Қашанда қонақжай, кең пейілді Жылыой жұртшылығы дәрігер қызын құшақ жая қарсы алды.
Дүние жүзін дүрліктірген пандемия өршіп тұрған уақытта бүкіл ел дәрігерлерге арқа сүйегені анық. Қарусыз майданның алдыңғы шебінде жүрген сондай ақ халатты абзал жандардың бірі - Светлана Ділімбетова. Негізгі мамандығы педиатр, қазір жалпы тәжірибелік маман ретінде Құлсары қаласындағы 5-ықшамауданы мен 8-учаске тұрғындарының учаскелік дәрігері қызметін атқарады. Бұрыннан орталық ауруханада да кезекші дәрігер міндетін атқаратын ол кешегі қиын-қыстау уақытта уақытпен санаспай еңбек етіп, қауіпті кеселдің бетін қайтаруға бар күш-жігерін жұмсады.
...Ол жас кезінен балаларды жақсы көретін. Әсіресе бүлдіршіндермен жұмыс жасағанды қатты ұнатты. Сондықтан да болар мектеп бітіре сала бала дәрігері болуды армандап, педиатр мамандығын таңдады. Алтын ұядан қанат қаққан құрбыларымен бірге өзі туып-өскен Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нөкіс қаласына аттанды. Ташкент филиалы ретінде ашылғанына бір жыл болған медициналық институтқа оқуға түсіп, арманының алғашқы асуынан асты. Қиялы ұшқыр қызды сол кезде қаншама биік белестер шақырып тұрды десеңізші?!
Институт қабырғасында білім алған үш жылдан кейін ол Нөкіс қаласындағы республикалық ауруханада мейірбике болып еңбек етті. 1998 жылы қолына дәрігер мамандығын меңгергенін растайтын «қатырма қағаз» алған Светлана Арыстанбайқызы өзінің туған жері Кегейлі ауданында бес жылға тарта жұмыс жасады. Аз ғана уақыт ішінде жаңадан келген ақ халатты абзал жан ауылдастарының құрметіне бөленді. Өйткені бұл уақытта тұрмысқа шығып, өзі де ана болып үлгерген жас маманның балаларға деген сүйіспеншілік сезімі тереңдей түскен еді. Атамекенін аңсаған қандастарымызбен бірге Светлана да 2004 жылдың қыркүйегінде Құлсары қаласына көшіп келді.
Қашанда қонақжай, кең пейілді Жылыой жұртшылығы дәрігер қызын құшақ жая қарсы алды. Аудандық орталық аурухананың емхана бөлімшесіне қызметке орналасып, педиатр ретінде жылыойлық балалардың денсаулығын күзетті. Ол сол кезден өзі қамтыған көпқабатты 5 – ықшамауданының учаскелік бала дәрігері болып еңбек етіп қана қойған жоқ, қажет кезінде өзге де учаскелерді қамтыды. Қосымша аудандық ауруханада кезекші дәрігер қызметін атқарады. -Ол өте мейірімді, алдына келген кез келген науқастың тілін таба алады.
Сырқаттанған жанға дәрігерден керегі, ең алдымен, жанына жақын жылы сөз, мейірімділік болса, Светлана апайда сондай асыл қасиеттің барлығы да бар. Әсіресе бала науқастанып келсе, оның да жүрегі аналармен бірге ауырады. Ол үшін қолынан келген емнің барлығын жасап, ел ертеңі әбден сауығып кеткенше қадағалап, үнемі бақылауында ұстайды, - дейді оның емінің шипасын көрген тұрғындар. Әрине, ақ халатты абзал жан ретінде ұзақ жылғы еңбегі үшін ол басшылықтың көптеген Құрмет грамотасы мен алғысхаттарымен марапатталды. Бірақ Светлана Арыстанбайқызы үшін ең басты марапат ол – халқының арқалатқан алғысы.
Г.Әбілхайырова,
Құлсары қаласы