Биылғы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдаған сәттен бастап, мен өз кәсібім дәрігер ретіндегі жауапкершілікті бұрынғыдан да терең сезіндім.
Жолдаудың әрбір жолында елдің қамын ойлаған нақты шешімдер, әсіресе, ауыл медицинасына деген зор көңіл бар екені қуантты. Президентіміз атап өткендей, елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
-“Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Ал қалалы жерлерде денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар ірі нысан іске қосылды. Мысалы, Астанада онкология орталығы, Алматыда жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды. Осы ретте бұған дейін түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажет. Сондай-ақ мұндай жаңа нысандар салуды жалғастыра берген жөн. Бұл жұмысқа мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдері аясында жеке инвестицияны да тарту керек. Сонда азаматтар Астанаға көше бермейді,-деген еді.
Міне, осы сөздер менің жүрегімнен шықты. Себебі мен күн сайын ауыл адамдарының өмірін жақсартуға тырысамын. Кейде қарапайым медициналық құралдың жетіспеушілігі немесе ғимараттың тарлығы қолды байлап қоятын. Бірақ соңғы екі жылда біздің ауданның медициналық инфрақұрылымы көз алдымызда жаңарып келеді: жаңа фельдшерлік пункт салынды, цифрлы медициналық жүйе енгізілді, интернет байланысы жақсарды. Президент айтқандай, «бюрократиялық шырғалаңға салмай» жаңа нысандарды тезірек іске қосу ауыл халқының өмірін жеңілдетудің басты жолы. Себебі уақыт медицинада ең қымбат нәрсе. Ауылдағы әрбір сағат, әрбір минут адам тағдырына әсер етуі мүмкін.
Айым Санаққызы,
дәрігер