Ауырып ем іздегенше...

Көктем мен жаз айларында күннің жылынуына байланысты тағамнан улану жағдайы жиілей түседі. Әсіресе сапасыз, дұрыс сақталмаған немесе мерзімі өткен азық-түліктер адам денсаулығына қауіпті.

УЛАНУДЫҢ БЕЛГІЛЕРІ

Тамақтан улану — түрлі бактериялармен ластанған тағамдарды тұтыну салдарынан пайда болатын ауру. Ол – микробты және микробсыз болып екіге бөлінеді. Бұл адамнан адамға жұқпайды, бірақ зардабы ауыр болуы мүмкін. Белгілі температурада тиісті тәртіппен сақталмаған немесе сақталу мерзімі өтіп кеткен азық-түлік тағамын жеген адам бірден уланады. Оған тазалық талаптарын орындамаған аспазшылардың да кесірі тиіп жатады. Тамақ токсикоинфекциясы, яғни тағамнан улану микроорганизмдері. Олар – стрептокок, стафилокок, ботулизм бактериялары, шигеллалар, сальмонеллалар. Қазіргі уақытта адам кез келген жерде улануы мүмкін. Көбінесе улануға себеп – жарамдылық мерзімі өткен сүт өнімдері, нитраты жоғары көкөністер, дұрыс әзірленбеген консервілер мен ет тағамдары жатады. Қазіргі кезде тез дайындалатын фаст-фуд өнімдері: донер, самса, шаурма, бәліш, салат сияқты тағамдар да микробтардың көбеюіне түрткі болады. Егер осы фаст-фуд өнімдері дұрыс сақталмаса немесе санитарлық талаптарға сай дайындалмаса, адам ағзасына қауіпті, улануға әкеп соқтырады. Тамақтан уланған адамның жағдайы 1-2 сағаттан кейін, кейде 12 сағат немесе одан да көп уақыттан кейін белгілі бола бастауы мүмкін. Жиі кездесетін белгілерге жүрек айну, құсу, іштің ауруы, жиі іш өту, көңіл-күйінің нашарлауы, тамыр соғысының жиілеп, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, кейде естен тануды жатқызамыз.

АЛДЫН АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Ауруды болдырмау үшін мынадай қарапайым ережелерді сақтаған жөн. Қолды жиі жуып жүру қажет, әсіресе әжетханадан кейін және ас әзірлемес бұрын сабындап, антисептиктер пайдалану керек. Тағам дайындағанда бір реттік резеңке қолғап пен бетперде қолданыңыз, шикі және піскен тағамдарға жеке тақтай мен пышақ пайдаланыңыз және оны арнайы жуғыш құралдармен жуып, таза ұстаған абзал. Азық-түлік сатып алғанда жарамдылық мерзіміне, тұтынардың алдында сыртқы түріне және иісіне мән берген жөн. Азық-түлікті тоңазытқышта белгілі температура - да сақтаңыз. Ет пен балықты толық пісіріп (шикі болмауы қажет), шикі мал еті мен құс етін турағаннан кейін қолыңызды жақсылап сабынмен жуыңыз. Ет немесе құс мұздатылған болса, оны толық ерітіңіз. Себебі ол суық бактериялардың көбеюін тоқтатады. Балық өнімдерін жақсылап қуырыңыз, етті және құс етін балықпен бірге бір ыдысқа салмаңыз және дайындағанға дейін де бөлек сақтаған дұрыс. Шикі және дайын өнімдерді бөлек ұстаңыз, ал дайын тағамдарды ұзақ сақтауға болмайды. Бактериялар 4,4-тен 60 градусқа дейінгі температурада тез көбейеді, мұндайда өнімдерді сақтауға болмайды. Көкөністер мен жемістерді мұқият жуыңыз. Әсіресе, онлайн тапсырыс кезінде өнімнің қаптамасындағы сақтау шарттары мен мерзімдерін тексеріңіз. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану өнімдерін дайындау үшін пайдаланылатын азық- түлік (тағамдық) шикізатының, тамақ өнімдерінің және қосымша материалдардың әрбір партиясы қабылдау, сақтау, тасымалдау және сату кезінде олардың қадағалануын және қауіпсіздігін куәландыратын тауардың ілеспе құжаттамасын талап етіңіз. Тамақ тасымалдайтын көліктер таза, санитарлық талаптарға сай болуы керек, өнімдерді жәндіктер мен кеміргіштерден қорғау қажет. Есте сақтаңыз! Аурудың алдын алу - оны емдеуден әлдеқайда жеңіл. Сақтық шараларын қатаң ұстану арқылы өзімізді де, балаларымыз бен өзге де жақынымызды тағамнан уланудан аман сақтап қала аламыз.

НҰРЖАМАЛ КҮЛЕКЕНОВА,

аудандық санитариялық- эпидемиологиялық

бақылау басқармасының жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT