Медициналық қызметкерлер күні отандастарымыздың өмірін және денсаулығын сақтау ісіне бар ғұмырын арнаған адамдардың мерекесі ретінде дәстүрлі тойланады.
Медициналық қызметкерлер күні – бұл денсаулық сақтау жүйесіндегі дәрігерлерге, мейірбикелер, санитарларға ризашылық білдіру, құрмет көрсету және алғыс айту үшін себеп болатын мейрам делінеді. Іс жүзінде ақ халатты жандар – қайсарлық пен мейірімділіктің , жауапкершілік пен төзімділіктің үлгісі дер едім. Осындай мамандық иелерінің қатарында ауданымызға белгілі дәрігер атанған менің әкем Қаниев Ғапу Қаниұлы да болғанын ерекше мақтанышпен айтамын.
Әкем Ғапу Қаниұлы 1949 жылы Шоқпартоғай ауылындағы қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келді. 1966 жылы Жданов атындағы орта мектепті үздік бітіреді. Ол сол шақта болашақта дәрігер болуды армандайтын. Осы арманы жетелеп, Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түседі.
1972 жылы медицина институтын ойдағыдай бітіргеннен кейін туған жері, сол кездері Ембі деп аталатын ауданына оралады. Жас дипломды маман дәрігер Жылыой аудандық балалар ауруханасында еңбек жолын бастады. Балалар дәрігері болып балалар ауруханасында, бұдан кейін жұқпалы аурулар ауруханасында ұзақ жыл қызмет атқарды. Бүкіл өмірін балалардың денсаулығын қорғауға арнады.
Бүгін Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында әкемді сағынышпен еске аламын. Ол кезінде емдеген, сырқатына араша түскен балалар бүгінде атпал азаматтарға айналды. Талай бүлдіршіннің өмірін аман алып қалуға қосқан үлесі шексіз. Балалар –ел болашағы екенін ескерсек, әкем еліміздің болашағы үшін қызмет еткен екен. Балалар дәрігері, педиатр болу да оңай емес-ті. Сырқаты туралы айта алмайтын балақайлардың ауруын дәл анықтау, емдеп сауықтыру үшін білімді де білікті болу аз, оған қоса мейірбан да болуы керек-ақ. Ал әкем өмірде де ашық-жарқын, еш адамды алалап, жатсынбайтын, жаны жаздай жайдары жан еді. Осы қалпында елінің, өз ұрпақтарының жүрегінде мәңгі сақталатынын айтқым келеді. Оның шәкірттері де көп еді. Дәрігерлер Байсариева Сұлушаш, Изганова Роза, Қалиева Гүлзипа, Тағанбаева Клара, Ізбасова Санен, Жұмашева Гүлфара, Сауырбаева Санбала, Абишева Алмаштарды көрсем олармен әріптес болған әкемнің көзін көргендей толқимын. Мейірбикелер Мусиева Айша, Төленова Оңай, Сүйімбаева Гүлнар, Сисенгалиева Нұржамал, Келдібаева Гүлнар да оны құрметтеп, сыйлайтын. Осынау жандарды медицина қызметкерлері күнімен құттықтап, дендеріне саулық және еңбектері жемісті болуына тілектеспін.
Мен де әке жолын қуып, дәрігер мамандығын таңдадым. Қиындығы мен ізгілігі қатар кәсіпті таңдағаныма өкінбеймін. Адамдарға әкем тәрізді ізгілік шапағатын шашып, дерттеріне дауа, жандарына шипа бола білсем, өз мамандығыма, дәрігерлік антыма деген адалдығымды дәлелдегенім деп түсінемін. Әкем Ғапу Қаниұлы тәрізді елі танитын, қарапайым да қадірлі маман болсам деймін. Адамзат үшін ажалға араша тұрар айбар бола білген дәрігерлер қауымының еңбегі ерекше. Ауруханаларда күні-түні ,бір тыным алмастан, түн ұйқысын бөліп еңбек етіп жүрген ақ желеңді жандар еңбегі осы мерекеде еленеді. Бұл- ақ желеңді мамандық иелерінің мерекесі. Әкетайым да сол желең киген қалпында әркез елінің жадында тұрарына сенемін.
Лаура Ғапуқызы ҚАНИЕВА