Бүгін Атырау қаласына қарасты Алмалы және Береке ауылдарында заманауи үлгідегі жаңа дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. Бұл нысандар – тұрғындармен кездесулерде жиі көтерілген өзекті мәселенің нақты шешімі.
Салтанатты ашылу рәсімінде Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін ауыл халқын маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуымен құттықтап, бұл бастаманың ел денсаулығын нығайту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
-Жаңа жанұялық амбулаториялар – халықтың көптен күткен арманы. Тұрғындармен әр кездесуде бұл мәселе көтеріліп келді. Халықтың саулығы – басты байлық. Сондықтан алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуы – біздің негізгі міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, — деді қала әкімі.
Жаңа амбулаториялар медициналық көмекті уақытылы әрі сапалы алуға мүмкіндік береді. Мұнда дәрігерлік қабылдау, профилактикалық тексерулер, ана мен бала денсаулығын бақылау, вакцинация және жедел көмек көрсету қызметтері қарастырылған. Амбулаториялар тәулігіне 25 науқас қабылдауға қауқарлы.
Өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соңғы жылдары ондаған медициналық нысан пайдалануға беріліп, халыққа көрсетілетін қызметтің сапасы мен қолжетімділігі артып келеді. Бұл – мемлекет пен жергілікті биліктің тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмысының айқын көрінісі. Мәселен, 2023 жылы облыс бойынша 10 медициналық нысан пайдалануға берілді.
Олардың қатарында “Береке” шағынауданындағы амбулатория, Махамбет, Жылыой, Құрманғазы және Қызылқоға аудандарындағы медициналық пункттер мен ауруханалар бар. Соның үшеуі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асырылды.
Облыста 2024 жылы тағы 17 медициналық нысан ел игілігіне берілді. Ұлттық жоба шеңберінде жоспарланған 15 нысанның 10-ы толық аяқталып, қалған 5 нысан биыл пайдалануға берілді.
Қазір аймақта ауқымды құрылыс жобалары жалғасуда. Атырау қаласының «Нұрсая» және «Өркен» шағынаудандарында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емханалар, үш қосалқы станциясы бар жедел медициналық жәрдем станциялары, облыстық онкологиялық диспансер жанындағы радиологиялық корпус, сондай-ақ Алмалы мен Береке ауылдарындағы жаңа амбулаториялар бой көтеруде.
Бұдан бөлек жаңа онкологиялық диспансер, психикалық денсаулық орталығы, облыстық аурухана, перинаталдық орталық, көпбейінді балалар ауруханасы, оңалту орталықтары мен ауылдық амбулаториялар желісін дамытуға арналған бірқатар стратегиялық нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ



