Өздеріңізге белгілі, 2024 жылдың қазан айынан бастап 11 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы жаппай екпе салу жұмыстары басталды. Және 12 жастан 13 жасқа дейінгі қыздарға арналған толықтыра иммундау жүргізілуде. Ең алдымен АПВ-ның адам денсаулығына қаупі мен оның алдын алудың маңыздылығына тоқталып өтсек. Жатыр мойны обыры жылына 340 000-нан астам әйелдің өмірін қиятын, әлемдегі ең көп таралған, өлім-жітім бойынша 4-ші онкологиялық ауру.
Қазақстан Республикасында жатыр мойны обыры әйелдердегі барлық қатерлі ісіктердің ішінде екінші орында тұр. Елімізде жыл сайын 1600 жағдай анықталса, 500 әйел осы патологиядан қайтыс болады. Бұл дегеніміз күніне 2 әйел көз жұмады деген сөз. Демек АПВ-ға қарсы вакцинация онкологиялық аурулардың 82 %-ын құрайтын жатыр мойны обырының алдын алу жолы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) АПВ вакциналарын барлық ұлттық иммундау бағдарламасына енгізуді және 2030 жылға қарай 15 жасқа толғанға дейін барлық қыздардың 90 %-ы вакцинамен қамтылу қажеттігін ұсынған. Ағымдағы жылдың ақпан айында АПВ-ға қарсы егудің тиімділігі мен аурудың ауыртпалығын ескере отырып, АПВ-ға қарсы вакцина Қазақстанның Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне енгізілді, осылайша біз АПВ-ға қарсы иммундау бағдарламасы жоспарлы негізде енгізілген әлемнің 135 елінің қатарына ендік. АПВ-ға қарсы вакцинаның құрамында тірі вирустар жоқ, иммунитетті белсендіретін және ешқандай ауру тудырмайтын вирустың жеке ақуыздары қолданылады.
Вакцинация үшін қолданылатын АПВ-ға қарсы төрт валентті «Гардасил» вакцинасын ДДҰ ұсынған және сертификаттаған, ол қауіпсіз және тиімді, сараптаманың барлық сатыларынан және Қазақстанда тіркеуден өткен. Қолданылатын төрт валентті вакцинаны әлемнің жүздеген астам елі тәжірибеден өткізген, ДДҰ тарапынан қабылданған денсаулыққа ешқандай кері әсері жоқ, қауіпсіз екпе болып табылады. Иммундауды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге лицензиясы бар заңды тұлғалар жүргізеді. Қазақстанда екпелер мектептердің медициналық кабинетінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Ата-аналардың өтініші бойынша вакцинациялау тұрғылықты тіркелген мекен-жайы бойынша емханаларда да жүргізілетін болады. Балаларды вакцинациялау ата-аналарының ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі. Бүгінгі күні ауданда барлығы 193 қыз бала екпе алып отыр, оның 115-і 11 жас, ал қалған 78-і 12-13 жастағы балалар. Екпе алғандар арасында ешқандай кері әсері тіркелген жоқ. Ал ауданда вакцина қоры жеткілікті, 461 доза вакцина қалды.