«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде»

Тамақтан улану – тағам арқылы берілетін этиологиясы сан алуан кеселдер тобына жатады. Ол табиғаты микробты және микробсыз болып бөлінетін, ластанған тағамды қолданудың салдарынан пайда болатын ауру. Сонымен, улану дегеніміз не?

Жүректің айнуы, құсу, температураның көтерілуі, денедегі ауырсыну және бас ауруы – уланудың негізгі белгілері. Азық-түліктен немесе тамақтан улану – сапасыз өнімдерді тұтынғаннан болатын ауыр жағдай. Тамақтан уланған кезде іш ауырады, жүрек айнып, адам құсып, іші өтеді, денеде әлсіздік пайда болады.

Қазіргі уақытта адам кез келген жерден улануы мүмкін. Мәселен, құрамы белгісіз еттен, балықтан дайындалған фаст-фуд, суши тағамдары, бәліштер мен шаурма нағыз микроорганизмнің ортасы саналады. Тамақ токсикоинфекциясы, яғни тағамнан улану микроорганизмдері, олар - стрептококктар, стафилококктар, ботулизм бактериялары, шигеллалар, сальмонеллалар. Сапасыз тағамдар микробтың көбеюіне, олардың уының пайда болуына қолайлы жағдай туғызып, адамның тамақтан улануына әкеп соқтырады.

Микроорганизмдер сапасыз тамақ ішкеннен кейін, ішке түскен микробтарға байланысты уланудың алғашқы белгілері бір-екі сағаттан соң пайда болуы мүмкін. Басқа жағдайда олар қоздырғышқа байланысты 12 және одан да көп сағаттан кейін бой көтереді. Ал уланған соң адамда жүрек айну, құсу, іштің ауруы, жиі (тәулігіне 10-20 рет) іш өту басталады. Адамның жалпы көңіл-күйі нашарлайды, артериялық қысым төмендейді, пульс жиілейді, қызу көтеріледі, кейде естен танып, тырысу пайда болуы ықтимал. Уланудың алдын алу ушін тамақтану гигиенасын, тағамды сақтау мен дайындаудың қарапайым ережесін естен шығармау қажет.

Нақтырақ айтқанда, жеке гигиенаны сақтау, қолды жиі жуу, әсіресе, қоғамдық орындар мен дәретханаға барғаннан кейін сабынды қолдану керек. Тамақ дайындау кезінде бір рет қолданылатын резеңке қолғапты пайдалануға болады. Ас үй ыдысын, плитаны, үстелдің бетін, раковинаны, тақтайшаларды арнайы құралдармен жуып, таза ұстау, тамаққа қолданылатын өнімдерді өңдеу және сақтаудың барлық ережесі сақталуы тиіс. Жаңа және дайын өнімдерді өңдеу үшін әртүрлі пышақ пен кесу тақтайын қолдану керек. Азық-түлік ашық сақталмауы тиіс.

Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақыл сөз бар. Дұрысында, тамақтан уланудың салдарымен күрескенше, азық-түлік тағамын сатып алғаннан бастап ас ішкенге дейінгі барлық кезеңде алдын алу шарасын сақтап, улануға жол бермеген абзал. Ол үшін азық-түлік өнімін сатып алған кезде оның сапасына, жарамдылық мерзіміне баса назар аудару қажет. Әсіресе, мереке күндері кафе-бардан, мейрамханадан тағамға тапсырыс берерде сақталуына, дұрыс пісіріліуіне жете мән беру керек. Соның ішінде, шикілей дайындалатын тағамдарды (суши) тұтыну кезінде аса сақ болған жөн. Егер олардың дайындалу, сақталу процесін білмесеңіз, улануға әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

Жанар Төлеуішова,

аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT