Арақ, темекі, есірткі – адамзаттың қас жауы

Әлемді жайлаған нашақорлық дерті, ішімдікке салыну біздің де елімізде тамырын кеңге жайып барады. Ішімдік ішу, темекі шегумен күресу - адамзат ұрпағының бүгінгі таңдағы көкейкесті басты мәселелерінің біріне айналды. Себебі, жасөспірімдер аса еліктегіш келеді. «Бір рет қолдансам ештеңе етпейді ғой» деген оймен, оған соңында қалай тәуелді болып қалғанын сезбей де қалатынын айтады мамандар. Міне, ішімдікке, есірткіге тәуелді болу деген осы. Иә, есірткінің әсерінен мемлекет ішінде көптеген қылмыстар орын алуы мүмкін. Оларға парақорлық, құмарлық, зорлық-зомбылық, адам өлтіру, суицид және тағы басқалары жатады. Осы орайда аудандық орталық емхананың нарколог дәрігері Зарипа Мусина зиянды заттарға тәуелділік, онымен күресу, одан сақтану, адамзат бойын есірткіден аулақ ұстау, салауатты өмір салтын ұстану туралы маңызды әңгімесімен бөлісіп, оқырмандар үшін арнайы сұхбат берген еді.

- Зарипа Шамшадинқызы, аудан бойынша есірткі заттарын, ішімдікті қолданатын қанша науқас есепте тұр?

- Қазір ауданда наркологиялық диспансерлік есепте тіркеуде тұрған науқастардың саны – 128 адам, оның 79-ы – маскүнем, 49-ы – нашақор.

- Ішімдікке кімдер көбірек тәуелді? Ерлер ме, әлде әйелдер ме?

- Қазіргі таңда жаман әдетке үйір болып, ішімдіктің кесірінен шынайы өмірден безіп кетпекші болатындар өте көп. Сондықтан да ішімдік тұтынатын ер адамдар көп пе, әлде әйелдер ме, ол маңызды емес, өйткені маскүнемдік жынысқа қарамайды. Дегенмен де ер адамдардың саны басымырақ, алайда өткен жылдармен салыстырғанда әйелдердің саны да артып келеді.

- Ішімдік пен темекіге тәуелділік денсаулыққа өте зиян екенін естиміз. Сол қаншалықты зиян? Осы жөнінде оқырмандарға түсіндіріп өтіңізші.

-Ішімдік пен темекіге тәуелділік ағзаға үлкен зардабын тигізеді. Яғни, ішімдік бүкіл ағзаны улап, әрбір жасушаға зиянын тигізеді. Мысалы, 50 немесе 100 грамдық спирттік ішімдікті ішіп алса, 10-12 секундтан кейін оның әсерін сезе бастайды. Ол асқазанға түсіп, қанға сіңіп, қан арқылы барлық ағзаға тасымалданады. Ең бірінші кезекте бауырға әсер етеді, өйткені ол алкогольді зарарсыздандыруға бар күшін салады. Сонан соң бүйрек, орталық жүйке, ми, жүрек қан тамырлары жүйесіне барады. Бұл жерде қан тамырларының жүйесі қатты зақымдалатынын айта кеткен жөн. Егер бұл жүйенің қызметі нашарласа, онда бүкіл ағзаның қызметі де бұзылады. Тіпті, ішімдікті шамадан тыс ішудің соңы өліммен аяқталатын жағдайлар аз емес.

Темекіге тәуелділік туралы айтатын болсақ, жалпы темекі адам ағзасына түскен сәттен бастап адамда соны үнемі қалап тұратын тәуелділік пайда болады. Темекі адамның тек өкпесін, бауырын, тыныс алу жолдарын ғана емес, оның санасын да едәуір улайды. Сондай-ақ темекіге үйір адамның ішкілікке, нашақорлыққа да әуес болуы ғажап емес. Темекі шегу барысында оның жартысы жанып кетеді, жұтылатын түтіннің құрамында 30-дан астам химиялық зат бар. Яғни, никотин, көміртек тотығы, көмірқышқыл газы, синил қышқылының бөліктері, аммиак және басқа да сол сияқты химиялық элементтер жетерлік. Оның ішіндегі ең улысы – никотин. Оның уы ағзаға еніп, әуелі тітіркендіреді, содан соң жүйке жүйесіне әсер етеді, қан тамырлары тарылып, сілекейлі қабаты зақымданады. Бір темекінің құрамындағы никотинді қанға енгізсе, ол адамның өліміне әкелуі мүмкін. Темекі түтінінің құрамындағы химиялық заттардың әсерінен ағзада алуан түрлі аурулар пайда болады. Ол - онкологиялық, жүрек тамырлары, атеросклероз, бүйрек, әйелдердің бедеулігі мен жүктілікке әсері, қант диабеті, ауыз қуысы, инфекциялар, т.т.

- Медициналық көзбен қарайтын болсақ, адам не үшін ішімдікке, темекі мен есірткіге әуес болады?

- Ішімдіктің адам ағзасына, өміріне зияны туралы айтып тауысу мүмкін емес. Денсаулығын айтпаған күннің өзінде ішімдікке әуес адам қоғамда да өз орнын жоғалтады. Отбасының жылуынан, қызметінің берекесінен, ел алдындағы абыройынан айырылады. Көпшілігі ауруға шалдығады. Ішімдікке әуестіктің көп тараған себептерінің ішінде әуесқойлық, жаңа әсерге құштарлық, еліктеуге ұмтылу болса, есірткіні көбінесе адамдар эйфориялық әсерге жету үшін қолданып жатады. Бір-екі рет қолданған соң ол үйреншікті болып, сол заттарды тұтынатын достарды табуға ұмтылады. Стресс, жұмыстағы қиындықтар, қаржылық проблемаларды ұмыту үшін одан да көп мөлшерде қолдануға әкеп соқтырады. Есірткі заттарына тәуелділік дамыған кезде, бір сәттік эйфория үшін денсаулықты, өз келешегін жоғалтуға дейін көз жұма қарайтыны өте өкінішті-ақ, әрине. Егер адам, әсіресе жасөспірім темекі шегетін ортада жүрсе, ол әлдеқайда қауіпті.

- Жалпы нашақорлық тұқым қуалауы мүмкін бе? Және есірткі шегу болашақ ұрпағының денсаулығына зиянын тигізе ме?

-Жалпы жер бетінде тіршіліктің пайда болуы мен дамуында тұқым қуалаушылық шешуші рөл атқарады. Өйткені эволюция барысында қалыптасқан тіршілікке қажетті жаңа белгілер мен басқа да өзгерістер осы тұқым қуалаушылыққа байланысты ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Нашақорлықтың адам өміріне қауіпті екені айтылып келеді, сондықтан оның тұқым қуалау қасиеттері де бар екенін ұмытпау керек. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, нашақорлықпен ауырған адамнан туылған балалар, дені сау ата-ананың бүлдіршініне қарағанда сегіз есе жиі осы дертпен туылады екен. Яғни нашақорлықтың тұқым қуалаушылыққа әсері бар деген сөз. Есірткінің әсері күрделі, түсініксіз және толық зерттелмеген. Бірақ бұл жағдайда не болады және келесі ұрпаққа қалай әсер ететінін дәл айту қиын.

- Тәуелділіктен арылу мүмкін бе?

-Қазіргі қоғамда тәуелділіктің түрлері жыл санап артып барады. Ғасыр індеті болып отырған нашақорлық пен ішімдікке, темекіге тәуелділікті былай қойғанда ғаламторға, смартфондарға, пластикалық ота жасатуға, тамаққа, басқа да тәуелділіктер келіп қосылуда. Осы бір дерттерден қалай құтылуға болады? Мұның себебі - ауруда, мейлі ол қандай ауру болсын, тәуелділіктің нақты себебі сол кеселде. Адам баласы ол тәуелділіктерді қажет болғаннан жасамайды, іштегі қайғы-мұңнан арылу үшін, оны тұншықтыру үшін жасайды. Тәуелділік - бұл адамның бір нәрсеге күшті тартымдылығын сезінетін жағдай. Уақыт өте келе қызығушылық өмірдің негізгі мәніне айналады, отбасы мен жұмысты қоса алғанда, басқа нәрселерді екінші жоспарға ығыстырады. Ал қызығушылық әртүрлі құбылыстарға, заттарға, мысалы, алкогольге, есірткіге, никотинге және компьютерлік ойындарға қатысты болуы мүмкін.

- Жалпы тәуелділікпен қалай күресуге болады?

- Алғашқы кезеңдерде мына әрекеттерді орындаса, патологиядан тез құтылуға болады. Біріншіден, өзіңізге пайдалы әрекеттерді табыңыз. Маскүнемдік, шылым шегу және басқа да тәуелділіктер көбінесе бос жүрістің салдарынан пайда болады. Тәуелді адамдармен араласпаңыз. Бұл жаман әдеттен тез арылуға көмектеседі. Сонымен қатар, спортпен айналысу, дене шынықтыру - алкогольмен, никотинмен және тәуелділіктің басқа түрлерімен күресудің ең жақсы әдістерінің бірі.

- Сіздің тәжірибеңізде ішімдік пен темекіқұмарлықтан, нашақорлықтан арылып, салауатты өмірге оралғандар бар ма? Сіздер арақ пен шылым, есірткіге тәуелді болған пациенттерге қандай көмек көрсетесіздер?

-Кәсіби маман ретінде айтарым, осы кеселдердің себебі әртүрлі жағдайға байланысты болып жатады. Біріншіден, тәрбиеге, содан кейін адамдардың өздерінің сана-сезіміне қатысты деп ойлаймын. Адам баласы дүниеге келгенде нашақор немесе маскүнем болып туылмайтыны белгілі ғой. Сондықтан бұл қоғамға да, жүрген ортасына да байланысты. Болашақ ұрпағымызды нашақорлық пен маскүнемдік зардабынан сақтау үшін есірткі мен спирттік ішімдіктердің зияндылығы туралы үгіт-насихат жұмыстары, ең бірінші, жанұядан бастап түсіндірілсе, одан әрі мектепте ұстаз болып, жалпы қоғам болып, бірге жұмыс жүргізуіміз қажет. Наркологиялық белгімен ауруханаға келіп түсетін адамдардың, алдымен, диагнозы анықталады. Егер де ол наркологиялық науқас болып табылса, симптоматикалық емдері көрсетіліп, дер кезінде облыстық психикалық денсаулық орталығына шұғыл түрде жеткізіледі. Неге десеңіз, наркологиялық науқастар арнаулы емдеу мекемелерінде түпкілікті емделуді қажет етеді. Сонымен қатар, емханада диспансерлік есепте тіркеуде тұрған науқастар туыстарының полиция бөліміне жазған арызы бойынша емханадан медициналық комиссиядан өткізіліп, соттың шешімімен еріксіз емдету үшін арнаулы психикалық емдеу-сауықтыру орталығына мәжбүрлеп жіберіледі. Әрмен қарай сүйемелдеуші емдерін жалғастырады. Айта кететін жайт, пациенттеріміздің арасында толыққанды ем-домын алып, салауатты өмір жолын жалғастырып жатқандары да аз емес.

- Нашақорлық ғаламдық проблема екені сөзсіз. Нашақорлықтан толықтай емделіп шығу мүмкін бе?

- Нашақорлық – қазіргі таңда Қазақстанда ғана емес, әлемдегі ең үлкен, жаһандық проблема. Егер ол адамның ниеті болса, одан емделіп шығуға ұмтылады, ниеті болмаса қанша қуаласаң да емдеу мүмкін емес. Нашақорлықтың жазылмайтын дерт екені көп жағдайда айтылып жатады. Шынында да, тәуелділіктің бұл түрі қайталанатын сипатта болады. Бірақ жоғары сапалы емдеу адамды зиянды құмарлықтан арылтып, оны қалыпты өмірге қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл бірнеше кезеңнен тұратын күрделі процесс, олардың әрқайсысы күтілетін нәтижені алу үшін маңызды. Әрине, нарколог мамандардың алдында ауыр міндет тұр. Олар науқасты есірткілік допингтен шығарып, құштарлығын жеңілдетіп, бұрынғы нашақордың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасауы керек. Мақсатқа жету – емдеудің әр кезеңінде тиімді әдістерді пайдалана отырып, сапалы жүзеге асырғанда ғана мүмкін болады.

- Қазіргі таңда сәнге айналған электронды темекі, буландырғыш немесе вейп дейміз, солардың кәдімгі темекіден айырмашылығы бар ма?

- Электрондық темекі, бу генераторы, буландырғыш немесе вейп – темекінің орнына арнайы сұйықтық картридждерін қолданатын электронды құрылғы. Темекі шегу процесінде сұйықтық қызады, ал темекі шегетін адам оның буын жұтады. Вейп темекіге тәуелді адамдардың зиянды әдетін тастауға көмектеседі дегенді жиі естиміз. Өндірушілер электронды темекінің түтіні қауіпсіз екенін, ал құрамындағы заттар тәуелділік туғызбайтынын айтады. Алайда, қазірдің өзінде құрамында канцерогендер бар бу организм үшін өте қауіпті екені белгілі болды. Улы заттардың әсері астма, пневмония, жүрек-қан тамырлары ауруларының өршуіне әкелуі мүмкін. Кәдімгі темекіде түтінмен дем алса, электронды буландырғыштарды шегу кезінде адам бумен тыныстайды. Будың құрамындағы заттардың бір бөлігі өкпеге енеді, ал қалғаны қоршаған ортаны ластайды. Осының әсерінен оттегі жетіспеушілігі пайда болады және дененің қартаю процесі жеделдейді. Дәрігерлер ұзақ уақыт бойы хош иістендіргішті вейп шегу өкпенің жасушалық деңгейде бұзылуына әкеп соқтыруы мүмкін екенін ескертеді. Ал өндірушілер көбінесе табиғи никотинді химиялық затпен алмастырады, бұл әдеттегі темекіге қарағанда ағзаға одан да үлкен қауіп төндіреді. Қан тамырлары ауруларының өршуіне алып келуі мүмкін. Темекі шегудің қауіпсіз түрі жоқ. Классикалық темекі де, электронды темекі де - денсаулыққа зиян.

- Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Перизат ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT