Аймақта алдағы үш жылда 60-қа жуық медициналық нысан салынады

Өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының инфраструктурасын дамыту мақсатында қарқынды жұмыстар жүруде. Бұл ретте қала мен аудандарда аталған саланың қызмет сапасын арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Ауылдық медицинаны жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 15 ауылдық елді-мекенде медициналық ұйымдардың жаңа ғимараты, оның ішінде 9 медициналық, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 дәрігерлік амбулатория салыну жоспарлануда. Сондай-ақ, қазіргі уақытта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына сәйкес, 15 медициналық нысанды салу іске асырылуда. Олар Құрманғазы, Қызылқоғада, Индер, Исатай аудандарында жүргізілуде. Мекемелердің құрылысы осы жылы аяқталады.

Қайсар Абдалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта Атырау облысында 11 нысанның құрылысы жүруде. Қолданысқа берілетін мұндай заманауи нысандар облыста күннен-күнге саны артып жатқан халықтың медициналық көмек алуын жеңілдетеді.

-Атырау қаласы Жұлдыз ықшамауданы мен Амангелді ауылынан дәрігерлік амбулатория, Нұрсая, Өркен шағынаудандарында емхана, қалада үш подстанциясымен қоса жедел жәрдем стансасы, онкологиялық дипансердің радиологиялық корпусы, Жылыой ауданының Қарағай, Махамбет ауданының Аққайың ауылында медициналық пункт, Исатай ауданында Өркен фельдшерлік-акушердік пункті, Құрманғазы ауданының Сүйіндік, Балқұдық ауылдарынан дәрігерлік амбулатория салынуда. Сондай-ақ, Қайыршақты ауылдық округінде халық санының өсуіне байланысты Талғайраң селосында емхана салуды көздеп отырмыз. Атырау облыстық онкология диспансерінің қазіргі ғимараты бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынады. Тамыз айында жобалық-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамаға жолданып, келер жылы құрылысы басталады,-деді Қ.Абдалиев.

Бұл жаңа нысандарда кадр жетіспеушілігін болдырмау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірнеше бағдарламасы бар. Олар: бір жолғы әлеуметтік өтемақы және қызметтік пәтер беру. Жобаларға қызығушылық танытқан 150-ге жуық маман өзге өңірлерден келеді деп болжануда.

Айта кетейік, «Ауылдық медицинаны жаңғырту» жоба аясында үш нысан 2023 жылы қолданысқа берілді. Олар Махамбет ауданы Талдыкөл ауданындағы фельдшерлік-акушерлік, Құрманғазы ауданы Шағырлы және Алтыншы ауылындағы медициналық пункттер.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521