Ауызашарға барып індет жұқтырыпты

Соңғы мәлімет бойынша аудан аумағында індет жұқтырғандарр саны 18-ге жетті

Өткен аптаның соңына таман аудан аумағында да қауіпті індетті жұқтырған деректер тіркеле бастады. Олардың арасында балалардың бар екендігі жұртшылықты қатты алаңдатты. Сондықтан ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Талғат Хабибуллин тиісті қаулылар қабылдап, аудандық әкімдік шұғыл шараларды қолға алуға жедел кірісті.

Қазіргі таңда Майкөмген ауылы ауру ошағына айналған соң, санитарлық дәрігердің қаулысымен онда карантин жарияланды. Ол жерден 7 адамнан қауіпті кеселдің анықталуы осындай қатаң шаралар алуға мәжбүр етіп отыр.

- Ауру, негізінен, көршілес орналасқан Боранқұл ауылынан жұққан деген болжам бар. Майкөмгендік тұрғын сол жаққа қонаққа ауызашарға барған. Кейін өз отбасына оралып, бұдан соң көп ұзамай Құлсары қаласындағы туысқанының үйіне келеді. Осылайша қауіпті індеттің өз ауылына да, аудан орталығына да таралуына себепші болған. Әрине, оның анық-қанығын тиісті органдар тексеріп, анықтай жатaр.

Біздің айтпағымыз: жергілікті әкімдіктің, санитарлық дәрігерлердің ағайын-тума, құда-жекжат арасындағы қонаққа бармау жөніндегі ақыл-кеңесіне мықтап құлақ түрген абзал. Жоғарыдағы жайт, сол немқұрайдылықтың кесірінен орын алып отыр.

Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ауруға қарсы иммунитеті жоғары адамға КВИ жұққанда ешқандай симптомсыз өтетінін ескертті. Ол тек арнайы тексерістен өткенде ғана анықталады. Оған дейін әлгі кісі індетті таратушы саналады. Әрине, оны өзі де білмейді. Сондықтан ондай науқастан сақтану үшін аурудың алдын алу мақсатында әркім өзінің, отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мықтап қолға алғаны абзал, -дейді аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров.

Қазақтың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақылды сөзі осындайда айтылса керек. Соңғы мәлімет бойынша аудан аумағында індет жұқтырғандар саны 18-ге жетті. Ал Теңіз кенішінде 850 дерек тіркелді. Демек «ауру жоқ» деген жалған ақпаратқа сеніп, арқаны кеңге салып жүруге болмайды.

Е.Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521