Иә, аудандық орталық емхананың дәрігерлері осылай деп дабыл қағуда. Тіпті, тұрғындар арасында пневмония, яғни өкпенің қабынуы ауруы да көбейген. Дәрігерлер әсіресе, аяғы ауыр келіншектердің жедел вирусты респираторлы инфекцияны (ЖРВИ) жұқтырып алып, соның салдарынан жұқпалы ауруды асқындырып жатқанын айтады. Осыған орай біз аудандық орталық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігерлердің меңгерушісі Бибігүл Медениевамен тілдескен едік.
-Қазіргі таңда 3500 адамға тұмауға қарсы екпе салынды. Олардың қатарында жүкті әйелдер де бар, -дейді Б.Медениева. Ол тұрғындардың жиі жөтеліп, қызулағанына қарамастан емделмей жүре беретін болса, соңы пневмония, бронхит ауруына ұласатынын қатаң ескертті.
-Жедел вирусты респираторлы инфекция – ауа тамшылары арқылы адамнан адамға жұғады. Бұл жоғарғы тыныс жолдарының вирустық ауруының кең таралған тобы. Аурудың дамуы кезінде бактериялық инфекция қосылуы мүмкін. ЖРВИ-дің негізгі белгілері – мұрыннан су ағуы, жөтел, түшкіру, бас ауруы, тамақ ауруы, әлсіздік,-деді аурудың белгілеріне тоқталып.
Оның айтуынша тұмау мен ЖРВИ-ді емдеу үшін қолданылатын дәрі-дәрмектер тек дәрігердің тағайындауы бойынша ұсынылады. Бұл аурулардың алдын-алудың негізгі шаралары – дұрыс тамақтану, суды көбірек ішу, алкоголь мен темекі өнімдерн тұтынбау және суық тиюден сақтану. Бөлмені үнемі желдету тұмау мен ЖРВИ-ді алдын-алудың маңызды шарты болып табылады. Ең бастысы жеке гигиена ережелерін есте сақтау керек екенін қаперге берді.
-Қазір ауданда пневмонияның өршіп тұрған кезі. Сондықтан ауа райының салқындауына және вирустың ауада еркін жүруіне байланысты өзіңізді қорғау мақсатында тұмауға қарсы екпе алуға шакырамыз. Тұрғындар барынша ауырған адаммен байланыста болмауы керек. Эпидемия кезінде адамдар көп жиналатын жерлерге, іс-шараларға, әсіресе жабық үй-жайларда өткізілетін жиындарға бармағаны абзал,-дейді дәрігер.
П.Түркенбайқызы