Биыл жыл басынан бері ауданымызда 1157 сәби жарық дүние есігін ашқан. Оның 5-еуі – егіздер. Ақ халатты абзал жандардың айтуынша, бір айдың ішінде 168 ана босанады екен. Ал күніне 5-6 нәресте өмірге келеді. «ЭКО» арқылы 13 бала туса, 17 ана кесарь тілігімен босанған. Әрине, мұның астарында болашақ ана мен шыр етіп дүниеге келер сәбидің денсаулығы үшін күрескен дәрігерлердің орасан зор еңбегі жатқаны анық.
Біз осыған орай жүктілікті жоспарлау, жүктілік кезіндегі ағзада болатын өзгерістер, әйелдерге берілетін кеңестер, жүктілік асқынулары мен жиі кездесетін аурулардың алдын алу және басқа да маңызды жиі қойылатын сауалдар төңірегінде аудандық емхананың акушері Ақкенже Өтешовамен әңгімелескен едік. Ол маман ретінде әрбір әйел өзіне және дүниеге әкелетін нәрестенің денсаулығына толық жа- уапты болатынын нықтап айтты. Сол себептен де жүктілік анықталған сәттен бастап, болашақ аналардың салауатты өмір салтын ұстанғаны жөн. Оның ішіне еңбекпен бірге уақтылы демалу және тамақтану кіреді. Ал жүктілікті жоспарлау дені сау ұрпақ туылуы үшін диагностикалық, профилактикалық, емдік кешен жүргізу болып табылады.
-Бүгінде заманауи жүктілікті жоспарлау үш бөлімнен тұрады. Біріншісі - жас жұбайлардың репродуктивті денсаулығын пери- концепционды бағалау. Ол дегеніміз - медико-генетикалық кеңес, баланың туа пайда болған аномалиялардың болмауын бағалайды. Және де клиникалық тексерілу міндетті түрде диагностикалық урогенитальды және TORCH-инфекция, әйелдің соматикалық статусын бағалау, денсаулықты коррекция жасау, инфекция ошағын санация жасау. Ал екінші бөлім – жүкті болмай тұрып кем дегенде 3 ай жүргізіледі. Дәрумен-минералды кешенінің қоспасында фолий қышқылы, йод, антиоксидант- тар болады. Бұл заттар балада туа пайда болатын ақаулардың болу қаупін біршама төмендетеді. Үшіншісінде – жүктілікті ерте диагностикалау, жүктілік кезінде болатын асқынулардың, қауіп факторларының ерте диагностикасы және профилактика шаралары жүргізіледі, – деді акушер.
Дәрігер өмірге бала әкелмес бұрын болашақ әке мен анаға үлкен дайындықтан өтуге кеңес береді. Өйткені, сәби сүю - отбасы беріктігінің кепілі ғана емес, ол өмір сүруге, бақытты бала атануға құқылы кішкентай адамның келгендігінің белгісі.
-Дүниеге дені сау нәресте келуі үшін ата-анасының денсаулығы мен бала көтерудегі жас ерекшеліктері маңызды. Мәселен, 40 жаста босанған әйел мен 25 жаста жеңілденген келіншектің арасында үлкен айырмашылық болады. Себебі, 35-40 жасқа келгенде денсаулықтың өзі сыр бере бастайды. Ол кезеңде жүктіліктің ауыр дәрежеде өту қаупі бар. Сол үшін 25 жасқа дейін бір жүктілік болғаны дұрыс. Және баланы емізу бұл – сүт безі обырының алдын алады. Жас ерекшеліктері бойынша жүктілік жеңіл өту үшін дәрігерлер 19 және 35 жас аралығында жүкті болуды ұсынады, – дейді дәрігер.
Жүктілік анықталғанда дер кезінде есепке тіркелуге, кешенді түрде дәрумен қолдануға, дұрыс тамақтануға, дәрі-дәрмектерді дәрігер рұқсатынсыз қабылдамауға, зиянды әрекеттер, соның ішінде шылым шегу, алкоголь өнімдерін пайдаланудан аулақ болуға, уақтылы күніне 8-9 сағат ұйықтауға және таза ауада серуендеп, психоэмоциональды жүктемеден аулақ болуға шақырады. Сонымен бірге, жүктілікті жоспарлау кем дегенде 3 ай бұрын жоспарлағаны дұрыс деп есептейді. Және де ең бастысы - жүктілік кезінде дәрігер-гинекологтың кеңестерін мұқият орындауы қажет деп отыр дәрігерлер.
Ауданның медицина саласында күрмеуі шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, маман тапшылығы қатты сезіледі. Соның ішінде акушер- гинеколог дәрігері ауадай қажет. Маман жетіспегендіктен, дәрігерлер екі ауысыммен жұмыс істейді. Кешкі уақытта перзентханада аналарды босандырса, күндізгі мезгілде жүкті әйелдердің денсаулығын тексеріп, кеңес береді.
Бұдан бөлек, 3Д ультрадыбыстық УЗИ аппараты жеткіліксіз. Соның салдарынан жүкті әйелдер Атырау қаласына қатынайды. Ал, мұны бірінің қалтасы көтерсе, өзгесінің көтермейтіні жасырын емес. «Бұл бір жылда емес, бірнеше жыл бойы қордаланған мәселе. Бірақ шешу жолдары қарастырылуда. Қалай болғанда да біз медициналық қызмет көрсетуді үзбейміз, қол қусырып қарап отыра алмаймыз» - дейді дәрігерлер.
Айнұр МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ