АНАНЫҢ АМАНДЫҒЫ, СӘБИДІҢ САУЛЫҒЫ МАҢЫЗДЫ

Жақында облыс әкімі Серік Шәпкенов Шоқпартоғай ауылдық округінде аудан тұрғындарымен кездескені белгілі. Міне, осы алқалы жиында әйел-аналар ауданда ультрадыбыстық зерттеу қондырғысына уақытылы түсе алмайтынын, жас босанатын келіншектерді дәрігерлер Атырау қаласындағы жеке клиникадан тексерілуге жолдайтынын айтып шағымданған еді. Ал бұған жүкті әйелдердің барлығының бірдей қалтасы көтермейтіні анық. Осыған орай, Серік Жамбылұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына мәселенің мән-жайын анықтауды тапсырған еді.

 Расында да, соңғы уақытта көптеген әйелдерден, болашақ жас аналардан «аудандық орталық ауруханадағы УДЗ аппаратына түсудің өзі үлкен мәселеге айналып отырғанын» естіп жүрміз. Әсіресе, ауылдық округте тұратын жүкті әйелдердің УДЗ-ға түсу үшін Құлсарыдағы орталық емханаға бірнеше күн бұрын кезекке тұрады-мыс, тіпті сол үшін Атырау қаласына арнайы барып, бір рет түсетін УДЗ-ға өз қалтасынан 13 мың теңге төлеп түсуге тура келеді екен. Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін біз ауданның бас дәрігері Асулан Абдрахмановпен тілдескен едік.

 -Жалпы УДЗ туралы айтатын болсам, оның класс бойынша бірнеше түрі болады. Біздің аудандағы аурухана болсын, емхана болсын, ондағы УДЗ қондығылары «Самсунг» фирмасынан шыққан, яғни, жаңа түрлері. Онымен мамандар пациенттің ішкі құрылысын, жүрегін, сондай-ақ, жүкті әйелдерді тексере алады. Бірақ, біздің болашақ аналарымыз баланың бет-әлпетін анық көрсететін «3Д» деп аталатын түріне түскісі келеді. Оны «экспертный класс» дейміз. Өкінішке орай, бұл түрі қазіргі таңда бізде жоқ. Ал «Атырауға не үшін барады?» деген сұрағыңызға келсек, жүкті әйелдер босанғанға дейін 3 рет скринингтен өтуі тиіс. Бірінші триместр бойынша әйелдеріміз ауданнан міндетті скиринингтен өткенде, емханадағы УДЗ қондырғысына түсе алады. Ал жүктіліктің екінші триместрінде, яғни 19-21 апта болғанда, міндетті түрде, облыс орталығына барып скринингтен өтеді. Бұл – арнайы министрліктен бекітіліп шығарылған бұйрық. Осыны көпшілік түсінбей жүр. Сол сәтте болашақ аналар ақысына Атыраудағы «3Д» аппаратқа түсіп жатады. Тіпті бізде жаңағы айтқандай, іштегі баланың бет-әлпетін анық көрсететін «экспертный класс» түрі болса да, жүкті әйел бәрібір Атырау қаласына баруға міндетті болады. Бұл тек осы 2-ші триместр кезінде ғана. Ал жүктіліктің 30-32 апталық мерзімінде өтетін үшінші скрининг кезінде өзімізде бар УДЗ-ға түсе береді. Жалпы аппаратқа түсіретін мамандар да жеткілікті,-деді А.Абдрахманов.

 Бас дәрігердің сөзіне сенсек, аудандағы жүкті әйелдердің УДЗ қондырғысына уақытылы түсуіне қашан да мүмкіндік бар. Тіпті ауылдық округте тұратындар үшін де ешқандай мәселе жоқ дейді.

Қазіргі таңда ауданымызда жүкті әйелдер есебінде 1049 адам тұр екен. Олар осы УДЗ-дан кем дегенде 2 рет өтіп тұруы тиіс. Өйткені, ананың амандығы мен сәбидің саулығы - басты назарда. Олай болса, ұлт ұрпағының дін аман дүниеге келуі ата-ананың ғана емес, ақ халатты мамандардың да мойнындағы маңызды жауапкершілік.

Перизат ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

Whatsapp:  +77017650876

Әлеуметтік желілеріміз