Ана болу – зор жауапкершілік

Ана атанып, өмірге сәби әкелу асқан жауапкершілікті талап етеді. Ол үшін кез келген келіншек жүктілікке дейін де, жүктілік уақытында да және кейін де мұқият дайын болуы керек. Ол үшін әр әйел өз денсаулығына баса мән беріп, саулығын сақтауға қазірден кірісуі тиіс. Өйткені, сау анадан ғана сау бала туылатыны белгілі.

Әрине, өмірге ұрпақ әкелу міндеті ананың ғана мойнында емес, оған әкелер де, отбасының өзге мүшелері де бір кісідей дайын болуы қажет. Міне, осы мақсатты көздеген қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы «Салауатты ана болу: үйде отырып қауіпті азайтамыз» жобасының алғашқы тренингін Жылыойда өткізді. Жоба «Теңізшевройл» ЖШС-ның «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асты.

Жоба аясында ауданның 15 медицина қызметкері босануға дайындық мектебінен өтіп, білім мен дағдыларды меңгерді. Олардың арасында жалпы практикалық дәрігерлер, акушер-гинекологтар, мейіргерлер бар. Қатысушыларға елімізге белгілі дәрігерлер – Г.Гребенникова, Л.Баймұрзаева, И.Копобаева және И.Сүгіровалар дәріс өткізді.

Жаттықтырушылар жүкті әйелдерге медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған және Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы ұсынған өзекті жаңалықтар мен инновациялар туралы айтып берді. Дәріс барысында қатысушы медицина қызметкерлері науқастар мен олардың отбасы мүшелеріне кеңес беру және оқыту, жүктілік кезіндегі оңтайлы тамақтану режимін анықтауға көмектесу, жаттығулар мен релаксация әдістерін қолдануды үйренді. Одан бөлек, ерлі-зайыптыларға кеңес бере отырып, перзентханаға бару уақытын анықтауға, босану кезінде серіктес пен медицина қызметкерлерінің рөлін түсінуге көмек беруді меңгерді.

Сондай-ақ, қатысушы дәрігерлер босану кезінде дәрі-дәрмексіз ауырсынуды басу техникасын, қозғалыс пен позицияны таңдау, толғақты жеңілдететін техникалар төңірегінде жаттықтырушыларға сауалдар қойды. Тақырыптың басқа да өзекті аспектілері жаңа туған нәрестеге күтім жасау, тамақтандыру, емізу және босанғаннан кейінгі контрацепцияға қатысты болды. Тренинг соңында босануға дайындық мектебін ұйымдастыруды жоспарлау бойынша топтық презентациялар өткізілді.

Айта кетейік, алдағы уақытта жоба аясында МСАК базасында Атырау және Құлсары қалаларында босануға дайындық бойынша үш мектеп құрылатын болады. Оның қызметкерлері ретінде жергілікті медицина қызметкерлері алдын ала дайындалады. Болашақ аналарға көмек көрсетіп, кеңестер беру үшін 30-дан астам адам оқытылады. Бұл мектептерге патологиясына, жасына және босану санына қарамастан, барлық жүкті әйелдер қатыса алады.

Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT