Жақында Құлсары қаласындағы аудандық емханаға барып массаж, электрофарез, физио емдерін алдым. Онда адамдар өте көп. Массажист Құралай Тәттібайқызының айтуынша, ол барлығын бір күнде қамтып үлгере алмай жата- ды екен. Оның сөзіне ем алып жүргенде куә болдым. Демек, емханаға қосымша тағы бір маман керек. Мамыр айының аяғында аяқ асты- нан қан қысымым көтеріліп, «Жедел жәрдем» шақырдым. Өте тез келді. Фельдшердің жанында екі медбикесі бар. Тексеріп, қарап, тездетіп екпелерін салып, дәрілерін беріп ауруханадан бір-ақ шығарды. Системасын салып бірге жүрді. Мен таң қалып “қатты жетілген екенсіңдер, бұрынғының бәрі артта қалған екен” дедім. Сонда жас фельдшер:
– «Жедел жәрдем» көлігінде жабдықтардың бәрі жаңарды, бұрынғы фельдшер Қорабай зейнеткерлікке шықты. Ескі «УАЗ»-дар жойылып, келмеске кетті. Орнына біздер – «Жаңа Қазақстанның» жастары келдік,-деді күлімсіреп. Шынымен де солай екен. Арбамен зырылдатып ауруханаға алып келіп, бастапқы ем-домдарын жасап, бірнеше аппаратпен жүрек, тамыр соғысын, қызуымды тексеріп, нөмірі 6-палатаға әкеліп кереуетке жайғастырды. Ауруханадағы палата іші өте жайлы, медициналық кереуеттер толық, кереует сайын бір-бір кислород әр адам басына дайын тұр. Әжетхана ішінде екі қол жуатын жері бар. Кварц, түрлі жабдықтарымен, тоқ желісімен қамтамасыз етілген. Бұлардың бәрін көріп, разы боласың, жетілген медицинаның осындай игі жақсылығы туған жерің – Құлсарыда болғаны қандай керемет. «Жаңа Қазақстанның» бір куәсі осы.
Бұрынғы аурухана дәрігерлерінен Әлия Нығметоллақызы қалыпты. Білікті де білімді жастар да келген. Кардиолог Айдана мен невропатолог Арайлым Аманқосқызы, аурухана меңгерушісі Айгүл Саидқызы бастаған дәрігерлердің науқастармен жақсы қарым-қатынаста сөйлесуі, инабаттылығы көрініп-ақ тұр. Медбикелер – Ақерке, Нұргүл, Ләззат т.б піспелерін салып, дәрілерін беріп, шауып жүр. «Бізден тағы қандай көмек керек» деп қояды күлімсіреп. Тамақ рационы да түгел өзгерген, уақытында келеді. Жақсы дайындайды екен. Аспаз Айнагүл Жақсылыққызы тік тұрып, жылы шыраймен дайын тағам түрлерін таратуда. Тек бір айыбы, тамақ өте аз. Жарытпайды, мүмкін қан қысымы, жүрек талмасы бар адамға бөлінген мөлшері солай ма деп қалдық.
Біз 6-палатада төрт кісі болып жаттық. Ауырып келіп, жақсы сауығып шықтық. Олар – Елубай Құттығұлов, Қалыбай Ерғазы, Бағытжан Мұқашев, Абат Ғазимов. Барлық ем-домдарына ризамыз.
Өкінішке орай, аурухана ішінің кемшілігі баршылық екен. Салқындатқыш жоқ, екі қолжуғышқа да айна қоймаған, душтың суы төмен қарай кетпейді. Коридорда немесе асханада ыстық, салқын су тарататын кулерді көрмедік. Шай қайнатып ішетін электр шәйнектер де жоқ. Әжетхана ішіндегі вентиляция жасамай тұр. Хлор иісі мен жағымсыз ауа ұзақ тұрады. Теледидар атымен жоқ. Медбикелерді шақыртатын дабыл беретін құрылғы жасамайды, батареялары отырған. Жарықшамдары жеткіліксіз. Дәретхана қағазы жоқ. Он күннің ішінде біздің айтуымызбен бір рет қана қағаз қойылды. Антисептик сабындары да қойылмаған.
Осы кемшіліктерді айтып көріп едік, дәрігерлер «Біздің кінәміз жоқ, әкімшіліктің кінәсі» деді. Мүмкін салқындатқыш, айна, таза су, шай қайнатқыш, теледидар ауруханаға тиесілі емес шығар, оны біз білмейміз. Осындай керекті заттарды сұрағанымызда, «Бәрін үйден алып келесіңдер» деді.
Сондықтан науқас ретінде талабымыз: ауруханаға тиесілі керекті заттармен қамтамасыз етілуі тиіс. Осы кемшіліктердің жойылып, қателіктердің түзетілуін сұрай келіп, туған қаламыздағы жайлы ауруханамыз барлық игілікті керекті заттармен қамтамасыз етіліп, жайнап тұруын қалаймыз. Өйткені, аудандық емдеу орнының қандай екені облыстық, республикалық басқа ауруханалардан емделіп келетін кісілердің көзіне бірден көрінеді. «Мә! Мына жері дұрыс емес екен», - деп жатады.
Әрине, біз біреулерді кінәлаудан аулақпыз. «Жаңа Қазақстанның» аудандағы ауруханасы жаңа талапқа сай болып, науқас адамдардың тез жазылып, сауығып шығуына мүмкіндік беретін бірден бір кешенді емдеу орталығына айналса, дейміз.
Елубай ҚҰТТЫҒҰЛОВ,
Қалыбай ЕРҒАЗЫ,
Құлсары қаласы