Атырау облыстық кардиологиялық орталығында 2 350 ота жасалды

Жыл басынан бері Атырау облыстық кардиологиялық орталығында жүрек-қан тамыр ауруларына байланысты 2 350 операция жүргізілді.

Көрсеткіш мекемедегі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің артып келе жатқанын айғақтайды. Бұл туралы дәрігер-кардиолог Альбина Нұрманова Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз брифингінде хабарлады. Жасалған операциялар қатарында әрі диагностикалық, әрі емдік мақсаттағы күрделі процедуралар бар. 

Жалпы операциялардың құрылымы мынадай:
    •    1 206 жағдай – диагностикалық операциялар. Бұл бағыттағы араласулар жүрек ауруларын ерте кезеңде анықтап, әрі қарайғы емдеудің нақты тактикасын таңдауға мүмкіндік береді.
    •    227 операция ашық жүрекке жасалған. Мұндай оталар жоғары кәсіби біліктілікті қажет етеді және пациенттің өмірін сақтап қалудағы негізгі құралдардың бірі саналады.
    •    937 жағдай – жоғары технологиялы, аз инвазивті араласулар. Бұл операциялар көлемі жағынан шағын болғанымен, нәтижесі бойынша ашық жүрекке жасалатын оталармен тең дәрежеде маңызды әрі күрделі болып есептеледі. Мұндай процедуралар науқастың тезірек қалпына келуіне ықпал етеді, асқыну қаупін азайтады.

  - Кардиологиялық орталықта осындай жоғары деңгейдегі медициналық қызметтің көрсетілуі аймақ тұрғындарына өз өңірінде сапалы ем алып, ел ішінде емделу мүмкіндігін беріп отыр. Бұрындары мұндай операциялар үшін науқастардың көбі республикалық орталықтарға немесе шетелге баруға мәжбүр болған еді. Бүгінде заманауи құрал-жабдықтардың жеткілікті болуы мен дәрігерлердің кәсіби тәжірибесінің арқасында озық технологиялар Атырау облысында қолданысқа енгізілуде, - деді дәрігер-кардиолог Альбина Нұрманова.

Мамандардың айтуынша, жүрек-қан тамыр аурулары әлі де аймақтағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сол себепті халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді одан әрі жетілдіру басты мақсат ретінде белгіленген.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT