйым салынып, жалпы қытайлық 14 шаһардан шығуға тыйым салынды. Вирус Қытайдың бірнеше әкімшілік аймақтарында анықталып жатқанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) төтенше жағдай комитетінің індетке қатысты отырысы өтті. 23 қаңтарда ДДҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус ДДҰ-ның төтенше жағдай комитеті жаңа коронавирус індетінің өршуі ерекше қауіп төндіретіні жайлы бір тоқтамға келмегенін айтып, халықаралық деңгейде денсаулық сақтау аясында төтенше жағдай жарияланбайтынын мәлімдеді. Сөйтіп ол бірнеше елге тарап үлгерді.

Сөйтсек коронавирус біраз күн өзінің жұққан симптомдарын білдірмей жүреді екен. Егер науқас температурамен, жөтелмен ауруханаға барса, онда кеш болады. Бұл уақытта өкпенің 50 пайызын вирус алып кеткен болып шығады. Өкінішке орай, ол кезде ауруды жеңу қиындайды. Осы жағдайға жетпеу үшін және өзіңізді уақтылы бақылау үшін Тайваньдық дәрігерлердің ұсынысына құлақ түргеніңіз абзал: «Күнде таңертең терең тыныс алып, өкпені ауаға толтырып, он секунд ұстап тұру керек. Осы уақытта ентікпе, жөтел, басқадай рахатсыздық байқалмаса, онда өкпеде ақаудың жоқтығын және вирустан таза екеніңізді білуге болады. Күдіктенген сәтте таза ауада осы тәсілді қолданып, өзіңізді бақылауға болады». Бұдан басқа короновирусты емдеп жатқан жапон докторларының да ұсынысы бар: «Әркім ауыз қуысының және өңештің үнемі сулы болуын қадағалап, құрғатпау керек. Яғни 15 минут сайын бір жұтым су ұрттап тұруы керек. Осы арқылы ауыз қуысына жұққан вирус өкпеге емес, өңеш арқылы асқазанға барады да, асқазандағы қышқыл барлық вирустарды жояды. Егер су ішпесеңіз вирус тыныс жолдарымен өкпеге өтіп кету ықтималдығы жоғары және бұл өте қауіпті».

Ендеше, иммунитетімізді көтеріп инфекцияны жеңе білуді үйренейік! Ауру қоздырғышын таратпайық, жаман ауруды өткізбейтін шеп құрайық!

Қуанышқали Смағұлов,

«Медикер-Жайық» клиникасының дәрігері,

«Мед-Профиль» колледжінің оқытушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521